Әкенің ақылы

Баласы әкесіне кеп:
— Болды! Бітті! Ажырасамын! Шешем расын айтыпты – әйелім жалқау екен. Қашанғы бәріне бір өзім шапқылай берем?
— Кешір, ұлым, — деп жауап қатты әкесі.
— Не үшін?
— Анаңа үнемі мейірбан бола алмағаным үшін. Сенің санаңның бір түкпірінде ажырасу туралы ойдың тууына ең алдымен мен кінәлімін.
— Ажыраспа деймісің?
— Ажыраспа… Ешқашан ажырасамын деп ойлама.
— Өмір-бақи төзуім керек пе?
— Төзбе… Сен оған төзіп жүрген жоқсың. Өзіңнің оған көрсеткен жаман қарым-қатынасыңа төзіп жүрсің. Сен өзгерсең – айналаң тұтас өзгеріп сала берер еді.
— Қалай өзгерем?
— Әйеліңе Құдай үйреткендей қара. Әйел – Құдайдың аманаты. Сенің қуанышың. Сенің көмекшің. Ұрпағыңның анасы. Құдай қолыңа берген әйнек құтыдай қара. Абайлап ұста, бапта, сақта. Қалғаны – ұсақ-түйек! Егер бүгін әлдене істей алмаса – ертең үйренеді. Сенің де қолыңнан істеуге тиістінің бәрі келмейді ғой.
Бірдеңе үлгермесе – оның әлсіздігін өзіңнің қуатыңмен, сүйіспеншілігіңмен алмастыр. Егер әлдене білмей жатса, кешкі шай үстінде құшақтап отырып айтып бер. Сендердің жол– тек сендердікі. Сендердің махаббат – тек сендердікі. Бір-біріңе деген қарсылықты көрсеткен әр адам – сендерге жау. Ол тіпті анаң болса да. Ағаң болса да. Жан досың болса да. Оларды кінәлама. Кешір. Сен оларға әйелің үшін, махаббатың үшін еш ойланбастан басыңды бәске тігетініңді көрсет. Бірақ отбасың туралы ешкімге жаман сөз айтуға рұқсат етпе.
— Шешем екеуіңді де айырып жібергісі келгендер болып па еді?
— Ондай жанашырсыз да талай мәрте жанжалдастық қой. Ақымақ едік. Тәкәппар болдық. Сендердің өмір басқаша. Сендерді Құдайдан ешкім бөлектеп жатқан жоқ. Содан сұра парасатты. Бір-біріңе иіліп тұрыңдар. Жанашыр болыңдар. Бір-біріңді жұбатыңдар. Егер бұған дейін білмесең, біліп жүр. Махаббат та өседі. Сүйіспеншіліктің ұлылығын, оның нағыз құнын қартайғанда сезінесің. Сол әйеліңді кешке таман құшақтағанда. Мұндай сәттерде сөздің қажеті болмай қалады.
Тәмсіл.
Аударған Шынар Әбілда