Алаштың бір көкжалы Елдес деген

(Жалғасы, басы мына сілтемеде)

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-19 жылдары Алашорданың Қостанай уезіндегі комиссары болғанын жоғарыда айтқанбыз. «Қазақтың Ломоносовы» атанған ағаның «Ло- моносов» деген бүркеншік аты да болған. Ал «Тайбағар» деген атпен «Жас қазақ» журналына (1924 жыл № 5-7) «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол» деген мақалаларын бастырған. Бірқатар шығармаларын «Әділ» деген бүркеншек атпен жариялаған. Керекуде шығып тұратын «Дауа» газетінің 1994 ж. № 1 (наурыз) санында жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Күні бардың күншілдігі жоқ» деп аталған мақаласы басылды. Онда оқу-ағарту жұмысында жүрген ірі мемлекет қайраткерлері мен қазақ зиялыларының іргелері ажырамай, үнемі бірге бас қосқаны айтылады. Жазушы осы мақаласында арыстарымыз өздерінің оңаша от- ырыс-мәжілістерінде бірін бірі қосалқы аттарымен атағанын жазады. Мысалы: Міржақып – Қоңқақ, Мендешев – Шұбар, Сәкен – Долан, Елдес – Жорғақ. «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы маусым айындағы санында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың «Ардақтап өтем әкемді» деп аталған естелігі жарық көрді. Осы естелігінде апай Елдес ағасын ерекше ыстық сезіммен еске алады: «… Бұл кісіні Елдес аға дейтін едім. Папам екеуі қатты қалжыңдасатын, қуақы сөйлейтін, өзі күлмей, жұртты күлдіретін қасиеті болатын. Кейін дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға мен Ісмет Кеңесбаев сонда орыстарға қазақ тілінен сабақ берді. 1935 жылдары жиі көріп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда көз ал- дымнан бұлдырлап, алыстағы сағымдай, тілесең де оралмайтын бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді бір көруге зар болған сағынышым одан сай- ын күшейіп, жүрегімді сыздататын. Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Кеңесбаевқа: «Ісмет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын, аяулы Міржақып Дулатов, жан жолдасым дүние салғанын естідім, менің сабағымды өзің жүргізе сал», – депті. Мұны маған алпысыншы жылы Ісмет ағаның өзі айтты. Елдес аға, папам және басқа он төрт кісімен бірге 1988 жылы ноябрьде, алпыс жылдан соң ақталып шықты», – деп жазады Гүлнар апай. Гүлнар апай Елдес ағаның зайыбы Эльзаны және Міржақыптың үзеңгілес серіктерінің бірі, қазіргі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен Ғаббас Нұрымовтың үйінде болғанын да тебірене жазады. Ғаббас тұңғыш рет Алаш маршын орындаған. Кейін Совнаркомда жауапты қызмет атқарған, білікті аудармашы болған арда- гер ағаларымыздың бірі. Елдес ағаның інілері Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қапаш Шуақаев пен Қостанай облысының тұрғыны Абай Қошаловтың айту- ына қарағанда, алғаш с о т т а л ғ а н жылдары Елдес аға тозақта болғандай қүй кеш- кенін кейін елге оралғанда айтқан көрінеді. «Адам ит жанды деген өтірік екен, адам иттен де төзімді болады екен. Іш ауруынан адамдар шыбындай қырылғанда да аман қалғандар болды. Егер жүз тал кендір талдасаң, бір күрешке быламық береді, жұтқан жұтамайды дегендей, жүруге шамам кел- месе де, жатып, кендір талдап, быламық ішіп, ес жидым» – дейді екен. Ел адамдарының сөзінше, жиырма бірінші жылғы аштықта Елдес сол тұстағы қазақ зиялыларымен тізе қосып, Торғай өңірі қазақтарын аштықтан аман алып қалу үшін көп күш-жігер жұмсаған. Семей байларынан үйір-үйір жылқы алғызып, көп адамды аштықтың аранынан арашалап қалған. Елдес Әлихан мен Ахақды қазақ ұлтының көсемдері деп таныса, олар да Елдес десе ішкен асын жерге қоятын. Елдес «Пішіндеме» мен «Кескін- деме» жарық көргеннен кейін ең алғашқы бағаны да солардың аузынан естіген. Геометрия мен тригено- метрияны тәржімалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмепті, сен қазақ ұғымына сай ба- лама тапқан екенсің, – деп екеуі бір- дей балаша мәз болған. Сондықтан да Елдес математиканы қазақшалау барысында тағы да арқа тұтар екі ағасын алға салып, солар- мен ақылдасып алуды жөн көрген. Біреуіне арнайы хат жазып, ақыл қосуын сұраса, екіншісімен көзбе- көз кездесіп, пікірлескен. Ахмет Елдестің аудар- маларын және жаңа баламаларын қуана құптаған болатын. Сол жолы Елдеске Әлиханның өзіне жазғанындай ғылымның түрлі саласында жаңа сөздер жасауда өзіңнен асқан ешкім жоқ болып тұр, Елдес! – деп арқасынан қаққан. Әлихан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – деп жазыпты. Мұхтар Әуезовтің жан достарының бірі болған Елдес Омарұлы Мұхтардың алғашқы әйелі Рай- ханнан туған қызы Мұғалима апайды жас кезінде Мұхаңның өтініші бойынша Семейден ертіп әкеліп, жазушының отбасына тапсырған екен. Ұлы жа- зушы Валентина Николаевнадан туған тұңғыш ұлдарының есімін Елдес Омарұлының құрметіне Елдес деп қойған. Өкінішке орай, нәресте бір жасқа толмай шетінеп кеткен. Көлемі үш жүз беттен құралған қазақ әдебиеті туралы жазушы еңбегіне алғаш орыс тілінде пі- кір жазған да Елдес Омарұлы. Онда Елдес аға жазушының еңбектеріне жақсы баға береді. Жазушы Бейбіт Сапаралы «Егемен Қазақстан» га- зетінде жарияланған «Арыстар өмірінің асыл үзігі» деген мақаласында (20 мамыр,1997 жыл): «1934- 1937 жылдар аралығында Алматыда Қазақтың Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты (КНИИНК) жұмыс істеп, әдебиет пен фольклор, тіл, тарих, су- рет сызу мәселелері бойынша қомақты-қомақты еңбектер тындырғаны белгілі. Тап осы ғылыми-зерттеу о р д а с ы аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ауқымды арнада келісім-шарт бойынша жұмыс істе- генін институттың сақталып қалған (көрнекті ғалым, тіл маманы – түрколог Сәрсен Аманжоловтың жеке архивінен табылған болатын – Б. С.) ресми кіріс- шығыс қағазы арқылы анықталған болса, жаңадан табылған Әлихан ақсақал хатының мазмұны сол деректерді үсті-үстіне айғақтап, бекітіп беріп тұр», – дейді. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаев «Жұлдыз» журналында (№1,2010 жыл) жарық көрген «Ұраным – Алаш» атты эссесінде тергеуші Логачевтің Ел- дестен алған жауабын келтіреді. Осы еңбегінде: «Алашорда» көсемдерінің арасындағы «сүйкімді сері» атанған Елдес Омаровтың еріксіз жазылған жоғарыдағы «естелігі» Әлиханның көзқарасы мен жан дүниесін тереңірек түсінуге мүмкіндік бе- реді… «Өзінің шыққан әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерін емін-еркін пайдалануы тиіс» деген талаптың түпкі астарында: қазақ жері – қазақтардың ұлттық байлығы деген үлкен мағына бар еді» – деп жаза- ды. Елдес өз жауабында: «Ал ауылдағы таптық жік- теуге келсек, оны мен – Омаров, қазақ халқының көпшілік бөлігі – байларға байлаулы болғандықтан да, онымен ашық күресе алмайды, байдың ықпалындағы кедей өзінің үкімін ауқаттыларға қарсы жүргізе алмады деп ойладық» – деген түсініктеме берген. Елдес ұлт мүддесін көздеп: «Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да еліміздің еуропалық бөлігіндегі губернияларынан қоныс аударушыларды көшіріп әкелу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергілікті халыққа жер бөлініп бе- рілгеннен кейін, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егер де жер- гілікті қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшін, қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшіріп жіберу қажет» – деп кесіп айтқан. Яғни, Алаш арыстарының жерге деген көзқарасы бірдей болғаны Елдестің осы сөзінен-ақ айқын аңғарылады. Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде Елдес Омарұлына үлкен баға берген. Ол өзінің естелігінде: «Бұл ту- ралы маған, қысты күні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Ел- дес Омарұлы келіп, біраз сөз айтты. Оған да мен мәселені газет бетіне, көптің талқысына сал деген едім. Ол ауырып қалды…» – деп жазған. Елдес Омарұлының орыс тілінде жазған не- гізгі мақалаларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдауға арналған. Мұнда ол Ахметтің қазақ әліппесін жасаудағы, қазақ жазуын жаңғыртудағы төл еңбегіне жан-жақты тоқтала ке- ліп, ақын, аудармашы, көркем сөз бен көсем сөз шебері, педагог және қоғам қайраткері есебіндегі талантына шынайы баға береді. «Ақаңды барлық қазақ даласы біледі, оны сый- лайды, сүйеді, бірақ, ол әлі өз бағасын алып біт- кен жоқ», – деп жазады Елдес аға.Осы сөздерді Елдес ағаның өзіне байланысты айтуға да болар еді. Қас талант жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай бермек. Қостанай қалсында Елдес аға оқыған орыс-қазақ училищесі қабырғасына ардақты ағаға арналып ескерткіш тақта орнатылған. Таран ауданындағы Белинский елді мекеніндегі орта мектепке оның есімі берілген.

Ақылбек Шаяхмет,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты,

Ахмет Байтұрсынов атындағы

Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры