Анаң саған не істеді?

Сен қуансаң қуанып, қайғырсаң сенімен бірге қайғыратын бір жан бар. Осы сипатынан-ақ белгілі болған шығар. Иә, ол – АНА. Ол сен үшін бейнет етіп, сен үшін шаршады. Құрсақта жатқаныңда тоғыз ай бойы сені өзімен бірге көтеріп алып жүрді. Одан соң өмір мен өлімнің арасында жатып, сені дүниеге әкелді. Ауыр толғақтың қыспағына түскенде, ерні жыбырлап: «Я, Құдай! Мен не болсам да, сәбиім аман болсын» деп сенің тілегіңді тілеп жатты. Дүниеге келген соң да сен оған не көрсетпедің?

Нәресте күніңде шыр еткен дауысың шықса, оның денесі селт етіп, жүрегі дір ететін. Бәлкім, есіңде де жоқ шығар, бірақ түні бойы жылап, талай рет ғазиз анаңа көз ілдірмедің. Жайсыз жатып қалды ма, басы ауырып қалды ма, қарны ашып қалды ма деп жанашыр анаң талай рет мазасыз күй кешкен. Таң ертең бесікте жатып, оянған кезіңде әр күні күлімдеген аяулы анаңның нұрлы жүзін көретінсің.

Еңбектеп, үстел шетін жағалай бастағаныңда қанша ыдысты қиратып, қанша бұйымды білдіргеніңді білесің бе? Сонда да мейірімді анаң саған қарап қабақ шытқан емес. Өйткені оның қолынан саған мейірім төкеннен өзге ештеңе келмейтін.

Тым болмаса, осы мінезі үшін Анаңды бір құшақтап, бетінен бір сүйіп қойсаң болмай ма?

Бір жасқа толған кезіңде сенің киімің мен жаялығыңды жуып, үстіңді майлап, астыңды тазалаудан көз ашпады.

Екіге жақындаған шағыңда «Тәй-тәй!» деп, сені өз аяғыңмен жүруге баулыды, Тәлтіректеп барып құлап қалсаң, жүгіре басып сені орныңнан тұрғызды.

Үш жаста былдырлаған тілің шыға бастады. Ол саған ана тіліңде сөйлеуді үйретті. Ерінбей, жалықпай: «Мынаны қасық дейді», «Мынаны кесе дейді» деп саған әр нәрсенің мәнін ұқтырды. «Апа деші», «Ата деші» деп саған жалынумен күні өтті. Тіл курстарындағыдай сенен ақы сұраған жоқ. Өйткені оның қызметі — ТЕГІН.

Төрт жасқа келгенде, қолыңа қағаз бен қалам беріп, саған сурет салдыра бастады. Сенің епетейсіз шимақтарыңа қарап, ол саған ауыр сөз айтқан жоқ.

Бес жасқа толғанда ше? Саған ең әдемі киімдер кигізіп, қасында жетектеп жүріп, қыдыруға апарғаны есіңде ме?

Алты жас толғанда, қолыңнан ұстап мектепке апарды. Қырсық мінездің көкесін сен оған сол кезде көрсеттің. Оқы дейді. Оқымаймын дейсің. Жаз дейді. Жазбаймын дейсің. Ештеңені ойламай ұйықтай саласың. Сол кезде анаң: «Мына баланың сабағы не болады?» деп іштей уайымға батты. Жеті жасқа толғаныңда, аулада ойнасын деп саған доп сатып әперді. Сен теуіп тастайсың. Анаң жүгіріп, сенің аяғыңа әкеп береді. Тағы да теуіп жібересің. Бұл да ақысыз. Осылайша сенің балалық шағың өтті.

Еш болмаса, осы еңбегі үшін анаңа келіп «Айналайын, апатай!» деп көңілін аулап қойсаң болмас па еді?

Мектебіңді бітірген соң, ішпей-жемей отырып, сенің жоғары білімді болуыңа жағдай жасады. Сен көшеде тайраңдап жүргенде, ол үйде отырып сенің қамыңды жеді. Ас десең ас, киім десең киім сен үшін дайын тұрды. Талай рет әперген киімді кимеймін деп қырсыққаның есіңде ме? Ұмытқан болсаң, сол күндерді есіңе алшы. Жағдайыңа қарамай, ауқатты отбасылармен тең болғың келді. Бір киімді екі жыл қатар кимейтінсің. Жыл сайын жаңасын талап еттің. Қиналса да, байғұс анаң айтқаныңа көнді. Өйткені, оның сенен артық байлығы жоқ еді.
Жастықтың жетегінде жүріп, қанша рет анаңның ет жүрегін ауырттың.

МІне, енді оқу бітіріп, қызмет түрдың. Сен де отау көтеріп, балалы-шағалы болдың. Тапқан таянғаныңды әйелің мен перзенттеріңнің аузына тостың.

Құрметті бауырым! Әркімде бар болғаны бір ғана ана болады. Ешкімнің маңдайына екі ана бітпеген. Сондай-ақ ешбір адамның анасы қасында мәңгі бақи бірге болмайды. Ертелі-кеш бір күні анамызбен қимай-қимай қош айтысатын кез келеді. Ананың қадірін сол кезде білеміз. Көз жасың сел болып ақса да, сол кезде анаң саған қайтып келмейді.

Құрметті бауырым! Анамыз разы болмаса, бізге Алла да разы болмасы хақ. Алла разы болмаса, арғы шын дүниедегі, бітпейтін, таусылмайтын мәңгі дүниедегі көрген күніміз қандай болмақ? Соны ойладық па? Иә, анамыз разы болса ғана Алла разы.

Құрметті бауырым! Бұл дүниенің мал-мүлкі түгел саған берілсе, соның бәрі жабылып анаңның орнын толтыра алмайды. Бүкіл әлемді аузына қаратқан теңдессіз патша болсаң да, сен сол қарапайым ғана анадан туылдың. Сені мына жарық дүниеге әкелген сол Анаң еді. Сен түгіл ұлы Пайғамбарлар да бір кезде анадан туылған.

Құрметті бауырым! Кезінде Мұса Пайғамбар Аллаға жалбарынып, өзінің жұмақтағы көршісі кім екенін білгісі келіпті. Сонда Жәбірейіл періште келіп: «Пәлен деген қаланың түген деген ауылындағы бір қасапшы сенің жұмақтағы көршің болады» дейді. Мұса Пайғамбар таң қалып: «Қасапшы дейсің бе?» деп қайта сұрайды. «Иә, қасапшы!» Содан Мұса Пайғамбар сол қасапшыны көргенше тынбайды. Айтылған ауылды іздеп табады. Қасапшыны да өз көзімен көреді. Алыстан арып-ашып келгенін көрген қасапшы Мұса Пайғамбарды үйіне әкеліп қонақ етеді. Бірақ үйге келісімен: «Қонағым, жайғасып отыра тұр. Менің өте тығыз шаруам бар» деп көрші бөлмеге шығып кетеді. Мұсаның санасы санға бөлінеді. Бұл қасапшы не істейді екен? Жұмақта Пайғамбармен бірге болатындай қандай іс жасайды екен деген ой мазалай береді.
Сол-ақ екен, қасапшы мейіздей боп қартайған, жасы жүзден асқан бір кейуана қартты қолымен көтеріп әкеліп, дастарханға отырғызады. Дереу-дереу әкелген тамағын жегізе бастайды.
– Бұл кім? – дейді пайғамбар.
– Менің алтын анам, – дейді қасапшы.
Міне, мәселе сонда ғана белгілі болады. Ана! Ананың қызметі жай адамды пайғамбармен бірге жұмаққа кіргізеді.

Сол үшін болса керек, Мұхаммед Пайғамбар: «Жәннат – аналардың аяғының астында» деп өсиет қалдырған. Ендеше, жұмақты іздеген адам оны аналардың басқан ізінен іздесін. Ана қызметінен іздесін. Өйткені, басқа жерде Алланың жұмағы табылмайды.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ