Ана жақсы болса, онан туған бала да жақсы болады

“Ана жақсы болса, онан туған бала да жақсы болады. Ана бір жаман, ілімсіз, меңіреу болса, онан туған бала не қылып оңсын? Адамның білгіш, өнерлі болуына әуелі ата -ананың жақсы болғаны абзал.
Қазақта мақал бар: ,,Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,,- деген. Екінші, тұрмыс жайдың адамдарының жақсы білімді, өнерлі болуы керек. Біздің қазақтың бұрынғы өткен жақсылары айтады екен: ,,Ұлың өссе,ұлы жақсымен ауыл бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауыл бол!”- деп.
Үшінші, өнер алуға, ғылым оқуға барған жері жақсы, үлгілі жер болсын. ,,Опаға барған ағарады, күйеге барған қараяды,, – деген сөз бар. Әкесі бір қой баққан, жылқы баққан, шешесі бір жіп- шу ескен қатын.
Бұл екеуінен туады, атын Итбасар, Қойбасар қояды. Бес -алтыға келген соң ол асық ойнайды. Он он бірге келген соң, доп ойнайды. Жиырмаға жетіп, ат арқасына мінген соң, ең өнерлісі атқа мініп, ауыл- ауылдан қыз анықтайды.
Ауыл көшіп жайлауға барады. Қыс қыстауына келеді. Онан басқа барар , тұрар жері жоқ. Бұрынғылар айтпай ма, ,,Қатын алма, қайын ал, жақсы көрген тамырдың атын алма, тайын ал,, -деп.
Және ол жақсы жерден қыз алуды ойлағанда, шешесіне көз сал. ,,Анасын көріп, қызын ал, аяғын көріп, асын іш,, -дегенді білмейсің бе? Еркек балаға жасынан қыз айттыру бір лайықсыз нәрсе. Неге десеңіз, әркімнің өзінің көңілі сүйгені болады.
Құда жақсы, құда жаман болсын, жасында біреуге құда болып, өскен соң жақсы -жаманына қарамай, қазақ мал кетпесін деп алып бере қояды. Сонан соң бір- біріне муафық қылмай, көбінесе ұрыс- талас, жанжал, дау осыдан болады.
Не еркек ұрғашыны жаратпайды. Не ұрғашы еркекті жаратпайды. Тастаймын деп әуре болады. Осыдан құтылсам екен, бір жақсы байға тисем екен деп әуре болады. Қыз баланы һәм әбден бойжеткен соң, өзінен ризалық сұрап, ықтияр қылған жеріне берсе керек.
Ер бала болсын, қыз бала болсын, өзді өзі ықтиярласып қосылған соң, бұлардан жанжал, ұрыс, талас анда -санда болмаса, шықпайды және бір -біріне махаббаты болып, бұлардан туған бала һәм жақсы туады.
Еркегіне ұрғашы, бір -біріне көңілсіз болып жүргенде туған бала онша жақсы болмайды. Ұрғашының жақсы- жамандығы іс- әрекет, ниеті, аузынан шыққан сөзіне қарап байқаса керек.
Жалғандағы бір қиын нәрсе – өзіңе муафиқ қатынды тауып алмағың. Ұрғашының өзіне муафиқ байды тауып тимегі. Мұның бәрін айтқандағы мақсатымыз сол, баланың жақсы тумағын басынан ойлау керек деп айтып жатырмыз..
Хош, ол бала туған соң, не қылмақ керек? Әуелі оған жақсы ат қою керек. Екінші, балаға сүт емізетұғын қатынның жақсы, таза жүретұғын халал етіп, халал жейтұғын қатын болуы керек.
Не үшін бала жас күнде халал сүт емсе, өскенде табиғаты һәм халалдықта болады. Ол халалдық, харамдық емшектегі сүтте болмайды. Сол емшектің иесі қатыннан болады. Ол біздің қазақ бұрынғылары айтады екен:” Адал сүт емген бала болса!”- деп.
Оның мәнісі сол, бала емшек еміп жүргенде, емізген шешесі жамандыққа айналмаған болса, соны айтады екен.
Хош, онан соң бала емшек емуден шыққан соң, мінезі жақсы , әдепті, таза табиғатты адамға үйір қылу керек. Оған жастағыны ұмытпас деп жас күнінде баланың табиғаты жақсылықпен әдептенсе, өскенде һәм жақсылыққа тез шығушы болады.
“Сүтпен берген мінез сол бағытымен кетеді,, деген сөз бар. Баланың табиғаты үйінде ішпек- жемекте болады. Осыларды әдетпен, өлшеумен жас күнінен үйретсе, өскенде көп пайдасы болады.
Алты- жеті жасқа жеткен соң молдаға оқытуға берсе керек. Ол молданың өзі әдеп көрген, ғұламалардан, ишандардан , бұрынғы өткен жақсылардан баһза алған һәм ұстазынан рұқсат алған, сыналып өткерілген молда болсын!
Жарамайды – бір ноғайға еріп, хатшы болған, бір сартқа еріп, қосшы болған, шала хат таныған, бұзылған, жаман жерлерде жүрген, өзі бұзылған адам баланы бұзып жібереді.
Сонан соң ол бала өмірінде түзелмей кетуі мүмкін. Әрнешік баланы бек жақсы молдадан оқытуға ықылас таныту керек. Баланы жаман адамдарға, пасықтарға, бұзығы көп жерге, қолындағысын ысырап қылатын кісілерге үйір қылып, ондайлармен араластырмаса керек.
Молдалар мен өнерлі, білгіш адамдар , жақсыларының сахабатында көп жүрген сыр мінез жақсы деп ауызға ілінген адамдармен үйір қылса керек. Балаға жақсы адамдардың мінезін мақтап, ұқтырып құлағына сіңіріп, жаман адамдардың мінезін жамандап, ондайды жек көрсетіп, баланы жастан бағу керек.
Қазақта мақал бар ,,Қатынды бастан, баланы жастан,, деген. Бұрынғылардың сөзінің бәрі рас сөз. Бірақ халық ата- бабасының көрсетіп кеткен үлгісімен, айтып кеткен ескі сөзімен амал қылмайды. Балаларға үйрету керек. Аз аздан дін туралы, Құдай тағаланы білдіріп, һәм ғайыр ең керекті сөздерін білдірсе керек.
Тіршілік немен болады? Қалай қылса, адам қор болмайды, оны білдірсе керек. Онан соң ата- анасының құқы қандай? Ағайын, қарындас, көршілес һәм барша халқының бұлардың құқы қандай?
Баршасын танытса керек және оқудан шығарда оларға дұға үйретсе керек. Патшаның әдетіне, байлардың сахауатына, ұрыларлың шыға таппағына, балалардың дафуғ болмағанына, оттан, судан, өтірік жаладан, тиген пәледен барша халықтың тыныштығынан деп және балаларға білдірсе керек.
Мемлекетке, патша хазіреттеріне қандай міндетті екендігін һәм дүниеде тәрбиесінде тұрғандығын, хазіреттерге махаббат көңілді қылып бұлардың әр қайсысының шүкіршілігін орнына келтірсе керек.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.
Раушан Жакешбай парақшасынан.