АЛАШ БАЛАСЫ БҰЛ СЫНАҚТЫ ДА ЕҢСЕРЕТІНІНЕ СЕНЕМІН!

Рамазан айындағы ана тілегі

         Уақыт керуені алға жылжып тағы да бір қасиетті Рамазан айына келіп жеттік. Биылғы рамазан айы аса үлкен сынақтарға тура келген ай болды. Жер бетіне таралып кеткен жұқпалы індет адамдардың қалыпты тұрмысына үлкен өзгерістер алып келді. Осылайша 2020 жылдың оразасын ерекше жағдайда өткізгелі тұрмыз. Бұл да болса Алланың сынағы деп қабылдаймыз. Рамазан айының қасиеті туралы, мұсылманның бес парызының бірі жеткізіп келгеніне ешкім шүбә келтірмесі анық. Қазақ халқы талай ғасырдан бері талай наубетті бастан өткізген қайсар халық. Арысын айтпаған күннің өзінде, күні кешегі Кеңестік қоғамда өмір сүруге мәжбүр болған, саясаттың темір жұдырығы төбесінен төніп тұрған кездің өзінде оразасын үзбеген қарттарымызды көзіміз көріп өсіп едік. Шілденің шіліңгір ыстығы, қыстың қақаған аязында таңнан күн батқанша таусылмайтын ауыр еңбек оларға кедергі бола алмайтын. Ең бастысы қатал тәртіпке қарамастан үнсіз ғана оразаларын ұстап, Алладан үмітін үзбей жүрген сол қарапайым адамдардың иманы кәміл екен деп ойлаймын кейде.

Баршаңызға белгілі, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантиндік режим Рамазан айындағы дағдымызды да өзгертіп отыр Жұқпалы дерттің таралуының алдын алу үшін жарияланған төтенше жағдай әлі жалғасып жатыр. Күллі әлемге төніп тұрған бұл қиындықтан қазақ халқы да шет қалған жоқ. елімізде жарияланған карантин әлі жалғасып жатыр. Алла сәтін салса бұл қиындықтан да құтылатын күн алыс емес деп ойлаймын. Жаратқан иеміз қара ормандай халқымыздың сабырын сарқымасын, имандарын бекем етсін деп тілейміз.

Кезектегі төтенше жағдайға байланысты, барлық салада жұмысты онлайн режимінде жүргізуге көштік. Күні кеше ғана бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз білесіздер, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине, бұл – уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Ер азаматтарымыз жамағат болып оқитын тарауық, жұма намаздары да уақытша тоқтатылған жағдайы бар. Әрине, жұқпалы дертті ауыздықтау үшін қатаң шараларды қолдану, асыл дініміз исламның талаптарына қайшы келмейтіндігі белгілі. Аллаға шүкір, егемен еліміз қасиетті дінміздің өркендеуіне кең жол ашып берді. Қазір имандылық жолына бет бұрып, жүректеріне ізгілік нұрын ұялатқан қандастарымыздың қатары артып келеді. Солар үшін барынша тиімді жағдай жасалып та жатыр. Пандемияға байланысты ерекше жағдай кезінде де ғибадат құлшылықтарын үзгісі келмейтін мұсылмандар үшін оңтайлы шешімдер қарастырылып жатыр.

«ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың қатысуымен «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде білікті дін қызметкерлері мен ғалымдардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды» – деді бас мүфти. Бұл да болса көңілге демеу.

Мен аналық жүрегіммен мынау сынақтың тезірек бітіп, қалыпты өміріміздің қайта оралатын күннің жақындауын тілеп дұға етемін! Адам баласына келіп жатқан сынақтардың арты қайырлы болғай! Қара орман халқымыз аман болсын! Небір сынақтардан аман өткен Алаш баласы, бұл күндерді де есен-сау өткізеріне сенемін! Аллатағала баршаларыңыздың оразаларыңызды, құлшылық ғибадаттарыңызды қабыл етсін! Әр істеріңізді сауапқа жазсын! Алла Тағала баршамызға береке-бірлік, әр шаңыраққа ынтымақ пен бейбіт, берекелі өмір сыйласын. Адамзатты сабырға, кешірімге жақсылық пен мейірімге тәрбиелейтін Рамазан айында індетті бірге жеңіп, еліміз өркендей берсін! Рамазан айы құтты болсын!

 

 

Құрметпен

 Сәуле Мешітбайқызы,