Алаштың енші бөлуі

Қазақтың қария сөзінің айтуында Алаштың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп аталатын үш ұлы болған.
Иісі қазақ осы үшеуінен өрбіген. Алаш қартайған шағында үш ұлын шақырып алып, қолындағы дәулетін балаларына енші етіп бөліп бермекші болады.
Ол үшін бүкіл мал- мүлкін тең етіп төртке бөледі де, соның үш бөлігін үш ұлына береді. Қалған төртінші бөлікті тағы үшке бөліп, үш ұлының еншісіне қосымша үлестіреді. Балалары мұның мәнісін сұрайды.
Сонда Алаш отырып өсиет сөз айтады. ,,Алғашқы бөліктер әрқайсыңның өз еншілерің. Ал соңғы берілген қосымша бөлік ,,бөлінбеген енші,, — деп аталады.
Оның иесі үйлеріңе келетін Құдайы қонақ атаулы. Сондықтан бұдан былай жолаушылап жүрген адам босаға аттаса, оның төсек- тамағы мойындарыңда болады.
Себебі әрқайсыңда сол жолаушының бөлінбеген еншісі бар деп біліңдер. Жолаушы қонақ үйдегі өзінің бөлінбеген еншісіне лайық сый- құрмет көрмесе, сол үйдің иесі ата салтын сақтамаған, аманатын ақтамаған адам ретінде ат -шапан айыбын тартатын болсын!
Бұл сияқты жөн- жоба мен жол- жоралғының мәнісі көш- қонды тіршілік тірегі еткен ел -жұрт бір біріне қарайлас болса ғана алаңсыз өмір сүре алады дегенге саяды.
Өйткені бүгін сенің үйіңе бір жолаушы қонақ болса, ертең сен басқа біреудің үйіне қонақ боласың.
Мұндайда ел- жұртты тек бөлінбеген енші ғана жарастыра алады. Сондықтан бөлінбеген енші исі қазаққа мәңгілік мұра болсын!»
Алаштың осы өсиетін ,,мен қазақпын,, дейтіндер күні бүгінге дейін сақтап келеді. Қазақтың ен даланы еркін кезіп , әр үйді өз үйіндей жайлайтыны осыдан болса керек.
Ақселеу Сейдімбек.
Қазақтың ауызша тарихы кітабынан.