АҚСАҚАЛДАР-ДАЛАЛЫҚ ДАНЫШПАНДАР

Медиация деген терминді қазақы түсінікпен қабылдасақ «Ақсақалдар алқасы, Билер кеңесі» деген ұғымға келеді. Осы орайда облыс әкімі А.Көлгінов пен облыстық соттың төрағасы Б.Әметовтің бастамасы ерекше болып отыр. Олай дейтін себебім, ат сүрініп болғанша ақыл тапқан аталарымыз аса бір ауыр қылмыс жасамаса, оны ат құйрығына, түйенің қомына байлап жазалай қоймаған. Аталы сөзбен тоқтатып, дау-дамайды ауыл шекарасынан асырмаған. Қатал деген Құнанбайдың өзі де бұл тұрғыда көп мәселені Сөзбен шешіп отырған. Ал, СӨЗ дегеніміз аса қуатты қару екені белгілі.
Қазіргі алмағайып қоғамда біреу боқтап қойса да, оттап қойса да құлаш-құлаш арыз жазып, сотқа жүгініп жатады. Өздері басқа да қылмыспен милары ашып отырған сот сосын әлгі екі тентектің болар-болмас шағымын қарауға мәжбүр. Бұл орайда жоғарыда айтылып отырған «Ақсақалдар алқасы, билер кеңесі» әр аймақта құрылса қандай ғажап. Мәселенки екі сотқар керілдесіп қалды делік. Сол екеуін әлгі ақсақалдар алқасы шақырып алып «Сенің әкең пәленше еді, Елді аузына қаратқан. Атаң болса түгенше еді, Асыл тектен жаратқан. Мұндай жетесіздік жеті атаңда болмаған» деп тізеге басып отырып, тіпті болмаса айыбыңды шай деп қойын сойғызып, қымызын құйдырып қойып, әлгі дау-шарды шешсе, бұл дегеніңіңз мемлекет шаруасына да көл-көсір пайдасын тигізіп, мехнатын азайтар еді. «Адамды адам сүюді, Ұмытып қалған заманда» деп Есенқұл ағам айтпақшы, техника телміртіп, жаһандану жалмап, әлеуметті желі әбден шырқау шегіне жеткен заманда «Ақсақалдар алқасы, билер кеңесі» бізге керек-ақ.
Осы тұрғыда аймақ басшысы мен облыстық сот төрағасының жасап отырған бастамасына барымызша үн қосып, қолдау білдірсек артық болмас.

Бауыржан Халиолла фб парақшасынан