Әмина Мәметова — Әбілқайыр ханның ұрпағы

Әмина Мәметова 1901 ж Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі – Сүлеймен Нұралы ханға төрт атадан қосылады. Әмина Мәметова — қазақ қыздарының арасынан шыққан әдебиеттану пен әдеби сын саласындағы тұңғыш ұстаз-ғалымдардың бірі.
Жары Ахмет Мәметов алғашқы дәрігерлердің бірі, танымал қоғам қайраткері болған. Өзінде бала болмағандықтан, ағасы Жеңіскәлінің қызы Мәншүкті өз тәрбиесіне алған.
Әмина Сүлейменқызы алғашқы білімді Хұсни-Жамал Нұралыхановадан алған. Орал қаласындағы қыздар училищесін 1917 жылы бітірген.
1928 жылы Саратов университетінің лингвистика бөлімін бітіреді.
1928-1930 жылдары Семей кеңес партия мектебінде оқытушы, 1930-1931 жылдары Алматыда мектеп әдіскері болып қызмет атқарды.
1932 жылы Батыс Қазақстан облысының құрылуына байланысты Ахмет пен Әминаны Орал қаласына жұмыс бабымен шақырады. Олар жоғары білімді мамандар есебінде жаңадан ашылып жатқан білім беру және денсаулық сақтау саласында басқарушы қызметіне тағайындалады.
1934 жылы Ахмет, Әмина Мәметовтар Алматы қаласына жұмысқа шақырылады. Бұл Мәншүктің он жасқа аяқ басып, есі кіріп қалған кезі. Дәл осы жылы Мәншүктің туған анасы Тойылша, араға екі жыл салып әкесі Жеңіскәлі қайтыс болады.
1938 жылы қаңтар айында дәрігер Ахмет Мәметовты жазықсыз жаламен «халық жауы» деп ұстап, ату жазасына кесілген.
Әминаға халық жауының әйелі ретінде қарап, тіпті кейбір бұрынғы достары Мәметовтар отбасынан теріс айналды. Бұл адам төзгісіз жағдай Әминаның мінезін күрт өзгерткен. Материалдық жағдай қиынға түсті. Осы аралықта екінші рет тұрмыс құрады. Бұл әрекеті Мәншүкке ұнамаса керек.
Баспасөз бетінде 20-жылдардан көріне бастаған Әмина Сүлейменова әдеби айтыстардың ортасында ойлы да өткір сын мақалаларын жиі жариялайды. Әйелдер тақырыбына аса көңіл аударған. «Екпінді жас» журналында редакторлық жұмыс атқарған. Мәншүк Мәметоваға арнаған мақалалары, естеліктері оның шығармашылығында ерекше орын алады.
1945 ж кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1947-48, 1952 ж Қыздар институтында әдебиет кафедрасына жетекшілік еткен. Қазақтың би-шешендері туралы зерттеу жұмысын жасаған тұңғыш ғалым.
«Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды. «Октябрь революциясы» орденімен, ондаған медальмен марапатталған.
Мәметова, А. (2012). Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменқызы қандай жан?
«Орда жұлдызы» газеті