Әлімхан Ермеков атындағы стипендия тағайындау Қарағанды техникалық университетінде көзделіп отыр

Алғашқы қазақ математигі Әлімхан Ермековтың есімімен Қарағанды техникалық университетінде аудитория аталды. Сондай-ақ, ЖОО-да ұлы ғалымның 130 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында студенттерге атаулы стипендия тағайындау ұсынылды.

Бүгін Қарағанды техникалық университетінің қабырғасында атаулы күндерге орайластырылған іс-шаралар кешені өткізілді. Жоғары оқу орнының бірінші корпусында Әлімхан Ермековтың атаулы аудиториясы ашылды. Бұл ерекше маңызға ие оқиға, себебі 1955 жылдан 1961 жылға дейін профессор бұрын Қарағанды политехникалық институты деп аталған осы ЖОО-ның Жоғары математика кафедрасында жұмыс істеді. Ұлы математиктің есімі №307 аудиторияға берілді.

 

 

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» тақырыбына арналды. Оған облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, шетелдік (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Болгария, Словения, Словакия) және қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми орталықтардың, мұрағаттар мен мұражайлардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және т. б. қатысты.

 

 

Конференцияның пленарлық отырысына Әлімхан Ермековтың немересі, экономика ғылымдарының кандидаты Олег Ермеков қатысты. Ол Ұлыбританиядағы MaryAdi Education білім беру компаниясының басшысы болып табылады. Олег Ермеков өз сөзінде атасы туралы естеліктерімен бөлісті және оның жеке қасиеттері туралы баяндап берді.

Конференция соңында ұйымдастырушылар 7-14 сәуір аралығында өткен Жоғары математика пәні бойынша Республикалық студенттік олимпиаданы қорытындылады. Оған Қазақстанның 14 облысынан 20 ЖОО студенттері қатысты.

Бірінші орын Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Александр Ахметшинге берілді. Екінші орынды Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Антон Асқазков және Назарбаев Университетінен Мадина Өткел өзара бөлісті. Үшінші орынды ҚарТУ студенттері Дарья Матыцына, Әлема Толуғазы және Назарбаев Университетінің оқушысы Бақытжан Құрманбек иеленді.

 

 

Конференция соңында үздік студенттер үшін Әлімхан Ермековтың атаулы шәкіртақысын тағайындау ұсынылды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар Мәдениет және спорт министріне Әлімхан Ермековтың тұлғасы туралы толық метражды деректі және көркем фильмдерді түсіруді қаржыландыру туралы ұсыныспен шығуға ниетті.

 

Жомарт Шаймұрат