АНА образын қалай оралтамыз?

 

Жуырда өз анамдай сыйлайтын әпкем, басылымымыздың бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңген қайраткері, ұжымның ғана емес елдің Анасына айналған  Сәуле Мешітбайқызы «Елана» деген сайт ашқанын айтқан еді. Ашып қарап отырсам, атына заты сай сайт сияқты.  Иллаһи, солай болғай деп тілейік. Әйтпесе, дәл бүгінгі күнде М.Горкий мен Ғ.Мүсіреповтердің шығармаларындағы аналардың типтік образы санадан өше бастағанын мойындауымыз керек. Сол бір АНА образын қалай оралтамыз? Демек, жастарымызды тәрбиелейтін «Елана» сияқты тәрбие көздері бізге ауадай қажет-ақ.

Күнделікті өмірде қалыпқа айналып бара жатқан жаныңды жабырқатар көріністердің біразын мысалға келтіре отырсақ:

Жақында жасы елуді еңсеріп қалған бір танысым мынадай бір оқиғаны айтып налыды. Айтуынша, жаяулар жүретін жолмен келе жатқан ол, жолдың ортасында тұрып алып, шылым шегіп, шырт түкіріп тұрған түрт-бес қызды айналып өте бергенде, шықылықтай күлген қыздардың бірі шегіншектей беріп, танысыма соқтығысып қалады. «Ох, шешең…» — деп артына бажырая қараған әлгі сылқым, үлкен кісі екен-ау деп айылын да жимастан аузына келген боқтығын бір-екі сапырып та жіберіпті. Қаперінде мұндайды күтпеген танысым, тұтығыңқырап барып, «өзіңе де соны айттым» деп, өтіп  кете берген. Енді қайтсін, көшенің ортасында қыздармен қызылкеңірдек болып айтысып жатсын ба?!…

Мен де ойланып қалдым. Егер сол танысымның орнында мен болсам қайтер едім?.. Көргенсіздіктің мысалдарын күнде көріп жүргендіктен, көз үйренгендікке салып, көңіл бөлместен кете бергенім жөн бе, әлде «Не деп тұрсың ей, оңбаған, ұятсыз» —деп, шалқақтаған қызды шапалақпен тартып жіберген дұрыс па?.. Олай етсем, жанындағы қыздар мені соққыға жықпаса да, жабылып жағамды жыртып, жабыла куә болып, өзімді кінәлі етуі,  ақыр соңында сотты болып, қыз балаға қол көтереген «содыр»  есебінде сорлап қалуым  бек мүмкін ғой.  Әлде, әлгі жерде қыз баланың бойында болуы тиіс ибалық пен имандылық жайлы кем дегенде жарты сағаттай ақыл айтып тұруым керек пе? Әй, бірақ, олардың менің сөзіме құлақ артуы екіталай-ау! Сонда не істеуім керек?

Тағы бірде мынадай оқиғаның куәсі болғаным бар. Алматының тар көшелерінің бірі. Қарсы келген екі жеңіл автокөлік бір біріне жол бермей, қасарысып тұр. Олардың кесірінен кептелісте тұрған  өзге автокөліктердің безілдеген үндерінен құлақ тұнарлық. Бір кезде қарсы тұрған көліктен атып шыққан жасы 50-55 шамасындағы қазақ әйел аузына келген былапытты атқақтатты-ай дейсің. Тіпті, шетте тұрған біздердің тыңдауға дәтіміз шыдамай, қипалақтадық. (Ол сөздерді айтуға ауыз, жазуға қол бармайды). Екінші көліктегі жігіт те қалысып жатқан жоқ, дегенмен ана көкдолының алдында жүні жығылды ма, әлде қатынмен айтысып береке таппаспын деді ме, ереже бойынша жол өзінікі болса да, ебін тауып, ығысып жол берді.  Бәдігін сапырған әйел де мәшинесін кіжінте секіртіп, жөней берді. Иә, ол — «нәзік жанды» деп жүрген әйел еді, тіпті әйел ғана емес, жасы алпысқа жақындаған ақ жаулықты ананың құрында еді. «Ана» деген аттан садаға кеткір!» деп тұрмын мен де ішімнен.  Бұларға не дауа?

Әрине, бұл орайда  көпке топырақ шашып, бәріне бірдей күйе жақсам асылық болар, бірақ біздің қазіргі қыздарымыз бен аналарымыздың басым бөлігінің бүгінгі қоғамдағы айқын бейнесі  осылай болып тұр. Бұл орайда, баяғы АНА деген қастерлі ұғымға бүгінде неге дәз түсіп, қасиетті жандардың асыл бейнелері неге көмескіленіп барады деген сұрақтың көмекейге кептелетіні заңдылық. Жайшылықта: «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» — деп, қақсап жатамыз. Бірақ, ондай теңеулердің көз алдымызда сылдыр сөзге айналып бара жатқанын байқай бермейміз. Болмаса, қайда кешегі арды ойлаған, ел мен ерді ойлаған ақ жаулықтыларымыз?  Есесіне жаулық тарт десең «жау» көретін келіндер, әуретті жерін жаппайтын әумесер қыздар көбейіп барады. Соңғыларының бала туып, баласын қоқысқа тастап жатқан сорақы әрекеттеріне, қанша жиіркенішті десек те, құлақ пен көз  үйрене бастағандай.

«Баланы жастан,келінді бастан» деген бабаларымыздан қалған  даналық өсиет бізді осындай жамандықтармен күресудің,болдырмаудың алдын алуды парыз етті емес пе?   Ендеше, оқырманға  жол тартқан «ЕлАна» сайты жоғарыда айтқан келеңсіздіктер мен қоғамдағы басқа да проблемалардың алдын алатын, ұрпақ тәрбиелейтін бірден бір қажет құрал болатынына  сенім артып, сайттың атқарар жұмыстарына сәттіліктер тілейік !

Жанбақыт Мерекеұлы