Алаяқтың арбауына түспеңіз

Қазіргі таңда интернет алаяқтары түрлі айла-шарғыларды қолдана отырып, адамдардың банк карталарындағы ақшаларын аударып алу, немесе банктен оның атына несие рәсімдеп алу секілді қылмыстарды көптеп жасайтын болды. Өкінішке қарай қылмыстың мұндай түрі «дәстүрлі ұрлықтың» қатарына енгендігін мойындауға мәжбүрміз. Дегенмен біздің құқық қорғау органдары халықтың мал-мүлкін қорғауда аянбай еңбек етіп келе жатыр. Солардың арасында елордалық полицейлеріміз алаяқтардың жолын кесу үшін күндіз-түні тер төгіп келеді. Біз шағын мақаламызда сондай қылмыстар туралы бір-екі оқиғаны тілге тиек етуді жөн көрдік.

Жақында Астана қаласы Полиция Департаментінің «police_astana» Instagram парақшасында мынадай ақпарат таралды.

-«Елорда тұрғыны полицияға жүгініп, ескі танысы оның 250 мың теңге ақшасын иемденгені туралы арызданған. Тергеу барысында ер адам жәбірленушіге банкте ықпалды таныстары барын айтып, қайта есептеу сылтауымен ай сайынғы несие төлемін төмендетуге уәде бергені анықталды. Қаскеүнемнің сөздеріне сенген қыз оған ақша берген. Қолма-қол ақшаны алғаннан кейін ер адам байланысқа шығуды тоқтатқан. Жедел-іздестру іс-шараларын өткізу барысында «Алматы» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қаланың 33 жастағы тұрғынын күдікті ретінде құрықтаған.

Полиция оның тағы бір алаяқтық фактісіне қатысы бар екендігін анықтаған. Ол қысқа уақытқа ноутбук қажет деген сылтаумен досынан гаджетті алып, содан кейін бірден ломбардқа өткізіп жібергені белгілі болған. Сөйтіп ақшаны өз қажетіне жұмсап жіберген. Аталған фактілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде»,- деп жазды Астана қаласы Полиция Департаменті өзінің Instagram парақшсында.

Келесі бір оқиға да интернет алаяқтығымен сабақтасып жатыр. Астаналық тұрғынның тоңазытқышсы бұзылып қалады. Ол «Olx.kz» қосымашасынан өзіне ыңғайлы деген бір тоңазытқышты сатып алмақшы болып, бір жарнаманың астындағы телефонға хабарласады. Екеуара келіскеннен кейін қожайыны «алдын-ала 10 мың теңге төлеңіз, жарнаманы интернеттен алып тасаймын» деп уәде береді. Сұраған соманы оның көрсеткен нөмеріне жолдайды. Ақшаны алып болған «сатушы» осыдан кейін телефонды көтермей қояды, кейін біржолата өшіріп тастайды. Осыдан кейін полицияға арызданған тұрғынның өтініші бойынша жедел іздестіру іс-шаралары барысында «Есіл» ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 30 жасар қала тұрғынын қолға түсіреді. Қазір сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бұлар күнделікті кезедсетін алаяқтықтың кең жайылған түрлерінің шағын мысалдары ғана. Өкінішке қарай адамдар қазіргі таңда интернет алаяқтарының түр-түрімен бетпе-бет кезедсіп жатыр. Олар көбінде банк қызметкерлерінің атын жамылып қоңырау шалып жатады. Кейде «Olx.kz» секілді жарналмалық қосымшалардағы заттарды сатып алмақшы болып хабарласатыны бар. Көбінің мақсаты банк карттарының нөмері мен кодтарына қол жеткізу болмақ. Бір қызығы мұнадй алаяқтар көбінде сіздің аты-жөніңізді дөп басып айтып тұрады. Олардың азаматтардың жеке бас мәліметтерін қалай қолға түсіретініне ақылың жетпейді.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге жүгінер болсақ 2018-2022 жылдар аралығында еліміз бойынша интернет алаяқтығы 40 есеге өскен екен. Яғни 2018 жылы аталған факты бойынша елде 517 іс тіркелген болса, 2022 жылы 20,5 мың факті анықталған. Шұғыл өршіп бара жатқан бұл қылмыс түрін ауыздықтау үшін 2019 жылы ІІМ-де Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрылды. Былтыр бас қаламызда интернет алаяқтығына қатысты 4000-ға тарта факті тіркеліп, тікелей келтірілген шығын көлемі 1,5 млрд теңгеден асып кеткен екен.

Біздің құқық қорғау органдары қызметкерлері өзге саладағы әріптесетрімен бірлесе отырып интернет алаяқтарының алдын алу, сақтық шараларын күшейту мақсатында бас қалмызда жыл сайын «киберқауіпсіздік» акциясын өткізіп келеді. Ондағы басты мақстат- халықтың ақпараттық сауатын арттыру, интернет желісінде қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, дербес деректерді қорғау және кибербуллингтің алдын алу негіздеріне оқыту болып табылады. Мұнда сақшыларымыз негізінен ағартушылық бағытта түрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қоса, арнайы мамандардың кеңесімен де бөлісіп келе жатыр. Сонымен қоса қазіргі таңда бас қаламыздағы ірі сауда орталықтары мен супермаркеттерде, өзге де халық көп жиналатын орындарда интернеттегі алаяқтардан сақ болуға, есірткі саудагерлері мен оны қолданушыларды әшкерелеуге қатысты жарналмалық үлгідегі хабарларды көптеп таратып, тұрғындарыдң қырағылығын арттыруға ұмтылып жатыр. Бұл өз кезегінде жақсы нәтижелерге бастайды деген сенімдеміз.

Дайындаған: Ерқазы СЕЙТҚАЛИ