Алла қаласа, осы жыл Қазақ елі үшін Алаш атын асқақтатар мəртебелі, мерейлі жыл болсын.

Тұғыры биік, қасиетті Алаш есімі Қазақ елінде тағы бір жаңғыратын болады. Тарихтың талауына түсіп, ата-бабаларым берген батаның ішінде негізі болып, анам көлдеткен көз жасының əрбір тамшысындай болған, қастерлі — Тəуелсіздік ұғымы біздер үшін, яғни жас буын өкілдері үшін ҰЛЫ ұғым болуы тиіс. Қан мен терге малынған ағаларыммен, мұз үстінде болашағынан айырылып, жаураған апаларымның, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымның, түйсігі мен білімі қатар ұштасып, келешекке көзқарасы бөлек болған ұлтжанды азаматтардың арқасында жетті емеспе бұл — Тəуелсіздік.

Алаш пен Тəуелсіздік мен үшін егіз ұғым. Ірге тасы Керей мен Жəнібектен басталатын Қазақ елінің сан ғасырлық тарихы қойнауына сансыз сырды əліде болсын бүгіп жатыр. Парықсыз болған Патша үкіметі мен кең көйлекті Кеңес үкіметі кезінде де бұрмаланып һəм арам ойлы пенделердің айтуымен қайта жазылған жалған тарихымыз бізді өзіміз танымайтын күйге түсіргені жасырын емес. «Ақтабан шұбырынды» — дан басталып, өткен ғасырдағы аштыққа дейінгі аралық ұлтымыз үшін ауырда, азапты кезең еді. Осы аралықта қазақ халқы бірліксіз береке болмайды, тірліксіз ештеңе өнбейтінін түсініп, ұлы сабақ алғандай. Тəуелсіздік қалай келді? Оны бізге кім алып берді?, Тəуелсіздік үшін кімдер күресті?, шыбын жанын кімдер қиды?, қанша уақыт кетті?. Қарапайым адам үшін АУЫР сұрақ.
Тəуелсіздіктің түбіне үңілмей-ақ өткен ғасырға бір көз жүгіртейік.
1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. Аумалы-төкпелі бұл кезеңде ширақ қимылдап, тереңінен ойлау аса қажет болды. Соған орай, Қазақстан аумағының түкпір-түкпірінде съездер өтті. Əрине, съездердің маңызын зиялы қауым өкілдері жете түсінді. Ұлт үшін ұлы мүмкіндік туып тұрған шақта 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен Бірінші Жалпықазақ съезінің маңызы зор болды. Алаш арысы Міржақып Дулатұлы сөз алып баяндама оқыған съезде автономия құру мəселесі қызу талас-тартыспен бірнеше күнге созылды. Көп күтпей-ақ азаттыққа жетелеген «Алаш» партиясының құрылды. Сондай-ақ, 1918 жылдың 1 сәуірінде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездескен еді. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын жəне «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдеді. Шешуші əрі сын сəтте бас біріктіріп, тізе қосқан Алаш ардақтылары қазіргі тəуелсіздіктің қазығын сол кезден-ақ қағып кетті. Алаш көсемі Əлихан атамыздың: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады» дейтін бір сөзі көп нəрсені аңғартады. Ұлт үшін ұйқысын тиып, жағдайы мүшкіл халқының жоғын жоқтап, барын түгендеу ісі мойындарына жүк болып артылған уақыттары бар күшін сарп ете білген Алаш ардақтыларын ұмыту əсте мүмкін емес, болмайды да.

15781764_1709145756064150_2311165782620569733_n

Аллаға шүкір, тəубе! Тəуелсіздігіміздің 25-інші жылын тойладық. Қазақ халқы үшін үлкен бақыт!. Жоғарыда айтылып өткен Алаш ардақтылары жастардың көкейіне орнығып, саналарына жатталуы керек. Жуырда, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы ҚР Парламент Мəжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа «Алаштың 100 жылдығын жоғары мемлекеттік деңгейде өткізу туралы» депутаттық сауал жолдаған еді.

Сауал мəтінінде: «Алдағы 2017 жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл ұлттық демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының ұстанымдары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Бірақ, азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлеріне көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмады. Алаш арыстарының ең басты еңбегі заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне ат салысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда қанын да, жанын да аяған жоқ. Дегенмен, бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел» — деп, Елбасы айқындап берген «Мəңгілік ел» патриоттық актісімен үндесіп жатқандығын тілге тиек етіп, Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлының «Тарих толқынында» атты еңбегінің «Алаш мұрасы жəне осы заман» тарауында 20 ғасырдың басында қазақ қоғамында зиялы қоғам қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал, деп атап өтті. Сонымен қатар депутаттық сауал барысын Азат Тұрлыбекұлы «Ендеше, Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына үкіметтік және басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда қазірден кірісуге шақырамыз. Оны өткізуді салмақты әрі сапалы дайындық пен жоспарлау қажет деп санаймыз. «Ақ жол» фракциясы ҚР Үкіметіне қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, жүзеге асыруды ұсынады. Осы ұсынымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарабынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуіңізді сұраймыз»,- деп түйіндеді. Өзін Алаштың ізбасары деп жариялаған «Ақ жол» партиясы Алаштың 100 жылдығына байланысты көптеген шараларға мұрындық болады деп сенемін. Қазіргі қоғамның түйіткілді мəселесі діннен басталып, рухани азғындалуға дейін барғандығын көзімізбен көріп жүрміз. «Жастарға не жетпейді?» дейсіздер ғой. Жастарда бəрі бар, тіптен артығыменен. Тек ҰЛТТЫҚ РУХ жоқ. Біз жастарды жалқау, еліне жаны ашымайды, қоғамға түк пайдасы жоқ деп көп сөгеміз. Ол өзіміздің кінəміз. Қысылтаяң уақыттары Алаш арыстары елім үшін, жерім үшін, болашақ үшін деп өздерін құрбандыққа шалып, өмірлерін қиды. Себебі оларда РУХ болды. Қыл үстінде жүрседе қолынан келгенін істеп баққан Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайларды əдебиет, тарих пəндерінде бір-екі парақтық тақырып ретінде өткізе салу қиянат секілді. Жан-жақты насихаттаудың аздығы өз əсерін тигізіп келеді. Жастайынан Алашты оқып, Алаштықтардың тағдырын жеті атасындай біліп өскен баланың ой өрісі бөлек, танымы кең, мінезі ұстамды, ерік-жігері мықты, сауатты болары хақ. Неге? Себебі бір Əлихан атамыздың ғұмыры, еңбектері өмірлік үлгі болуға тұрарлық. Сондықтан да, жастарымызда ҰЛТТЫҚ РУХ болуы үшін Алашқа етене жақын болуы керек. Сонда ғана оң нəтижесі болады. Болашақ ұрпақ үшін, жастар үшін Əлихан Нұрмұхамедұлының «Жастар! Жұртшылдар! Өз бетіңмен іске кіріс!» — дейтін сөзі ұранға айналуы қажет.
Алла қаласа, осы жыл Қазақ елі үшін Алаш атын асқақтатар мəртебелі, мерейлі жыл болсын.

Жанұзақ Койчукулов
«Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының баспасөз хатшысы
«Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Жастар мəслихатының хатшысы