ӘКЕ АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Кеше Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Кеңес ауылында әмбебап залымен ойшықталған «Орынбасар Тати» атындағы спорт кешенінің ашылу салтанаты болды.
Аталған шараға Жамбыл облысы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраймов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, бокс пен күрестен әлем, Азия чемпиондары, жаттықтырушылар Нұрлан Ақүрпеков, Алмас Мұсабеков, Марат Мәзімбаевтар қатысты. Сондай-ақ осы ауылда туып-өсіп, бүгінде үлкен қалаларда тұратын ауыл азаматтарыда көп жиналды.
Спорт кешенін соққан кәсіпкер Нұржан Әлімбетов кешеннің ашылуын өмірден ерте өткен әкесі Орынбасар Қолағұлұлының 70 жылдығымен байланыстыра отырып ашуды мақсат еткен. Сондықтанда алдымен жиналған көпшілікке бар болғаны 49 жыл ғана өмір сүрген Орынбасардың өмір жолы туралы айтылды. Жастайынан спортты жанына серік етіп, футбол алаңында жұлдыздай жарқыраған ол талай жастарды спортқа баулыған. Тіпті олардың арасында Олимпиада чемпионы болған Жақсылық Үшкемпіровте болыпты. Ал шаруашылықта мал бағып, алдыңғы қатарлы шопан болғаны ел есінде. Сүйікті жары Жұмакүл Тәтенова екеуі 1 қыз 3 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Солардың бірі – Нұржан әке арманын іске асырып, ауыл балалары үшін осындай үлкен спорт кешенін соғып, пайдалануға беріп отыр.
Мұнда алдымен Орынбасар ағайдың немересі Азамат Орынбасар, ауыл имамы Ғали Жайлауов, ауданның бас имамы Қанат Жұмағұловтар құран бағыштады.
Салтанатты шарада алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков сөз алды.
-Спорт денсаулық кепілі, денсаулық адам өмірінің негізі. Спорт-елдің мерейін асырып, абыройын тасытады. Ауыл азаматы Нұржан Әлімбетов өзінің жеке қаражатына салған «Орынбасар Тати» спорт кешенін ауыл тұрғындарының игілігіне беріп отыр. Бұл игі іс ауыл жастарын денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында жасалды. Сондықтанда Нұржан Орынбасарұлына мұндай сауапты іс жасап отырғаны үшін алғыс айтамыз.
Бұл спорт нысанында тәрбиеленген жастарымыз күні ертең-ақ әлемді мойындататындай спортшы болып шығатынына сенеміз,- деді Болат Мырзаханұлы.
Ернар Ибрайымовта кеңестіктерді үлкен спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, оны соққан Нұржан Орынбасарұлына өзінің ризашылығын білдірді. Бұл кешенде дайындалған балалар арасынан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтей саңлақ спортшы шығуына тілектес екендігін жеткізді.
Кеш барысында спортшы қонақтар, ауыл ардагерлері, Нұржанның бауырларыда сөз алып, Орынбасар мен Жұмакүлдің өмір жолдары туралы естеліктер, Нұржанның әкесінен алған тәрбиесі, әке жолын қуып спортты серік еткені, еңбекқорлығы, халыққа жасап жүрген жақсылықтары туралы өздерінің игі тілектерін білдірді.
Орынбасардың балаларды спортқа тәрбиелеп жүргенде «Шіркін бір спорт мектебі болса ғой» деген арманында жасырмады. Енді міне сол арманын ұлы Нұржан әкесінің 70 жылдығына орай жүзеге асырып отырғаныда айтылып өтті.
Тараз қаласынан келген әнші Алмас Албан «Таразым» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерсе, ауыл азаматы, ақын Әсет Дүйсебаев өз арнауын айтты.
Жұмакүл апай мен Нұржан Әлімбетов бүгінгі кешке келіп жылы лебіз білдірген аудан басшылары, қонақтарға алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ осы спорт кешенінің соғылуына үлес қосқан ауыл азаматтарына ризашылықтарын білдірді.
Ауыл азаматтары кәсіпкер Нұржан Орынбасарұлына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Спорт кешенінің ашылу лентасын Ернар Ибраймов, Нұрлан Ақүрпеков, ауыл ақсақалдары Әбдірахман Кенжебаев, Есіркепбай Айымқұловтар қиған бетте жағалай шашу шашылды. Жиналған көпшілік спорт кешеніне кіріп, аралап көрді.
Аумағы 648 шаршы метрді құрайтын, құны 60 миллион теңгедей болатын спорт кешені алыстан менмұндалайды. Мұнда волейбол, баскетбол, күрес, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, шынығатын бөлмелер бар. Сондай-ақ жаттықтырушылар, медбике, ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыратын бөлмелерде қарастырылған екен. Алдағы уақытта кешенде 5 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.
Кеш соңында жиналған көпшілік арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, оқылған құранға қол жайды.
Ауыл азаматтарының үлкен, кішісі демей салауатты өмір салтын ұстануына ұйытқы болғалы отырған осындай спорт кешені басқада ауылдарға соғылып, пайдалануға беріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ.