Әлди

Сәйке Құлжан шайырдың осыдан пәленбай жыл бұрын, келешегінен қауып ойлап айтқан, «Заманым тұр теңселіп» деген толық мәтіні жетпеген зарлы толғауында, «Аламын — деп, — орыс тұр, / Құлағыңа ен салып…» деген жолдар бар еді. Сол керік кеуде әулие шалдардың бір кездегі түйсікті болжамы бүгінде божырамай келіп тұрған сияқты. Тек оны дүмбілез дүбәралықпен сезбей, сезсең де үніңді жұтып, сырыңды сыртқа шашпай, іштей шыңғырып отырған өзің. Бақсақ, бұл аузын түк басқан гәуірдің жұрағаттары біздің қара бауыр, қасқа жұрттың қылша мойнына құлдық қамытын біржола кигізуге қам жасаған екен. Ақыры, міне, арандағы аюдың аңғарындағы арам ойы ақтарылып, ақиқаттың аңғалағы ағып, алақаныңа түскенін көрдің. Біле білсең, бұл сенің маңдайыңа жазылған мың жылдық тағдыр талайыңдағы ең үлкен қателік, кешірілмес күнә, ауыр қылмыс болғалы тұр. Әй, бірақ, арғы ата-бабалары жан алысып, жан берісе жүріп аңсап жеткен азаттықтың қос тізгіні өз қолына тиіп, бақ пен дәулет қатар келіп, күні-түні есік қағып тұрғанда да мәңгі ұйқысын қимай, қыңқ етпеген есіл жұрт оқыс оянып, енді нені қарық қылып, не тындыра қойғандай дейсің? Әттеген-ай, әлди, әлди, әлди-ай!
Берік ЖҮСІПОВ