ӘКЕМ АЙТҚАН ӨМІРЛІК 40 ҚАҒИДА

*1.* Мейірімді болыңдар! Құдай мейірімді адамдарды сүйеді.
*2.* Кісіге қылдай қиянат жасама!
*3.* Ешкімге, ешқашан зияныңды тигізбе!
*4.* Қайырлы ас ішкің келсе, бір жапырақ наныңды маңдай теріңмен тап!
*5.* Перзенті жоқ адамнан ақша сұрама. Ол ақшасын әлдилеп жүр ғой.
*6.* Ешнәрсені ысырап етпеңдер.
*7.* Ағайынмен қарым-қатынасыңды үзбе.
*8.* Қолыңдағы барыңды жұртпен бөлісіп жүр. Құдай сені аш қалдырмайды.
*9.* Еңбектің көзін тауып әрекет ете біл!
*10.* Артық дүние жинама. Бәрінің сұрауы болады.
*11.* Жесір мен жетімді ая, ақысын жеме, оларға қайырымдылық жаса.
*12.* Салған үйің де, алған дүниең де саған қызмет етсін. Дүние жинап, бетіне қарап отырма.
*13.* Үйіңе қандай қонақ келсе де, жақсы күтіп, шығарып сал. Қонақты ренжітпе. Қай қонақта құт барын Құдай ғана біледі!
*14.* Садақа бер. Бәле-жаланың бетін қайтаратын да, қателігіңді жуып шаятын да сол садақа.
*15.* Қанағаттан артық байлық болмайды. Қанағатшыл бол.
*16.* Құдайдың құдіретінде шек жоқ. Құдайдың рахымынан құр қалсаң, жаныңа тыныштық таба алмайсың.
*17.* Сабыр — адамның ұлы қорғаны. Ашуың келсе қорғаныңа арқа сүйе!
*18.* Ойланып сөйле. Маңызы, түйнегі жоқ сөз кісіні мезі етеді.
*19.* Қарыз аманат. Қарыз алсаң ұмытпай жазып қой, және тезірек құтылуға тырыс. Адам ажалы қашан келетінін білмейді.
*20.* Дін де, саясат та өткір қылыш сияқты. Абайлап ұстамасаң қолыңды кесесің, жараланасың. Дін ұстануда саясатқа жоламай, ата-бабаның жолымен жүрген абзал.
*21.* Үй ішінен үй тікпе. Бауырыңмен тату бол!
*22.* Өтірік айтпа. Өтірікпен алға баспайсың.
*23.* Барлық адамның ақыл дәрежесі бірдей болмайды. Себебі, ақылды адам кіммен қалай сөйлесуді біледі.
*24.* Құран оқылған үйде береке көп болады. Құран оқып ата-бабаларға жиі дұға бағышта.
*25.* Бүгінгі ісіңді ертеңге қалдыра берсең, жүгің ауырлайды. Жұмысты уақытында бітірген жөн.
*26.* Кісінің қателігін жұрттың көзінше бетіне баспай, оңашада айт. Есті адам қателігін тез түсінеді.
*27.* Араз адамды татуластырсаң сауапты іс жасағаның. Өз ара татуластыққа ештеңе жетпейді.
*28.* Күн шықпай тұр. Таңғы нәсіп тәңірден. Артық ұйқы нәсібіңнен құр қалдырады.
*29.* Ісіңе адал, бір сөзді бол!
*30.* Құдайды жиі есіңе ал! Қиналсаң жәрдем сұра, жетістігіңе шүкір ет. Адамның бергені таусылса да, Құдайдың берері таусылмасын.
*31.* Дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай шіренбе. Дүниеге кірпіш боп қалануға ұмтыл.
*32.* Уәдеде тұрмаған адамда иман болмайды. Уәде берсең орында, иманыңды сақта!
*33.* Кісімсіп, кеуде көтеруден сақтан. Құдай аспандаған пендесін ұнатпайды.
*34.* Науқастың көңілін сұрауды ұмытпа. Денің сау кезіңде денсаулықтың қадірін біл.
*35.* Дүниенің байлығын уысыңда ұстап тұра алмайсың. Иман байлығын жинай біл!
*36.* Ұйқымен көп уақытыңды бос өткізбе. Мәңгілік ұйқыға кетер күн де келер.
*37.* Көршіңмен тату бол. Өзің тоқ болып, көршің аш отырмасын.
*38.* Бастаған ісіңді орта жолдан тастама.
*39.* Кешірімді бол. Құдай кешіріп тұрғанда, сен оның алдында кімсің?
*40.* Дүниенің түбі тым келте.
Мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда, жақсының қадірін біле жүрейік!
*»МЕНІҢ ӘКЕМ ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМ.»* кітабынан үзінді.