Айзат айшықтары

Жас жазушының тұңғыш жинағы жайлы

  Бір кездерде білдей жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты романын рахаттана оқып шығып, пікір жазғаным бар-ды. Ал жуырда жас жазушы Айзат Рақыштың «Өлгендер қайтып келеді» әңгімелер жинағы көзіме түскенде, «Бұл қалай? Ақырзаман туса бір сәрі, әйтпегенде Құдайдың құлы көр тақтайын бұзып, дүниеге қайта қалай келмек?»-деп таңдандым. Амал жоқ, кітапты парақтауға тура келді.

  123Алдымен аталған әңгімені кітап мазмұны бойынша тауып алып жедеқабыл оқып шыққан соң, жинақтың «Қанатымен су сепкен. Баспагерден арнау сөз» атты аңдатпасына көз жүгірттім. Онда «Өлгендер қайтып келеді» турасында «…Әңгімеге әйгілі Қызылағаш оқиғасы негіз болған. Мұнда табиғат апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының аянышты халі, тиісті көмек көрсетуге міндетті болса да, көпе-көрінеу ынтасыздық танытқан билік өкілдерінің бойкүйездігі еш боямасыз суреттелді» делініпті. Қызылағаш оқиғасы-күні кеше болған оқиға. Ауылдың желкесіндегі су бөгеті бұзылып, тұрғындар ауыр трагедияға ұшырағаны рас. Алайда алғы сөздің «Өлгендер қайтып келеді» туралы бұдан арғы пікірі көңіліме қонбады.Ауыр жағдайдағы ауыл тұрғыгдарына «көмек көрсетуге ынтасыздық танытқан билік өкілдері» дейтін тұжырым өмір шындығына да, туындының идеялық-эстетикалық бағамымен де сәйкеспейді.

  Бүкіл Қазақстанға аян факт: төтен апаттың ізінше өкімет орындары Қызылағашта кең сарай, боз үйлер тұрғызғаны.Қала берді бұл шындықты Айзат әңгімесінің өзі де орағытып өте алмаған: «Қызылағашта қуыршақтай үйлер қаз-қатар тізілген. Көшелері де түзу. Қарғыс атқан түндегідей тас қараңғы емес, көше шамдарымен жарықтанған.» Осыдан кейінгі сөйлем әңгіменің аяқ жағындағы жоғары билік туралы «ақылмандар» деп кекететін, «арсыздар» деп айыптайтын, «Көсемнен сана қашқанда елді албасты басады» деген сияқты теңеу, мәтелдер «қаншама сылап-сипағанымен тұрғындардың жан жарасын жаза алмады» деген айып сынға бола «Өлгендер қайтып келеді» әңгімесін сыни, әшкере жанрға жатқыза алмайсың. Аталмыш әңгіме жүйесіне орынсыз қыстырылған, сарыауыздыққа салынғаннан басқа бітірері жоқ «қожайын» Дәулет атты кейіпкер туралы да осыны айту керек.

  Біздіңше, туынды тасқын салдарынан кенже баласынан айрылып, қайғы-қасірет шеккен Зейнеп байқұстың мұң-зарын шертеді. Ана жайлы киелі тақырыпты қозғайды. Ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың Максим Горькийден аударған және өзі де романтикалық мәнерде жазған Ана туралы әңгімелер шоғырын еске түсіреді.

   Әңгімені оқып отырғаныңда, жас келіншек Зейнептің кезінде дәрігер атаулының сақтандырғанына көнбей, Құдайдан жалынып-жалпайып жүріп тауып алған, алапат су тасқынында ұшты-күйлі жоғалған Кенжетай қалайша өмірге қайтып оралмақ?!-деген сауал көкейіңнен кетпейді. «Әлде оны тасқын су ағызып бара жатқанда біреу-міреу құтқарып алды ма екен?!»-деп те ойлайсың. Шиеленіс солай шешілсе, бұл бәз-баяғы «үмітсіз-шайтан» деген қарадүрсін фабуа болды ғой деп кітапты жаба салар едің. Дес бергенде олай болмай шықты.

   Әңгімедегі ұзына бойы опынған Ана образы көңіліңді шартарапқа самғатады. «Мен ешқашан сәбиімді өлімге қимаймын. Ол тірі деген үмітпен өмір сүрем,»-деп зарлайды шіркін Ана. Қолынан тастамайтын Кенжешінің көк шыбығын кеудесіне басып, ауылдың ортасындағы тасқын құрбандарына арналған Ескерткішке келіп тұрып, «Тәттім де жоқ әкелген, уысым толмаған шекерге. Еркелеп жүгіріп шығып, кәмпитке қайта жұмсамасыңды білемін бекерге. Саған деген сағыныш пен құтқара алмаған өкнішімнің жасын төгіп, күніне келіп тұрам мына тастың түбіне! Сені бар деген үмітімді жүрегімнің түбіне  жасырдым,»-деп уһілейді. Әдебиеттану ғылымы бойынша бұлайша кестелеу көзі жасты сентиментализмге емес, ой-қиялшыл романтизмге тән. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, Ана байқұс перзентін келмеске кеттіге қалай қисын?!

  Ал «Өмірімдегі ғажабым» атты эссені Ана туралы гимн дее де боладвы. Туындыда бұл жанрға тән философичялық, өмірбаяндық, жеке әсер, еркін композицияя, публицистикалық, беллетристикалық сипаттардың бәрі бар. Эссе салтанатты әуенде аяқталады. Тыңдап көрелік: «Өмір сыйлаған, жарыққа құштар көңіл сыйлаған жан анашым, сенің көзіңдегі жарқыл маған арман нұры іспетті. Сендегі сезім иіріміне толы жыр ғұмырыма берілген ақ батаң секілді. Сол қасиетті бата-жырсыз мен өмірімді елестете алмаймын. Сенің аялы жанарыңдағы тек сенен ғана көретін  шуаққа шомылмай мен өмір сүре алмаймын.  Менің сұлу ғажабым, шығармашылық әлемімнің Темірқазығы, жастығыңның жалынын маздата берші! Қартаюға, шау тартуға еш қақың жоқ, анашым! Себебі сен мәңгі сұлусың, дарасың! Алланың берген сый-тартуысың!»

  Бір кездерде «Өмірге сүйген жардай ғашық болған» жазушы әрі ақын Саттар Ерубаев сонау отызыншы жылдардың бас шенінде атақты «Менің құрдастарым» романының ілкі бөлімін, өзі айтқандайын «увертюрасын» Бақыт туралы соны сезімге бөленген сыр-жырын осындай мәнерде шалқытқан еді. Меніңше, көркем әдебиетіміздің бұл дәстүрін жалғастыра берсек, ұтпасақ ұтылмаймыз. Таңдай қақтырарлық пафосты тақырып талай ғасырдан соң егемен ел атанған Қазақстанымыздан неге табылмасын!

1234
Кітаптың тұсаукесерінен көрініс

  Айзаттың «Той үстінде» атты тағы бір әңгмесінің тақырыбы-махаббат мұңы. Мұң болғанда бас кейіпкер Балаусаның өкінішті өмірі. Жас жазушы шығармасында айтпағын Балаусаның бір үйлену тойы үстіндегі сезім-күйін, аянышты тағдырын ішкі тебіреністерін суреттеу арқылы жеткізеді. Балауса келіншек пен күйеуі Дәурен екеуінің жастары елуге тақап қалса да, бала сүюден ада (Дәуреннің белсіздігі салдарынан) Бірақ Балауса өкініші оның ішкі толқыныстарының сыңайына қарағанда бас уайымы басқада. Сүйіп қосылған күйеуі тым селқос, самарқау, бос кеуде. Тойға келе жатқандарында Балауса «Дәурен, қарашы, теңірек тегіс қып-қызыл нұрға бөленіпті» десе «қартайғанда қияли болайын ба?»деп қағытады күйеуі. Әскерге кеткенде үш жыл бойы сарыла күткен сол марғаудың және енесі қатыгез Қарашаның үйлену тойын да өткізбей қойғанына Балауса күні бүгінге дейін назалы. Мына той үстінде тағы да сол ренішін күрсіне еске алады. «Келін болып түсіп беташарын жырлатып, ақ көйлекте пәк арманға бзленіп пе еді бұл Балауса?» Самарқау күйеуі келіншегінің тойда сөйлеген сөзіне де құлақ аспайды.  Асаба «Өсмірі еш жерде, ешқашан айтылмаған тілектің иесі Балауса ұстаздың құрметіне бәріміз бірдей вальс билейміз» дейді. Дәурен болса келіншегін биге шақырудың орнына тысқа шығып кетеді. Балаусаны Арман деген жігіт биге шақырады. «Сіздей көркем сөді әйелі бар жарыңыз, өнегелі анасы бар перзенттеріңіз шынымен бақытты шығар. Өз басым солай ойлаймын,» дейді. «Балауса тіл қатқан жоқ. Бар болғаны вальс әуенінің тезірек аяқталуын тілей берді,»-деп аяқталады әңгіме. Қанаты бар болса да ұша алмайтын қораз бен аққудайын ару соншама жылдар қалай бірге өмір сүрген деп ойлайсың.

  Айзаттың «Келін бе, әлде кесапат па?» әңгмесін әшкере жанрға жатқызуға болады. Балжан есіміне сай бұрымды емес, жүкті болып қалдым деп алдап күйеуге шыққаны, сүрініп кетіп екі айлық түсік тастадым деп және өтірік соғуы, қайын енесі Гүлсімнің қолын ұзартқаны былай тұрысн оны аурухана,а көрін деп айтасың деп төркініне кетіп қалуы, алдамшы, аярлығы қазақ ұғымында үлкен кесапаттық. Ақыры ол жұртты алдаймын деп жүріп өзін-өзі алдап соққандай халге душар болады. Құдай қосқан қосағы тастап кетеді. Осы оқиғадан табиғат та шіміріккендей. «Машинамен жарысып келе жатқан дөңгелек ай кенет бұлт бүркеніп жасырына қалды» Жас жазушы Гүлсім ененің жабығып, жабырқаған көңіл-күйін табиғат құбылысымен астастырып үстейді.

   Жалпы, жас қаламгердің ерғашты болмаған, өзінше бір ассоцияция, жарасымды сурет сала білетіні қуантады. «Құдіретті күн тіршілік біткенді ару айға аманат етіп ұясына шомып кетті. Кұннің алтын шапақтарын айдың ақ сәулесі алмастырды. Айдың сұлу серіктері сансыз жұлдыздар да аспан төрінен орын алып жарқырай төніп тұр,»-деп өрнектейді. Жансыз табиғатқа жан бітіп құбылады.

  «Жүгінгүл мұғалімнің бір күні» туындысы фельетон іспетті. Нарық заманының халық ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтарын әжуалап сынайды: «Комиссия үсітне комиссия келіп, мектеп ұжымының көзін аштырмайды. Көздегендері іс қамы емес, қызыл құлқынның қамы. Бірде сынып бөлмелерінің тазалығын тексермек болады. Жүгінгүл жалма-жан терезенің алдын сүртіп жатқанда, кіші басеке кіріп келеді. Ләм- мим демей кілтін сылдырлатады. Кілттің сылдыры- теңгенің сыңғыры деген шартты ұғымға Жүгінгүлдің о бастан еті үйренген. Сондықтан кілттің сылдыры ұзаққа созылмады. Сәлден соң үстел үстінде Жүгінгүлдің сөмкесінен сүйретіле шыққан мың теңгелік жатты. Дәл осы мың теңге комиссияның қабағы ашық, жүзі жадыраңқы қайтуының бірден-бір кепіліне айналған. Ал кілтін күмбірлеткен кіші басеке коридорды бойлап кетіп бара жатты» дейді. Ұзамай министрліктен 4-9 сынып оқушыларын жаппай тестілеу келеді. « Мына сұрақ Жүгінгүлдің білімін емес, жүйкесін сынай келгендей. «Кенесарының жорыққа мінген тұлпарының тісі нешеу еді?

А/ 32     Ә/48  Б/ 60       

   Сайлау науқанына қатысу, тұрғындардың өлі-тірісін тексеру, қоқыс салатын қаптарды тұрғындарға тарату… Бүгінгідей нарық заманда шыбын-шіркей де текке ұшпайды. Бірақ мұғалімдердің күні сол шыбын-шіркей, құрт- құмырсқалардан да төмен» Әзіл әңгімелер деп аталатын бөлімдегі «Шындықгүлдің шырылы» әңгімесі памфлет. Шала қазақша шатқаяқтайтын директор қарауындағы мұғалімге «әй, жемтік, значит мінез твой алба-жұлба,-дейдң . Оқу ісінің меңгерушісі Дорбагүл «әй, ана Бәленше Түгеншиев интерактивті сабақ өтікізіпті. Соған менің атымнан пікір жаз» деп тепсінеді. Мұндай кеудемсоқ, дөрекі басекелердің қарауындағы мұғалім қайдан оңсын! Шындықгүл бір сынып бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып мұғалімнің «Иттің баласы. Есектің миындай миың жоқ сенің» деп бажылдаған даусын естиді. Шындықгүлдің жанын шырылдатқан бұл күйдің астары үлкен қоғамдық мәселе. «Қай заманда да мектеп мәдениет бесігі. Алайда сол бесікке надандық баса-көктеп кіріп алған» деп қорытылады әңгіме. Көркемдік шындық өмір шындығынан туындайды. Айзат Рақыш жалпы білім беретін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шығарамаларының дені мектеп, білім тақырыбына арналса, ондағы оқиғалар туралы біреулерден естігенін емес өз көзімен көргенін жазып отыр.    Драма,театр қай заманда да өз дәуірінің ең жанды, ұрымтал проблемаларын алға тартатыны мәлім. Айзаттың туындыларында көтерілген мәселелердің өміршеңдігі Парламент мәжілістерінде де, газет- журнал беттерінде жиі талқыланатындығымен де дәлелденеді. Айзат мамандығы дәрігер болмағанымен бұл проблемаға қатысты жазғандары да бүгінгі шипагер атанғандардың кейпі өмір шындығына сайма-сай бейнеленген.

  Айзаттың «Өмір сүруге хақым бар!» деген тұңғыш пьесасының бас кейіпкері  Айым есімді мұғалім көзі ауырып дәрігерге көрінеді. Бірақ Алматы мен Астананың дәрігерлері «ауру әбден дендеп алған. Біздің қолымыздан келер қайран жоқ» дейді.

  Бұл шындықты пьеса Айымдай кейіпкердің тілімен былайша көмкереді: «Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр. Таз болып қалса, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам» деп желіксе, ұялмай онысын да ауыстырып береді. Алайда менің көзіме келгенде медиицина неге әлсіздік танытады?!»

  Жас жазушы  пьесасында көтерілген бұл мәселе де  көпке аян өмір шындығын паш етеді. Жуырда «Время» газетінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың «Пора менять систему-жүйені өзгертетін уақыт жетті» деген мақаласы жарияланды. «Сегоднчя очень часто в обществе,-деп жазады министр- звучит вопрос о некомпетентности врачей, вообще система здравохранения. К сожелению это надо признать» Пьесаның соңғы оныншы көрінісінде Айым Есіл өзенінің жағалауына келіп әлдебір Дауыспен айтысады. Айымның ерекше мән берерлік сипаты-басына түскен нәубетке тізе бүкпейтін жанында әжімі жоқ жас жігер қайраттылығы. Ішкі сырын пьесаның аяғында үлкен пафоспен аяқтайды: «Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін! Кемтар деп кемсіппесін! Еншімді бқліп бермесе де ешкімде есем кетпесін! Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өйткені өзгелермен үзеңгі теңестіріп өмір сүруге хақым бар менің!»- дейді. Қорытындылап айтқанда, пьесада нанымды орайын тауып қамтылған шындық бар. Оны жоққа шығара алмайсың. Бірақ жас жазушы ның тұңғыш пьесасының төрт құбыласы сай десек, әділеттілікке көрінеу нұқсан келер еді. Туындының бағалы жақтарымен қатар олқы, кемшіл жерлерін де көрмеуге болмайды. Тегінде драма, комедия, сатира қай- қайсының да басталуы мен аяқталуы фабуласы мен финалы арасы іштей мықты байланысты болады. Әр көрініс ілкі көрінісітң жаңғыры ғы іспетті. Жас жазушының драматургия сияқты жауапты жанрдың міне осы тәсілін түгел баурап ала алмағаны байқалады. Біріншіден, автор пьеса композициясының сындарлы шығуын жете ойластырмаған тәрізді. Пьеса болмысында қазіргі жалпы білім беру жүйесінің жұтаңдығы және медицина дәрменсіздігі- қос проблема бір көрініс пен екінші көріністі байланыстыра алмай қыли көзденіп, екі жаққа тартып, бір тартыс орнына екінші қақтығыс ауысып туып отырғандықтан көп диалог сөздері кәдуілгі хроника очерк стилінде баяндалып кеткен. Біздіңше, пьесадағы тартыс ағысы бір сарынды. Кейіпкерлердің драмалық шиеленісі тым солғын. Әсіресе алғашқы жеті көріністегі диалог көпсөзділікке ұрынған. Тапқыр ойлы тартымды сөз шаппа-шап айтылудың орнына көбінесе шұбалаңқы сөйлемдердің тұңғиығынга батып кетеді. Ондай диалогтар соңыра театрда қойылатындай болса әртіске айтуға, көрерменге қабылдауға тым ауыр соғуы мүмкін. Пьеса туралы жас драматургтың өз ойларында да ерсі-қарсы пікірлер ұшырасып қалады. Автордан атты аңғартуында ол «біздің қоғамда рухани құндылықтардан материалдық байлықтың басым бағаланып жүргені өтірік емес. Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлейтін қазіргі заманда адамның сырт бейнесі оның өзіндік орнын табуына ықпал ететін болды. Он екі мүшесінде кемістігі не сырқаты бар жанды көрсек, саусақ шошайтып күлетін тым төмен деңгейге түстік» деп мәлімдейді.  Бірден сауал туады: материалдық байлық экономиканы әлемнің отыз елінің қатарына ілігетіндей етіп дамытпасақ рухани байлық мәдениет пен әдебиетті өркендету ісінде қандай іргетасқа иек артпақпыз? Содан соң мүгедектерге, мүмкіншілігі шектеулі адамдарға да біздің қоғам теріс қарап отыр деген тұжырымға да келісу қиын. Қайта БАҚ-тан ондай мүскіндерге жұртшылық қауым қолайлы жұмыс табуға септесуге тырысатынын күн сайын оқып-біліп жүрген жоқаыз ба? Кемтар адамға күлсең аузың қисайып кетпей ме? Автордың өзі де аңғартпасының соңында «мына жазған туындым сондай бір тәні сырқат, жаны асқақ арманға толы жас қыздың шындық өмірін арқау етті» деп жазады. Демек жас қыз күлкі шақыратын жан емес. Қайта бәріміз болып мақтан тұтатын ел азаматы.

   Талданып отырған кітап Айзат Рақыштың тұңғыш жинағы. Өз тақырыбы мен өмір күйін өзіне ғана тән айшықтарымен жырлап, көркем әдебиет табалдырығын аттаған жас жазушының ілкі қадамының сәтті басталғанын айта отырып, прозалық шығармалырын әлі ұштай түсетін кейбір кем тұстарына да назар аударсақ артықтық етпес. «Ақ арман алдамайды» хикаяты шын талант табиғаты туралы екі кейіпкерді бір- біріне қарама- қарсы қойып суреттейтін ұтымды эпизодтармен көмкерілсе де, тартыс- қақтығыс жібінің босаңдығы баяндаудың ұзақ- сонарлығымен оқырманын қай тұстарында жалықтырып жіберетінін айту керек.

   Соңғы жылдары бізде не озық емес, не тозық емес,біреу айтқанды қайталап күйісіін оң қайыратын ортаңқол дүниелер қаптап барады. Тіпті ондайлар биік деіңгейлі сыйлық алған  шығармалардың арасынан да табылып қалады. Қуанарлық жайт сол-Айзат Рақыш әдебиет әлеміне өз даусымен, тың образ, ой стилімен, әлі ауызға түсе қоймаған оралымдар, айшықтарымен келген мәдениетті жас таланттардың қатарына жатады дер едім.

  Айзат – ақын-ды. Жинағын «Ай-хой, дүние-ай», «Сағыныштан шәлі жамылғам» деген өлеңдерімен аяқтапты.

 Ай-хой дүние- ай!

Құштар еткен армандарға,

Тәлкек көрмей тағдырдан,

Өткендерде арман бар ма?

деп толғанады ол.

«Исходная ситуация» демекші, Бердібек Соқпақбаевқа қайта оралсақ, сол жазушымыздың «Балалық шақ» атты туындысының кішкентай кейіпкері  ботинкаға қызығып қарап, шіркін, менің де дәл осындай ботинкам болсашы деп армандайды. Балалық шағымен әлдеқашан қоштасқан, енді міне ел- жұртына алғашқы көркем жинағын ұсынып отырған жазушы Айзат Рақыш қарындасымызға Арман адамға әманда ой салады, Жігер қайрат бітіреді, сөйтіп арманшылға дем бітіп, жаңа жол ашып, алынбаған биіктерге бастайды демекпіз.

Шерияздан Елеукенов

Филология ғылымының докторы, профессор, 

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері