Айналайын» cөзі уайымды жеңілдетіп, жүректегі жараны жазады

Жақында «Айналайын» сөзінің мағынасы туралы естігем. Расында мен білмеппін. Қызықты факт екен. Сосын осы сөз туралы оқи бастадым, себебі ата-әжелерімізден «Өйй, Айналайыыыын» деген сөздер жиі еститінбіз. Бұрынырақта кәрі кісілер ауруға шалдыққан жастарды аман алып қалу үшін, өздерін құрбандыққа атаған. Ол үшін ауырған адамды үйдің ортасына жатқызып, қарт кісі үш рет айналып, есікке келгенде «айналайын» деп дауыстайды. Осыдан кейін жас кісі жазылып, ал, айналған қария ауруға шалдығады немесе қайтыс болады екен. Қазақ содан бері бұл сөзді ұмытпай, балаларына «айналайын» деп еміренеді екен. Онысы «сенің жолыңда менің жаным құрбан» дегені… Ойлаңызшы, бір ғана ауыз сөзде қаншама мейірім , қаншама адалдық, балаға деген шексіз маxаббат жатыр. Сөз қадірін түсінетін ағамыз Кәкімбек Салықовтың «Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде, «Айналайын» деген сөзді сақтармыз» деген өлең жолдарының мағынасын енді түсінгендеймін . «Айналайын» сөзі басқа тілге аударылмайды, түсіндірілмейді, ол тек біздікі . Олжас Сүлейменовтың де «Айналайын – чудесное слово, Жаль, что русский его не поймет, Объяснить я готов ему снова, Только бедно звучит перевод» деген де өлең жолдары бар еді ғой. Енді түсінікті болды . Соны білген соң, өзім жақсы көретін адамдарға, уайымнан қажып жүрген жақындарыма қарап іштей «Айналайын» деп айта бастадым. Олардың уайымын жеңілдетуге, жүректегі жарасын жазуға көмектесу үшін…