АЙМАҚТАҒЫ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ

 

Облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн-брифингте ауыз су мәселесі көтерілді. Онда облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман мен Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров қатысты.

Өңірде ауыз су тапшылығы жаз мезгілінде орын алады. Себебі суды пайдаланудың көлемі өседі. Мамандардың айтуынша, облыста жаз мезгілінде беріліп отырған ауыз судың көлемі тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды.

«Алайда, бұл тұрғындар сұранысын толық қанағаттандырмайды. Толық қамту үшін қосымша 37 мың текше метр су қажет. Осыған байланысты, қазіргі уақытта облыста келесідей кешенді жұмыстар атқарылып жатыр», -деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.

1) Ақтаудың іргесінде тұрған «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге арттыру. Жалпы құны 10,5 млрд теңгелік жобаның ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттамасы) жасақталуда. Құжат алдағы тамыз айында дайын болады деп жоспарланған. Жоспар бойынша 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап зауыт бір тәулікте 40 мың текше метр ауыз су шығара бастайды.

2) «Кендірлі» курорттық демалыс аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытуға қауқарлы зауыт салу. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген. Зауыт салынған жағдайда Жаңаөзен қаласының халқы ауыз судан тапшылық көрмейді. Жоба құрылысын «ҚазМұнайгаз» АҚ жүзеге асырып жатыр.

3) «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазір жоба құрылысы жүріп жатыр. Зауыт 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы керек. Бұдан соң әлгі кен орны «Астрахань-Маңғышлақ» су магистралынан тәулігіне алынатын 17 мың текше метр суға тәуелділіктен босайды. Осы мөлшердегі суды облыс жұртшылығының қажетіне беруге мүмкіндік болады сөз.

4) Қарақия ауданы Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген.

АҚТАУ ҚАЛАСЫНДА АУЫЗ СУДЫ ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ КҮНІНЕ 52 МЫҢ ТЕКШЕ МЕТРДІ ҚҰРАЙДЫ

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусманның мәліметінше, жазда суға сұраныс күрт артуынан бөлек соңғы жылдары қалада көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар санының артуы себеп.

«Шаһарды ауыз су, жылумен қамтамасыз етіп отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі қызметкерлерінің сөзінше, әсіресе күндізгі уақытта су қорын жинау үшін қысым төмендейді. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында ауыз су

қысымының төмен немесе мүлдем болмауына әкеп соғады. Кәсіпорын мамандары қазіргі уақытта Ақтауда ауыз су қысымы тұрақталғанын алға тартты. Өткен аптада қала халқы тәулігіне орташа есеппен 41 мың текше метр ауыз су, 7 мың текше метр техникалық суды және 6600 текше су ыстық су тұтынған», – деді қала әкімінің орынбасары.

Қазіргі таңда қала аумағындағы «Каспий жылу, су арнасы» МКК-на қарасты инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 1163,47 шақырымды құрайды. Оның 403,44 шақырымы ауыз су, 464,41 километрі жылу, қалған 295,61 шақырымы кәріз құбырлары. Ақтауда 13 кәріздік-сорғы станциясы бар.

Сондай-ақ облыс орталығымен шектесетін Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елді мекендерінің халқы тәулігіне 3 мың 382 текше метр ауыз суды тұтынған.

МҰНАЙЛЫ АУДАНЫН ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ТӘУЛІГІНЕ 35 МЫҢ ТЕКШЕ МЕТР СУ ҚАЖЕТ

Бұл туралы аудан әкімі Рахат Елтизаров мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде 172 мың адам тұрғыны бар ауданға «Каспий» су тұщыту зауыты тәулігіне орта есеппен 14 мың текше метр су жібереді. Бұл жалпы қажеттіліктің тек 40 пайызын ғана өтейді.

«Қыс айлары Мұнайлы ауданына 9-10 мың текше метр ауыз су да жеткілікті. Ал, аптап ыстық келе суға сұраныс күрт өседі. Оның басты себебі –тұрғын үй жанындағы бау-бақша, ағаштарды суаруға байланысты. Қазіргі уақытта «Каспий» су тұщыту зауытынан келетін ауыз су кесте бойынша күніне 2-3 сағат, кейде судың мөлшеріне қарай 4-5 сағат беріледі», – деді Рахат Елтизаров онлайн-брифингте.

Аудан әкімдігі келесідей іс-шараларды жүзеге асыруда:

1) Құбырдағы ауыз судың қысымын арттыру үшін 3 жерге қосымша су айдайтын насостар қондырылған.

2) Құбыр арқылы алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға 53 су таситын автокөліктермен тасымалдануда. Тәулігіне орта есеппен 600-650 рейс жасалады.

Әкімдік өкілдері аудан тұрғындарынан жазда ауыз суды барынша үнемдеп пайдалануды сұрайды. Көптеген тұрғын үйлердің иелері рұқсатсыз насостар орнатып алған. Мұның соңы жүйедегі гидравликалық режимді бұзып отыр. нәтижесінде, су құбырының соңғы жағында үйлерге ауыз су мүлдем бармай отыр.

Бүгінде аудан халқының 74 пайызы ауыз суды құбырдан алып ішеді. Жылда көрініс табатын мәселені шешу үшін биыл комерциялық мақсаттағы заңды тұлғаларға су үйлестіру тоқтап, аудан тұрғындарының сұранысын өтеуге басымдық беріліп отыр.

Тексерулер кезінде негізсіз насос қондырған тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бүгінгі таңда су айдау қысымын ұлғайту мақсатында Батыр елді мекеніне – 3, Атамекенге – 1, Дәулетке – 2, Басқұдық ауылына – 2 насос қондырылған. Бұдан бөлек Маңғыстау ауылында 4 насосты монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр.

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ