Ана тілін ұмыту…

«Тілді білгенмен, тәрбие оңбаса ол да қасірет. Қазақ тілін біліп тұрып, қазақты менсінбесе, өзгені пір тұтып, өз ұлтына күліп қараса, тілін сусылдатып тұрып, ұлтын тонаса, ұрпағының несібесіне қол салса, жемқорлық жасаса, патриоттық сезімі қара басынан аспаса, тіпті ұлтқа деген жанашырлығы өлсе, Отанды қорғауға келгенде сужүректік танытса – ондай қазақтің қажеті қанша?»,- дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы. 

Расында да қазақ тілін білсе де, биік мінбеден әдейі сөйлемейтін (дұрысы сөйлегісі келмейтін) ақ жағалылар да, депутаттар да бар. Оларды баспасөзде, әлеуметтік желілерде жабыла сынағаннан түк шықпайды. Біріншіден, ұлттық партияның қызметін атқарып отырған (Ерлан Қариннің сөзі) қазақ баспасөзін олар оқымайды. Екіншіден, космополитизм қанатын кеңге жайды. Туған ұлтының рухани құндылықтарын менсінбейтіндер жаһандануға жақ. Бірақ солардың ұстанымын ана тіліне қарай бұруға сәл де болса ықпал ете аламыз ба? Әкесі менсінбеген тілді ертең баласы да менсінбейді ғой. Трагедияның көкесі осы болмақ.

***

«Өз ұлтын сату» дегенді кейбіреулер жеріңнің байлығын тонау, шетелге қашу, соғыста жау жағына шығып кету деп түсінеді. Ол да сатқындық. Алайда, туған тілін сату – рухани қылмыс, кешірілмес күнә! Сатқындықтың зоры! «Қасиын десең – қан шығады, қасымайын десең – жан шығады» деп журналистикадағы ұстазым Талғат Батырхан ағам айтпақшы, бүгінгі күннің қаны сорғалаған ащы шындығының бірі – қазақша сөйлесу ұят саналатын заман туды. Қазақ елінің министрі мен депутатын былай қойғанда, аула сыпырушының да тілі – орысша. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, қайда барсаң екі қазақ орысша шүлдірлесіп тұрады. Тіпті, бұған етіміз өліп, жәй нәрседей қарайтын болдық. Қасіреттің қасіреті осы емес пе?..

***

Ұлты неміс, жаны қазақ Герольд Бельгер былай депті: «Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны өсті. Бірақ көбінің тілі — мүкіс». Онысы рас. Орысша ойлайтындардың қазақшасы қызық… Қосылды деген сөзді қосылынды дейді олар. Мүкістік те – құбылыс. Бір жолы Астанадағы Kcell компаниясының кеңсесіне бас сұқтым. Маған қызмет көрсеткен қазақтың қызы қоштасарда: «Сізге біздің мамандықтарымыз хабарласады» деді. «Мамандар» шығар деп түзесем де: «Жо-жо-жоқ! Мамандықтылар!» деді дауласып. Салғыласып жатпадым. Бұған не дейсің?.. Бельгер ағамның «тілі мүкіс» дегені сол…

Төлен ТІЛЕУБАЙ