Ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда

Батысқазақстандық төтеншеліктер халықты төтенше жағдайлардың қауіп-қатері мен туындауы туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде

Бұл туралы облыстық ТЖД-нің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы хабарлады. Халықты төтенше жағдайлар қаупі туралы ақпараттандыру жұмысын жетілдіру мақсатындағы іс-шараларды Төтенше жағдайлар департаменті орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізуде.

Облыс аумағында жыл сайын төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарына сәйкес тұрғындарды ақпараттандыруға және оқытуға қатысты барлық қажетті іс-шаралар көзделеді. Жыл сайын облыстық бюджеттен халықпен ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге қаржы бөлінеді, ағымдағы жылы бұл мақсатқа 1 млн. 529 мың теңге бағытталған. Бүгінгі күні жылыту маусымында халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауына және азаматтарды жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын пайдалану ережелері туралы хабардар етуге қатысты түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Профилактикалық жұмыстарға ТЖД, Полиция департаменті қызметкерлері, волонтерлар, әкімдіктердің, коммуналдық, әлеуметтік қызметтердің және басқа да ұйымдардың қызметкерлері тартылады. Бүгінгі күні өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау бойынша 20 мыңнан астам ұсыныстар мен жадынамалар тапсырылған. Қазіргі өңірдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескерген мамандар бұл жұмыстарды қашықтан әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастыруда. Рейдтік іс-шаралар халықпен қарым-қатынассыз, яғни пәтерлердің немесе үйлердің есіктеріне ақпараттық парақшаларды қалдыру жолымен өткізілуде.

БҚО ТЖ департаменті жыл басынан бері 43 брифинг өткізсе, өрт қауіпсіздігі бойынша 43 әлеуметтік бейнеролик, 3 мультфильм дайындап, 133 өрт қауіпсіздігі бұрышын орнатқан. Түрлі тақырыптар бойынша 12 интерактивті сабақ өткізіліп, 13750 оқушы қамтылған. Медициналық көмек көрсету және карантиндік шаралар мәселелері бойынша кеңес беру үшін ТЖД кезекші қызметінің базасында тәулік бойы Call-орталық жұмыс жасайды.

Облыстағы барлық санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерді сақтай отырып, халықты ақпараттандыру жұмыстары одан әрі жалғасады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы