Әлеуметтік жауапкершілік: Қарағанды облысында өнеркәсіпшілер педагогтарға қолдау көрсетті

Қарағанды облысында «Қазақмыс» корпорациясы педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын қаржыландырды. Компанияның көмегімен педагогикалық трансформация орталығы құрылады.

«Қазақмыс» корпорациясының даму жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев педагогтардың тамыз айындағы онлайн-конференциясына қатысты. Ол білім беру саласына әлеуметтік қолдау көрстілетіні туралы айтты.

Өткен оқу жылында компанияның бастамасымен Жезқазған өңірі және Балқаш мектептерінің 1 332 мұғалімі «НЗМ» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығында біліктілігін арттырды. Тағы 4 мыңға жуық педагог семинарларда, вебинарларда және каникулдық мектепте оқыды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанға білім туры ұйымдастырылды.

– Біз «Ұстаз – Ұлытау» педагогикалық трансформация орталығы» жобасын бастаймыз. Оны жүзеге асыруға халықаралық сарапшылар тартылды. Жобаның мақсаты – «Қазақмыс» қатысатын өңірлердегі мектептерде оқушының мүддесі мен оның кәсіби келешегі үшін оқыту сапасын арттыру болып табылады. Сондай-ақ, Сәтбаевта балаларға қосымша білім беру және ерте кәсіби бағдар беру үшін оқыту және жұмысқа орналастыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, – деп Бахтияр Қырықпышев жаңа бастамаларын ұсынды.

 

 Жомарт Шаймұрат