Алматыда жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды
Мемлекеттік қызметтер, цифрлық көмекшілер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері енді бір кеңістікте тоғысты. Алматыда тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға, заманауи цифрлық шешімдерді пайдалануға және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды.
Жаңа кеңістік келушілердің түрлі қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған. Мұнда мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған жедел қызмет көрсету аймағы, онлайн-сервистермен жұмыс істеуге арналған цифрлық аймақ және кеңесшілер көмегімен күрделі қызметтер алу аймағы қарастырылған.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін кеңсе моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда жеке куәлік пен паспорт алуға өтінішті бірнеше минут ішінде өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалы орнатылған.
AI-кеңсе жұмысының тағы бір маңызды бағыты – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Арнайы жабдықталған аймақта тұрғындар электрондық мемлекеттік сервистер мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануды тегін үйрене алады. Оқу сабақтары әр сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді.
Айта кетейік, жаңа кеңсе Алматы қаласы әкімдігінің және «Halyk» компаниялар тобының қолдауымен ашылды. Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да республика көлемінде заманауи цифрлық кеңістіктер желісін дамытуды жалғастырады.




