Әкенің баласына ықпалы 4

4. Есею мен жетістікке жету
Әрекет жасай білу, өзіңді көрсету, тәуекелге бел буу, жаңа нәрсе жасай алу, өмірді өздігіңше сүру, өз жолыңмен жүру, өзіңді кәсіби маман ретінде көрсету, ата-ана, жұбай ретінде даму. Бұл есею жолы, адам өспесе, өзіне ғана тән өзгеше өмірлік әлеуетін аша алмай өтеді.
Бұл салаға неге әке ықпал етеді?
Бала үшін ана – бүкіл әлем. Бала әуелде анасының жатырында жатады, сосын оның жалғасы ретінде дүние есігін ашады. Ана мен баланың қарым-қатынасы о бастан егіз. Есею жолы – сепарация. Баланың анасынан (әке-шешесінен) бөлінуі. Ары қарай – бірқатар инициациядан өту. Адамның кейбір жас ерекшелігі кезіндегі өтпелі кезеңдердің бәрі де инициацияға жатады. Осындай өтпелі кезеңдерде адам есеюге, өзіне жауапкершілік алуды, өз мүмкіндігін айқындауды үйренеді. Көз алдындағы әлемді төңкеріп қарап, жаңаша қабылдайды. Әрине, өз әлеуетін пайдалана отырып.
Осыны ескере отырып, әке ықпалының бірнеше инициациялық қырын тізіп шығуға болады:
1. Анадан бөлінуі – дағдарыс
Әкенің балаға ықпалы бастапқы кезеңде аз ғана – тек анасы арқылы. Бала өскен сайын анадан бөлек әкесі барын түсіне бастайды. Күн өткен сайын ол адам маңызды бола береді. Баланың әкемен қарым-қатынасы егіз болмайды. Әкенің арқасында баланың анасынан бөлінуі еркін өтеді. Әкеге көңілі ауған баланың анадан бөлінуі алғашқы инициация болмақ, келесі инициациялардың іргетасы десек те болады. Өсуге ынталану, өзгеру, өмірлік дағдарыстан өтуге бейімділігі артады. Бұл кезеңдерді өтпейтіндер дағдарыстан басын алып қашып, кей дағдарыста кептеліп ұзақ жыл бойы қап кетеді, жетістікке лайықсыз адамдай сезініп, өзін сатып кеткендей күйде өмір сүреді, «менде өмір жоқ» деп тірлік қылады.
2. Жұптық қарым-қатынас пен инфантильді тәуелділік
Баланың өмірінде әкенің болуы, онымен қарым-қатынас ересек өмірде толыққанды жұптық қарым-қатынас орната алу қабілетінің іргетасын құяды. Тек анасымен өскен бала жұптық қарым-қатынаста кішкентай қыз не ұл болып қала бермек. Оларда сепарация жүрмейді, не өте күрделі боп өтеді. Содан кейін «үлкен бала» жұбынан әйел мен ер, жұбайлық қарым-қатынастан талап етілмейтін дүниені сұрап әлекке түседі. Жұбыңыз сізге «бәрінің» орнын баса алмайды. Әке де, ана да болуы міндетті емес. Әсіресе, тым жақсы ана, әке болсын деу әсірешілдік. Бұл тәуелді қарым-қатынасқа бастайтын жол. Мұндай адам ата-анасына, серігіне, оған қоса ішімдік, есірткі, құмар ойындарға тәуелділікке оңай мойынсұнады. Біреуге не бір нәрсеге тәуелді болуға ұмтылу инфантильділік емес немене?
3. Біріктіру қабілеті (рөлін, қызметін, қарым-қатынасты)
Әкесін де, анасын да жақсы көріп үйренген бала тек бір махаббатпен өмір сүрмеуді үйренеді. Ересек естияр адам әр түрлі адамдармен, өмірдің әр саласында терең де мәнді махаббат орнатуға қабілетті.
Егер адам жұмыс пен отбасы арасында таңдау жасауға міндетті болды дегенді естісем, бос сөзге сенгіштігі не өз өміріндегі маңызды жандармен тұрақты байланыс орнатпағаны деп қабылдаймын. Мысалы, жұбайлық және ата-аналық рөлді біріктірудің қиындығы. Егер жұбайлар бір-біріне қатты сіңісіп (мейлі сүйіп, не жек көріп) кетсе, балаға ол екеуінің арасында орын қалмайды. Себебі, жұбайлар араға үшінші біреуді енгізе алмайды. Не нәресте дүниеге келген соң анасы басы бүтін балаға сіңіп кетеді, «мен үшін бірінші кезекте бала» дегенді ұран қып көтереді, күйеуі бұл жұптан сырт қалады. «Жоқ әкенің» сценариі қайталанады.
Бәрі әкенің кесірінен: Жаңа тәжірибе, шекараны кеңіту
5. Жаңа тәжірибе, шекараны кеңіту
Егер ары қарай баланың анасымен, әкесімен қарым-қатынасын бақыласақ, мынадай айырмашылықты байқауға болады. Анасы жақсы көреді, қамқорлық жасайды, нәр береді, көзінің қарашығындай сақтайды. «Сабыр ет, ұрынба, бәрін сөзбен шешуге болады» — бұл ананың сөздері.
Әке – тәуекел етуге ынталандырады, қорғайды, ұрысқа шақырады, нәтижені талап етеді, жетістік пен сәтсіздікті бағалайды. Интернетте баласы шалшықты кешіп жүр, әкесі басын изеп, мақұлдап тұрады: дұрыс, дұрыс, тек шешең көрмесін… Осындай әрекетімен әке баланың шекарасын кеңейтеді. Тәуекел етуді үйретеді. Жаңаны меңгеруді көрсетеді. Ары қарай одан да зоры болады. Есейген баласы жетістікке жеткісі келетінін «дәлелдей» бастайды. Ал егер мақұлдамайтынын білсе, салы суға кетеді. Кімнің мақұлдауы маңызды? – Әрине, әкесінің.
Бәрі әкенің кесірінен: Бата алу
6. Бата алу
Баяғы заманда жаңа қадам жасамақ жастың бәрі үлкендерден бата сұраған. Ал әке-шешесі жоқтар діни қызметкерлер мен рухани ұстаздарынан бата алған. Ана мен әкенің батасы әр түрлі қуатпен беріледі. Адам үшін әр түрлі маңызға ие. Ананың батасы – бүкіл жаманшылықтан сақтайтын тұмар секілді. Әкенің батасы – таңдаған жолмен жүруге болатын рұқсат сияқты, өзінің лайықты, жақсы адам екендігін мойындағанындай сезінеді. Сондықтан адамдар өмірлік жолын, өмірлік мамандығын әкесінің батасына сүйеніп жасайды.
Көбіне бұл ғұрып жасала бермейді. Көбіне жастар үлкен өмірге не үнсіз, не әке-шешесінің қарсылығымен аттанатынын байқап жүрміз. Шыны керек, мақұлдамай жібергендері – «екі ұдай» күйде қалдырып, баласына теріс бағыт бергеннен әлдеқайда пайдалы боп жатады. Қазіргінің ата-анасы бата берудің қаншалықты маңызды екенін түсіне бермейтін деңгейге жеткен. Себебі, өздері де ата-анасынан бата алмай өмір кешкендер.
Кейде адамдар «есейме», «әрекет етпе», «өз-өзіңмен болма», «өмір сүрме» деген теріс бағытта жүреді. Бұның себебі – тәрбие кезіндегі ана мен әкенің теңгерімінің дұрыс болмауынан. Ана бізді қатты сақтайды, соның кесірінен ылғи сақтандыратын күйге енгізеді. Ал мақұлдап, тәуекелге бел бу дейтін адам болмаса, не нәрсені де өзің біліп істегенді үйрететін жан болмаса, ал бұл әкенің қызметі, ендеше біз өте қауіпсіз, аяқ-қолымыз байлаулы, жүріс-тұрысты шектейтін құндақта өмір сүруге мәжбүр боп қаламыз. Егер әке мақұлдамай, рұқсат етпей, үнемі қатал болып, тыйым сала берсе, кәрлі, қаһарлы сөздер айтып, тоқтата берсе, жағдай ушыға бермек.
Мұндай жағдайда психологқа барғаннан не өзгереді? Кез келген психотерапевттік жұмыс – бұл инициация, пациенттің есеюге ұмтылысы. Жауапты болуға, өзінің тағдырын түзеуге ынтасы. Кеңес беретін адамның өз жұмысының қаупі мен қауіпсіздігін анықтап отырғаны абзал. Мүмкіндігінше осы теңгерімді ұстану. Ол үшін анасы мен әкенің архетип-образына терең мән беру. Жұмыс барысында кеңес берушінің жынысына мән берілгені жөн. Алдындағы пациенттің әкесінің қуатын сезіне алуының да маңызы бар. Әкеге деген құрметін жоғалтпау. Қажет боп жатса, жұмыс барысын ер терапевтке алмастыру.
Тәуелді болуға бейім мінез, инфантильді түрде бүтіндей сіңісіп кетуге ниетті пациенттің ішкі әлеміне «тым жақсы ата-ана» деген қызметті қалыптастырамыз. Тек ананың емес, әкенің де мінезін сипаттау қажет. Екеуінің арасындағы айырмашылықты ескеріп отыру керек.
Мұндай да әр түрлі техниканы қолдануға болады. Мәселен, жүйелі реттеу кезінде пациентке анасына да, әкесіне де дұрыс қарауды үйретеді. Жан әлемінде екеуімен де тіл табысуды көрсетеді. Оларға деген шын сезімін жасырмай айту көзделеді. Олардың сүйіспеншілігіне бөленуге жетелейді. Олар айтатын маңызды сөздерді тыңдатады. Техниканың сыртында пациент әкесіне өмір бойы өзіне жетіспеген тілектерді айтуы мүмкін. Өзі айтып, не терапевттен естуі мүмкін. «Қалағаныңды істеуге қақың бар». «Сенің жолың бөлек. Мен сені қолдаймын». «Мен саған сенемін».
Тағы бір мысал, пациент бір нәрсе істеп жатып, әкесі соны қарап, мақұлдайтынын елестету (әйелдер үшін). Жоғары бағалайтынын елестету (жігіттер үшін).
Ең қызығы мен бағалысы мұндай практикадан соң пациент әкем шынымен осылай айтатын дегенді есіне түсіреді. Немесе шын өмірде әкесі мен шешесі осылай айта бастады дейді. Егер қарым-қатынас түзелсе, бірден әке-шешесінен бата алады. Бұл әрекет ата-анасының алдында баланың ойыншықтай болатынын көрсетеді. Біз ата-анамыздың тілегін қабылдау үшін таңдау жасаймыз. Көбіне бала ретінде шешім қабылдаймыз. Ол шешімді өзгертуге мүмкіндік бар, сол арқылы өз өміріміздің иесі боламыз.
(Соңы).
Мария Летучева
Аударған Шынар Әбілда