АННА СНЕГИНА АРАМЫЗДА ЖҮР

Сергей Есенинді оқып өстік. Он алтыға толған балаң шағымызда ауыл кітапханасынан өлеңдерін көріп қап, түсінбесек те көкірекке сыйғызуға тырыстық.
Не жалею, не зову, не плачу,
Все пройдет, как с белых яблонь дым.
Увяданья золотом охваченный,
Я не буду больше молодым, —
деген жолдарды тай үстінде күбірлеп отырып тепсініп, сабаққа барып-қайтатынбыз. «Осының қазақшасы жоқ па екен?» деп те ойлап қоямыз. Бір күні «Жұлдыздан» Қадыр Мырзалиевтің аудармасында «Анна Снегина» деген поэманы көрдім. Қазақша болса да өлең сөзге түсіне алмай қайта-қайта оқыдым. Тіпті, көкіректе жатталып та қалды. Көне Русьтегі Снегин деген помещиктің қызы екі жүздей түтіні бар хуторға келген бір ақынға ғашық болады. Терең түсіне қоймасам да, білгенім – өзгеріске түскен екі өмір – екі қоғам арасындағы мінез-құлық пен сезім суреттеледі. Әсіресе, кінәратсыз әйел болмысын барынша ашып, Қадыр ақын қазақша сөйлеткен.
Он жетіге толып, жер асып Алматыға келдік. Жаңа орта, жаңаша көңіл-күй. Бұл – 1972 жылы 19 облыстан жиналған КазГУ-дің журналистика факультетінің студенттер қауымы. Еркек кіндік көп те, қыздар аз. Елудің тоғызы қыз, қалғаны «сен тұр, мен атайын» едіреңдеген қалам «қайраткерлері». Мектепті медальмен бітірген Әшірбек ғана өзгеше, қалай аспирантураға түсем деп журналистикадан ғылым іздеп жүрген біртүрлі болмыс. «Лениншіл жаста» өлеңдері жарияланып, оқуға ақын боп келген Ұлықбек маған Есенин секілді көрінеді. «Не жалею, не зову, не плачу, Все пройдет, как с белых яблон дым»-ды сол жазғандай болады да тұрады.
Лекция басталды. «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» мені тартпады, түк қызық емес, құрғақ цифр мен қомақты цитат. Профессор Амандосов таяғын иегіне тақап отырып цитатпен адамның ішін кептіреді. Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінен ауысып келген маған сондағы топырақтану мен өсімдік қорғау пәндері әлдеқайда әсерлі көрінді. «Өзім ғой, «СХИ жақтан сақтанып, КазГУ жаққа елеңдеп» (Жарасқанның эпиграммасы), қаңбақтай ұшып-қонып жүрген. Бірінші «парға» қатысып, екіншісінде отырғым келмейді. Онан да «Пушкинге» (Ұлттық кітапхана) барып, газет-журнал ақтарсам, айызым қанады. Комсорг Әшірбектің «қара тізіміне» ілігіп те қалдым. Бірде «Фотодело» деген сабақтың жартысынан кетіп бара жатыр едім, тал бойында бір міні жоқ сүйріктей Райхан: «Қайда кетіп барасың? Алматыға оқу үшін келген жоқсың ба? «Оқу – білім бұлағы, білім –өмір шырағы» емес пе?» деп «мақал – сөздің мәйегін» төгіп-төгіп тастады. Сасып қалдым. «Мынау көз алдымда жүрген Есениннің Анна Снегинасы ғой. Оқи-оқи көккірегімде жатталып қалған:
Снегиндер қақында
Айтып қоймас болар ма?
Келгеніңді жақында
Дүңк еткізгем оларға.
Он жыл – мұның айғағы,
Бізбен тату тұрады.
Анна деген байдағы
Қызы менен сұрады:
Ақын ба, әлгі?
Сол рас!
Ақсары ма?
Дәл өзі.
Бұйра бас па?
Бұйра бас!
Ерекшелеу мінезі.
Қашан келді?
Жақында!
Біледі оның ел атын.
Бір кезде сол ақын да
Маған…
Ғашық болатын… –
деген жолдар көкірегімде күмбірлеп қоя берді. Амал жоқ, кілт бұрылдым. «Мақалды қалай орнын тауып айтады. Дәл бір мұғалім секілді». Сөйтсек, Райхан педучилищені үздік бітіріп, ұстаздықтың негізін қалап келген «сен де бір кірпіш дүниеге»-нің нағыз өзі екен. Оның ұстаздығы осылай мені Әшірбектің «қара тізімінен» құтқарды.
Райхан задында ақ көкірек, бауырмал, үлкендік жолын көрсетіп, кімге де болса «болсын» деп тұратын бірегей жан. Білімнен бас тартпайтын, бастауышта бала оқытудың қыр-сырын ежіктеген адамға журналистика теориясы өмір теориясындай боп көрінетін, бойында бар ұйымдастыру қабілетімен жақсы істің басында жүріп, бәрін де баурап алатын. Жүре келе Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің степендиаты атанды. Өзінің атақонысы — академиктер аулы – Баянауыл екен. Осындайда:
Екі жүздей түтіні
Радово селосы.
Көз тартарлық бітімі,
Көрікті бір жер осы.
Орман, суға бай дала,
Жоқ-ау бұдан жер өткен.
Құтты қоныс айнала
Көмкерілген терекпен, —
деген «Анна Снегинаның» бастауы ойға оралады. Райханның Баянауылының да дүниеде жер жетпес өзіне тән ғажайып суреттері бар. Оны да кей-кейде там-тұмдап жеткізіп қояды.
Біздің курста «кличкамен» атау үрдісі бар. Мысалы, Әшірбекті –Пифагор, Мылтықбайды – Көкбазар десек, Ораз – Макар Чудра, Жанұзақ – Бүгінгі Белинский деген атау алған. Қыздардан Райханға Анна Сненгина деп ат қойдық. Оның адами болмысы мен табиғи сұлулығы бұл есімді толық ақтап тұр.
Журфак, филфак, юрфак – гуманитарлы үш факультеттің айдаған ешкісі бір. Бір-бірімен үндес, болашақты бірге бағамдайды, әдеби кітапты көп оқып, көктегі Ай мен жұлдызға қарап күбірлейтіндер де осында. Бір күні Райханды әлгі Есенин поэмасындағы ақсары, бұйра шаш, сұңғақ та сымбатты бір жігіт маңайлап жүр деген сыбыс шықты.
Анна Снегинаның соңына түсіп жүр. Юрфактың жігіті екен, ұрып жіберейік, -деді Әшірбек.
Шамаң жетсе, ұр.
Байдалиевті жалдаймыз ғой…
Марқұм Қадыр жұдырықтасудан жұғымды еді, сөйтсек ол ұрын келген жігіттің әрі жерлесі, әрі туысы боп шықты. Қос ғашық жұптары жазылмады. Райхан кей-кейде дархан жігіттің кең жайлау көңілінен селкеулік іздеп, бұртиып, бұрылыста тұрып қалатын кездері де бар. Ақыры, 4-курста екеуі «Вернисажды» қосыла шырқап жүріп, Неке Сарайынан бір-ақ шықты. Бұл біздің курстағы алғашқы қыз ұзату тойы еді. Қыз-Жібекті сыңсытып шығарып салдық. Оған да, міне, 46 жылдың жүзі болыпты. Сонда ұрын келген күйеуді Әшірбек адам жалдап ұрғызып жібермегені қандай жақсы болған. Әйтпесе бүгінгі Әділет генерал-майоры бір адамды өмір бойына темір торда ұстауға шамасы жетер еді.
Қазақта тәмсіл бар – «жақсы әйел жаман еркекті пұл қылады, жаман әйел жақсы еркекті құл қылады». Біздің Райхан курстың күйеу баласы Жақсылықты пұл қылған әдебі мол ұрғашы, Бейімбеттің «Әйел теңдігін» зердесімен ұғып, іске асырған алғыр жан. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне елеулі үлес қосқан 3-дәрежелі мемлекеттік Әділет кеңесшісі, Семей, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстарының және Алматы қаласының прокуроры болып, «Құрмет», «Даңқ» ордендерінің иегері атанған Жақсылық Байтұқбаевпен қиын өткелдерде қайықты бірге есіп, қасынан табылған жан жары Райхан – біздің курстас, қолдан ұшырған қарлығашымыз.
«Прокурор» деп аталған қалың кітапта қаламгер Болат Жүнісбеков бүй дейді: «Олар қайда көшіп-қонса да жаңа ортамен табыса әрі ұғыса жүріп, өзім деген ескі жолдас-жорамен байланыстарын үзбеді. Биікте тұрып та етектегі тәуелсіз қауымды естерінен шығармады. Қайта өмір жолының басында тағдыр жолықтырған жолдастарына деген қимас көңілдерін аялай білді. Тіпті, қал-қадерінше қамқор болуға тырысты. Олардың қуаныштарында Райхан гүл болып ашылса, реніштерінде Жақсылық бірге болып, жандарынан табылар еді». Көзкөргеннің ағынан жарылған ақеден көңілі осындай.
Заңгер көп, біліктісі саусақпен санарлықтай. Жақсылықтың Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды, әсіресе Қайрат Рысқұлбековті ақтаудағы жанқиярлығы – жігіттің жігіті істейтін-ақ тірлік. Бұл – ұлтыма болсын деген азаматтың төзімі мен тағылымы, құқық қорғау саласының кейінгі өкілдеріне өмірлік өнеге дер едік.
Арада көп су ағып, біраз жыл өткен соң Райханды көрдім. Есік ашылып, басында Алла Пугачеваның «Старинные часы»-ды шырқағанда киіп шыққан дөңгелек «таблетка»-топысы бар Анна Снегина күлімсіреп кіріп келе жатыр. Баспасөз министрлігінде мерзімді басылымдар және ақпарат құралдары басқармасының бас редакторымын. Райхан сонау Семейден өзі қызмет атқаратын «Абай» журналының жағдайын жеткізу үшін Алматыға арнайы ат терлетіп келіпті. Нағыз журналист ұлт басылымының тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп, талай шақырымды араға тастап келіп отыр. Дереу министр Алтынбек Сәрсенбаевқа кіргізіп, шаруаны шештік. Сонан кейін ғана әңгімені Пифагор – Әшірбек пен Көкбазар – Мылтықбайға, Макар Чудра – Ораз бен Бүгінгі Белинский – Жанұзаққа қарай бұрдық.
Райхан Ахметова – нағыз журналист, зерттеуші, қай облыста, қай басылымда істемесін әріптестері осы бір зиялы қыз туралы тек жақсы сөз айтып, еңбегін бағалап отырады. Жазса Райхан жазсын. Курстағы тоғыз қыздың ортасындағы жүрегіне ұлағат ұялатқан ұстаз, кәсібіне адал журналист. Жақсылықтың желкеніне қарай бағытын бұрып, қапшығын арқалап, әр облыста бір тұрақтап жүрсе де қаламын тастамадыь. Ер-азаматтың желкенін жылжытып, үзеңгі жолдасы болу – әйел үшін киелі парыз. Оны Райхан «Махаббатым – жүрегімде» атты кітапқа енген «Ақиқатты айтпасаң – арыңа сын» деген мақаласында белгілі қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев пен оның жары Қасиетке орай ашып айтады. «Тарихқа көз жүгіртсек, еліміз бен қоғамымызға еңбек сіңірген белгілі азаматтардың қасындағы жарлары – олардың мемлекет пен қоғам үшін атқарған жұмыстарына үлкен үлес қосқаны анық. Бірақ та көп ретте осы жағы ашық айтылмай көлеңкеде қала береді» деп жүрек сырын жұртқа жария етеді. Бұл – бүгінгі күні мұсылман әйелдері бет-пердесін сыпырып тастап айтатын шындық.
1918 жылы М.Әуезов пен Ж.Аймауытов негізін қалаған «Абай» журналына Райханның еңбегі сіңді. Жоғын жоқтап, алыс шақырымдарды алысқа тастап келгенін әлгінде айттық. «Абай» журналының кітапханасы» сериясымен шыққан ұлы ақын туралы жинақ жайлы «Білгенге маржан» атты пікірі («Абай», №6, 2020 ж.) нағыз абайтанушы – жанашыр жанның сөзіндей оқылады. «Сөзімен дем беретін, қисайсаң – түзететін, адассаң салиқалы ой, сарабдал сөзімен жол көрсететін, Алла Тағаланың қазақ халқының бағына берген кемеңгер, дана, Хакім Абайымыздың рухы риза боларлықтай не істеп, не тындырдық. Жинақты құрастырушыларды көптен бері мазалап, көкейде жүрген ой осы болатын» дей келіп, әр туындыға тоқталып, талдап, зерделі қаламгер ретінде пікір білдіреді. Онан бөлек, өзінің өмірде Ай тұтқан адамы – ұстаз, ағартушы Мәриям Хакімжанова жайлы «Өлеңмен өріп өмірін», Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апаймен жүргізген сырлы сұхбаты, елім деп еңіреп өткен дара тұлға «Халел Досмұхамедов туралы бірер сөз» атты проблемалық мақаласы, толғақты мәселелер жөнінде ой толғаған «Әліпби тағдыры: бүгін және ертең», «Жұтқан ауа жанға дауа ма?», т.б. көптеген мақалалары республикалық «Ақиқат», «Абай» журналдары мен «Семей таңы» газетінде жарияланды. Оның ыстық ұясы – өзінің «Абай» журналы болса, қаламын шыңдап, қанат қақтырған ошағы – «Ақиқат» журналы. Ол – Қазақстанның құрметті журналисі.
Сонымен, осы «екі жақсы – бір бүтін» бүгіндері жетінші ондықтың есігін тықылдатып тұр екен. Бұлардың өмір есігі әрдайым айқара ашық, жібек баулы кілттері қолында, есік құлыптау дегенді білмейді. Иә, көкіректе жатталып қалған Есениннің Анна Снегинасы арамызда жүр. Ол – өмірге қабақ шытпай қарайтын өзіміздің Райхан. Әдеби кейіпкерді осылай іздейтін әдетіміз бар. Бізді бұған Есенин үйретті. Есенинге не дерсің.