Амангелді Айталы. Жұмабек Ташенов феномені

Тәуелсіздік оп-оңай келген жоқ. Оның жолында талай қан мен тер төгілді, талай боздақтар қыршыннан қиылды, құғын-сүргінге ұшырады. Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Садуақасов сияқты абзал жандармен есімі қатар атауға тұрарлық, олардың отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы күресін кеңес дәуірінде  жалғастырушы  Жұмабек Ахметұлы Ташенов болды.

Атамекенді саудаға салуға қарсылық

ХХ ғасырдың 50- жылдары мен  60- жылдардың басында кеңес ұлт саясаты қайшылыққа толы еді, ең бастысы орталыққа қарсылық күшейді. Бұл «жылымық» И. Сталиннің жеке басына табынушылықты сынау, «ұлтшылдар» деп айып тағылғандарды ақтау заманы еді. Осы кезде одақтас республикалардың құқын кеңейту, өз мәселелерін өздері шешуге мүмкіндік беру де, әсіресе экономика, білім, мәдениет салаларында қолға алынған. Сонымен бірге, Орталық  халықтардың еркіндікке ұмтылуынан қорықты, дербестікке құлшыныс үрей туғызды. Ресми саясатпен келіспейтін, қарсы пікір айтатындарды диссидент деп айта бастады. Өзгеше ойлайтындарды, басқа ойды үстанушыларды инакомыслящие деп те атады.

Орталыққа қарсылық алуан түрлі болды: листовкалар тарату, жасырын үйымдар құру, бүлік шығару, орыстарға қарсы еліне оралған шешендердің көтерілістері; шешендерге қарсы орыс шовинизмі.  Ұлт саясатына қарсылық туралы енді-енді айтылып жазылып жүр.

50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында үстемдік саясатқа қарсылық білдірген 8124 адам сотталған, партиядан, комсомолдан шығарылғандарды есептемегенде Н. Хрущевті либерал, демократ деген жалған екені белгілі болды. Аттарын жасырып, қолдары қойылмаған орталыққа жазылмаған аноним хаттардың  27,2 пайызы ұлт саясатына наразылық білдірген. Украина мен Белорусиядан хаттар Одақтан бөліну мәселесін ашық қойған.  20 украиндықтың сотталғаны туралы ақпарат казір жарияланып жатыр.

Қазақстанда да әр түрлі үйымдардың өмірге келіп, олардың мүшелерінің сотталғаны туралы біздің қоғам хабардар. Бірақ қазақ ұлтының санасына  зор ықпал еткен Ташенов феномені болды. Феномен тұлға деп өте сирек кездесетін, ерекше адамды атайды. Принципсіз, немқұрайды, кеңқолтық көзқарас жайлаған ортада Ж. Ташенов «бас кеспек болсада, тіл кеспек жоқ» деп,  Мәскеудің айдауына қарсы тұрып, ұлтының мүддесі үшін күресті. Сондықтан да ол феномен тұлға.

Н. Хрущевтің, кейін М. Горбачевтің де Қазақстанға көзқарасы түзу болмады, елді бөлшектеу саясатын айламен де, күшпенде жүргізуге тырысты.  Қазақстанның жер аумағының кеңдігін, жер асты байлығының молдығын, өндіріс салаларының көптігін сылтау етіп, Қазақстанды бөлшектеу саясаты қолға алынды, ал оның қай жерін кімге беруді тек орталық шешеді деп үйренген орталық шенеуніктері Қазақ Республикасының тұтастығына қауіп төндірді. Қазақстанның бірқатар аудандарын, әсіресе нағыз жерұйық деп аталған Бостандық ауданын Өзбек ССР-на беруге, Ақмола, Көкшетау, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары (оның ішінде Целиноград, казіргі Астана қаласыда бар) Ресейге берілуіне  Ж. Ташеновтың қарсылығы, осы жолдағы қайсарлығы, елді жігерлендірді, ой салды. Ж. Ташеновтың артында не елдің ішінде, не сыртта оны қолдайтын үйым болған жоқ, ол ешқандай материал таратпады. Ол тек білімділігімен, парасаттылығымен, ұлтжандылығымен  орталықтың бетін қайтарды. Республикалардың Конституциясын белден басып үйренген, олардың территориясының тұтастығын, шекарасын сыйлауды  Мәскеу баяғыда  ұмытқан. Ж. Ташенов Конституция бойынша Қазақстанның өз жеріне, өз табиғи байлығына өзі ие екенін, егер Қазақстан жерін бөлшектейтін болса, онда әуелі Конституцияны өзгерту керектігін алға тартты. КССРО Конституциясында бойынша, Одақтық Республикалар өз мемлекет құрылысын өзі шешу, тіпті Одақтан шығу құқы мойындалған. Бірақ ол халықаралық талаптарға сәйкес, көрер көзге ғана қағаз жүзінде мойындалған құқ еді. Дегенмен, оны да еске салуға тура келеген. Осылай атамекенді саудаға салуға жалғыз Ж. Ташенов қарсы болды. Сөйтіп, көзі тірісінде аты аңызға айналды.  Ж. Ташенов феномені империяның қазақ халқын түгел басып жаншып шыға алмағандығын, күш-қуатын барлығын көрсетті.

Әрине, Ресей қазақты бағындырып, көндіріп қана қойған жоқ, жартылай жұтып та алды, орыстандырды, дінсіздендірді. тарихи жадынан айыра бастады, қазақты жалтақ, көнгіш, айдауына жүретін, айтқанын істетіп халыққа айналдыруға тырысты.  Оның зардабын бүгін де шегіп отырмыз. Бірақ қазақ түгел бас ұрушы ұлтқа айналмады, метрополия қазақты өзінің ықпалына толық бағындыра алмады, шортанша түгел жұтып қоя алмады. Қазақтың намысы империяның тынысын тарылтып,  Ж. Ташенов сияқты тұлғалар оның тамағына көлденең тұрған сүйектей болды.

Ж. Ташенов феномені қазақ әдебиетшілерін қанаттандырды, шабыт берді. Өмірге Ж. Нәжмеденев пен Ш. Калдаяқовтың кейін гимнге айналған «Менің Қазақстаным» әні, Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы, И. Есенберлин мен Ә. Кекілбаевтың романдары, басқа да шығармалар ұлттық патриотизм идеясын ел санасына сіңірді. Ж. Ташенов феномені, ұлттық идеяның әдебиетте, ұлт санасына терең ұялауы Желтоқсан көтерілісіне рухани дайындық болды.

Қазақстандағы ұлттық патриотизм өсуі, соңғы кезде белгілі болғандай, 60-70 жылдардан  бастап астыртын, құпия түрде орыс  ұлтшылдығының бас көтеруіне де түрткі болды.

Совет үкіметінің саясатына наразылық орыстарды  да Коммунистік партияға қарсы шығуына негіз болды. Партияны «орысшыл» емес деп кінәләді. Орыс ұлтшылдығымен күресу Мәскеуге де оңай болмады.  «Орысшылдар» капитализмді мадақтаған жоқ, орыс патриотизмін алға тартып, орыс ұлтының мәртебесін көтеру, орыстың «қасиетті рухын» сақтау үшін күресті. Ал орыс идеясы орыстарға ұнады. Елдегі жағдайдың қиындауы мемлекет басшылығында еврейлердің де көпшілігімен түсіндірілді. Кейде партия мен үкімет аппаратындағы еврейлер туралы статистика қолдан-колға тарады. Орталық комитеттің қызметкерлері де ресми емес жағдайда орыс идеясын қолдайтындарын жасырмаған. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В. Чебриковтың 28. 03. 1981 жылғы Орталық комитетке жазған есебінде былай делінген: «В последнее время в Москве и ряде других городов страны появилась новая тенденция в настроениях некоторой части научной и творческой интелегенции, именующей себя русистами». Бұл идеяны шетелдік орыс эмигранттары мен саяси орталықтар қолдап, халықтар арасында іріткі салуға тырысты. Совет Одағындағы АҚШ, Батыс Германия, Италия елшілері де белсенділік танытып, русистермен байланыс жасап, мәліметтер жинай бастады. Олар русистерді Совет үкіметіне, басқа кеңес халықтарына қарсы қоюдың жолдарын іздеді. Диссиденттермен салыстырғанда, руссистермен байланыс жасау оңай еді және олар сан жағынан көп болды. Орыс мәдениетін, ескерткіштерін қорғап, орыс ұлтын аман сақтап қалу мәселесі совет үкіметін құлатпай іске аспайды деген ойға тірелді.

В. Чебриковтың айтуынша, тіпті 60-жылдары русистер Огурцов, Вагин, тағы басқалар күшпен совет үкіметін құлатуға дайындалған. Ал русистер Осипов пен Иванов — жасырын журнал шығарып тұрған. Иванов «Логика кошмара» и «Рыцарь неясного образа» атты романдардың авторы. Бұл шығармаларда кеңес үкіметін орыс ұлтына қарсы мемлекет ретінде, ал мемлекет басшылары қара бастарының қамы үшін талай қылмыстарға, төңкерістерге, дөрекілікке барған адамдар ретінде суреттелген. Бұл тарихи шындық болғанмен Кеңес үкіметі басқа ұлттарды одан да артық құдалағанын олар көрмеді.

Иванов пен Осиповке орыс зиялыларының есігі ашық болған. Әсіресе Илья Глазунов оларды қолдап отырған. Русистердің ой – пікірі сайып келгенде орыс шовинизмімен ұласып жатты. Олар орыс ұлтын қорғай алмайтын Кеңес үкіметі қоғамды басқаруға қабілетсіз деп бағаланды. Сөз жоқ, орыс шовинизмі ұлттық республикаларда қарсылық туғызды, ұлттық патриотизм өсуіне әкелді. Осылай, бір жағынан, Ж. Ташенов сияқты ұлт қайраткерілерінің орталықпен күресі, екінші жағынан, орыс шовинизмі Кеңес Одағының іштей ыдырауына әкелді.

(В. А. Козлов. Крамола; инакомыслие в СССР во времена Н. Хрущёва и Л. Брежнева. (По материалам Верховнлого суда и Прокуратуры СССР) («Общественные науки и современность», 2002ж., № 3,4, номерлер).

 Жұмабек Ташенов тағылымы

Тәуелсіздіктен кейін елде ірі өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының саяси институттары, экономикасы, ұлтаралық қатынастар, көші-қон, әлеуметтік сала өзгерді.

Қазақстан екі этностық қауымдастық (қазақтар мен орыс диаспорасы) басым болған мемелекеттен, сан жағынан бір этнос, қазақ этносы басым мемлекетке айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жиырма жылдай уақыт өтті, енді ұлт мәселелерін жаңа ой елегінен өткізудің қажеттілігі туды. Қоғамдық санада, БАҚ-та және ғылыми жиындарда бұл мәселелер жиі көрініс алды. Ел іші тыныш болғанмен, ұлтаралық қатынастарда ашық та, ашылып айтылмайтын, ішке түйіп сыртқа шықпай  жүрген мәселелер де баршылық.

Ж. Ташенов тағылымы – ата-бабаларымыздан қалған жерімізді, тілімізді, мәдениетімізді қорғау, силау, жер байлығын ел мүддесіне пайдалану, бөтеннің иемдеуіне бермеу  — бүгінде өткір болып тұр.

Егер қазақ мемлекетіндегі өткір ұлт мәселесін айтатын болсақ, қазақ мемлекеттілігі жөнінде проблема туындайды. Отандық және халықаралық құқықтық тұрғыдан Қазақстан

Республикасын ұлттық мемлекет деуге, қазақтарды мемлекет құраушы ұлт деуге негіз бар. 1966 жылғы қабылданған  азаматтық саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пакттың 1-бабы барлық халықтардың өзін-өзі билеуге құқы бар деп ұлттық мемлекетті әлемдік құрылымның іргелі категориясы ретінде қарастырады.  Францияда  ұлт саясаты француздардың, Германияда – немістердің, Ресейде – орыстардың мүдделерінен шығатыны белгілі.  Қазақ ұлтының француздар, немістер, орыстар, басқа дамыған ұлттармен салыстырғанда бес үлкен олқылығы, кемшілігі көзге ұрып тұр.

Біріншіден, азаматтық қоғамда бұқаралық ақпарат құралдар саласында мемлекеттік тіл міндетті түрде басымдыққа ие.

 Екіншіден, азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейді, білмейтіндерді азаматтыққа қабылдамайды.

Үшіншіден, мемлекеттік кызметте мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдайды, іс-қағаз тек мемлекеттік тілде жүреді.

Төртіншіден, сот жүйесі, құқық қорғау орғандары ашық та, астарлап та байырғы ұлттың тілін, дәстүрін қорғайды.

Бесіншіден, экономикалық салада жердің, жер байлығының иесі мемлекеттің тірегі болатын байырғы ұлтқа тиеді

Ал енді осы бес салада қазақ ұлты әлсіз .

Диаспоралар да негізінен өз этностық қауымдастығының өкілі бола тұра, бүгін Қазақстан паспортын алғанмен, қазақстандық азаматтыққа күрделі жағдайда бейімдеделуде. Ресейдің ТМД институтының Қазақстанда жүргізген зерттеулері бойынша, «Сіз Қазақстан азаматысыз ба»,-деген сауалға Шымкент қаласында тұратын, білім саласында 30 жыл жұмыс жасайтын, ұлты орыс әйел былай деп жауап беріпті: «Нет, я не чувствую себя казахстанцем… несмотря на то, что здесь родилась и это моя родина, я не чувствую, что президент и «его программа 2030» что-то делает для обычных и простых людей. Я вижу постоянно, что у нас везде коррупция… пойти в налоговую, пойти в полицию, финконтроль, везде надо дать на карман и везде казахские фамилии. Никакие мы не казахстанцы. Почему-то так получается, что все руководящие должности должны занимать или казахи или корейцы, а русские-нет. Я вот в суд хожу, все судьи вышли из залов на перекур, все казахи. О чем здесь можно говорить. Какие казахстанцы? А русские где? Только прислуживают и моют полы. 70 школ в городе и в 68 из них директора казахи. И ждут, когда эти двое уйдут на пенсию». (Социологические исследования, 2010, №8, 88 бет).

Сезімге бой алдырғанмен, бұл сөздердің астарында этносаралық қатынастардың көптеген қайшылықтары орыс диаспорасының көзімен берілген.

Диаспоралардың мүдделерін билік институттары да, азаматтық қоғам да қорғауға тиісті. Бұл этноұлтық мүдделерді ескеру және жүзеге асыру жүйесін қалыптастыруды талап етеді.

Бүгін Қазақстанда диаспоралардың саяси сана-сезімі өсуде. Этномәдени талаптарын қанағаттандырумен қатар, диаспоралар заң шығару органда ғана емес, атқарушы билікте де өкілеттілігінің болғаның қалайды. Бұл мәселелер құқықтық, және өзара тілектестік негізінде шешілуі тиіс.

Сонымен бірге, «Қазақстан көпұлтты мемлекет» деп жиі қайталай берудің астарында қазақты Қазақстандағы көп этностардың бірі ретінде қабылдау ойы жатыр және  ол пікір көп тараған. Азамат ретінде барлық этнос өкілдерінің құқы бір. Бірақ,  тарихта ұлтсыз мемлекет болмаған. Қазақстанның тұрақты дамуы үшін диаспоралардың мүддесін ескеру қандай қажет болса, қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт ретінде дамуы сондай, тіпті оданда маңызды. Мәскеу бес облысты Ресейге қосу керек деген тоқтамға келгенде, Жұмабек Ахметұлы «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай  тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын» деген. Себебі Кеңес заманында да Қазақ Кеңес Республикасының түп қазығы  қазақ ұлты, оның байырғы жері еді.

Қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт ретінде қабылдамау елімізді ұлттан тыс мемлекет моделіне бағыттап, мемелекетті қазақтар мәселесін шешуден шеттетеді, ал ол біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді мәнсіз етеді.

Қазақстан Тәуелсіздікке Одақ ыдырағандықтан ғана емес, қазақтардың ғасырлар бойы байырғы жерінде өз мемлекетіне ұмтылғандықтан қол жеткізді. Қазақтардың бұл ұмтылысын еліміздегі барлық этностық топтар қолдады.

Бүгін қазақтар барлық мемлекетқұраушы ұлт талаптарына саяси және этникалық жағынан сай: өзінің байырғы жерінде, сан жағынан елде басым және барлық диаспоралардың құқын қорғап отыр. Қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт мәртебесі Қазақстан халқы бірлігіне көлеңке түсірмейді, керісінше, оның елді біріктіруші қызметін айқындайды. Атап айтқанда, мемлекетқұраушы ұлт елдегі өмір сүретін барлық этникалық қауымдастықтардың тең құқықтығына жауапты, сондай-ақ қазақтар да олардың қолдауына мүдделі. Мемлекетқұраушы ұлт ретінде қазақтар Казақстанда қоныстаған диаспоралардың басын қосатын үйытқы.

ХХ ғасыр қазақтар үшін қайғылы уақиғалар ғасыры болды, қазақтар өз отанында азшылыққа айналып, ана тілі, дәстүрлері мен тарихынан айрыла жаздады. Бүгін сол жарақаттың, ұлттық-мемлкеттік теңсіздіктің орнын толтыру, өз мемлекеттілігін, мәдениетін, тілін, дәстүрін, тарихи мұрасын жаңғыртуға қазақтар лайықты халық. Ал қазақтың бүгінгі жағдайын ғылымда ішкі отаршылдық дейді: сыртқы тәуелсіздік пен еркіндікті алғанмен, ішкі рухани, әлеуметтік, тәуелсіздікте қала беру, одан арылу үшін алдын ала қамданып, ойланып, іс-шаралалар қабылдамау. Ұлттық мәртебені қолдайтын саясат, оңды қоғамдық пікір, қаржы, қисынды саяси қадамдар қажет. Оны отарсыздандыру саясаты дейді.

Сонымен, Ж. Ташенов тағылымы — мемлекеттің тұтастығы. Біртұтас аумақ, біртұтас азаматтық, біртұтас жоғарғы билік, біртұтас құқық жүйесі, барлығына ортақ мемлекеттік тіл негізінде мемлекет тәуелсіздігі, тұтастығы сақталады.

Амангелді Айталы - философия 
 ғылымдарының докторы, Ақтөбе мемлекеттік
 педагогикалық институтының профессоры.