Әлихан Смайылов: Жаңа жобаларды іске асыру моноқалаларда өмір сүру сапасын өзгертеді

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Саран қаласының индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты.
Үкімет басшысы 2022 жылдың соңында іске қосылуы тиіс «KamaTyresKZ» ЖШС жаңа шина зауытының құрылыс алаңына барды.
Кәсіпорын жоспарлы қуаттылыққа шыққаннан кейін өнім, соның ішінде автомобильдердің бастапқы комплектациясы үшін Қазақстан нарығына, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне жеткізіледі деп күтілуде.
Әлихан Смайылов кәсіпорынның сабақтас өндірістерін локализациялауды арттыру және арнайы әзірленген білім беру бағдарламалары негізінде кадрлар даярлауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімі Жеңіс Қасымбек премьер-министрді Saran индустриялық аймағының инфрақұрылымын дамыту туралы хабардар етті.

«Көп жылғы үзілістен кейін қаланы дамыту драйверлерінің бірі және өсудің перспективалық нүктесі Saran индустриялық аймағын құру болды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды, олар мұндай жобалардың іске қосылуы қаладағы өмір сүру сапасын қалай өзгертетінін нақты көруі тиіс», — деді Үкімет басшысы.
Содан кейін Әлихан Смайылов жылына 1200 бірлік автобус шығаратын «QazТehna» ЖШС зауытына барды.
Бүгінде кәсіпорында мектеп автобустарын шығару жолға қойылған, олар жаңа оқу жылына қарай Қазақстанның тоғыз облысына беріледі. Сонымен қатар жыл соңына дейін қоғамдық тасымалдау үшін де автобустар шығару жоспарланған.

«QazТehna» зауыты әлемдік машина жасаудың ірі өкілдерімен өнеркәсіптік кооперация бүкіл қаланы қалпына келтіруге оң ықпал ете алатындығына мысал бола алады. Үкімет отандық автомобиль жасау кәсіпорындарын одан әрі кешенді түрде қолдайтын болады», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ премьер-министрге импортты алмастыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде іске қосуылуы тиіс «Meridian Company» ЖШС болашақ тұрмыстық техника зауытының жобасы таныстырылды.
Бұдан әрі Әлихан Смайылов жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған РТБ (резеңке техникалық бұйымдар) шағын ауданындағы көп қабатты үйлерді қалпына келтіру барысымен танысты.
Жалпы Саран қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны соңғы үш жылдық кезеңде 260%-ға ұлғайды. 2022 жылы тағы 250 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Әкімдік тұрғын үйді іске қосу қарқынын одан әрі ұлғайтуы, сондай-ақ қаланы абаттандырумен белсенді айналысуы қажет», — деді премьер-министр.

Жомарт Шаймұрат