Аймақтардағы индустриалдық, аграрлық, өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексеру мақсатындағы кезекті жұмыс сапарым Қостанай облысында жалғасты.

Бүгінде отандық машина жасау саласын дамыту, ондағы өндірістік үдерістердің беталысын бағамдау өте маңызды. Сондықтан жұмыс сапары кезінде агроөнеркәсіптік және машина жасау салаларындағы кәсіпорындардың, атап айтқанда, «АгромашХолдинг», «СарыарқаАвтоПром» АҚ зауыттарының жұмысымен таныстық. Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларын, автокөлік өндіретін қуатты кәсіпорындардың базасын, оны жаңғыртудағы, желісін кеңейтудегі жаңашылдықтарды көрдік.
Жыл басынан бері шамамен 7 мың автокөлік шығарған, 800-ге жуық адам еңбек ететін KIA Qazaqstan автомобиль зауытына бардық. Өндіріс толық автоматтандырылған, роботтандырылған жүйелер кеңінен енгізілген.
«Тобыл» көлік-логистикалық кешеніндегі ірі инфрақұрылымдық жоба іске қосылғанда өңірдің транзиттік мүмкіндіктері, контейнерлік тасымал көлемі 20%-ға дейін ұлғаяды, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқы кезеңде 2 723,7 метр теміржол желісі мен 26 мың шаршы метр контейнерлік алаң салынған, 2027 жылы толық аяқталады.
Қостанайдың индустриалды аймағындағы ауыр жүк көліктеріне автокомпоненттер шығаратын «KamLitKZ» зауытымен, газ-химия кешені, Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбыры құрылысының, «Баян Сұлу» фабрикасының, астықты терең өңдеу, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру зауыттары жобасымен таныстық.
Инфрақұрылымдық нысандарды аралап, теміржол вокзалын қайта жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстарын көріп шықтық. Мемлекет басшымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бастамаларға қойылатын басты талаптарды ескерттік. Ол – әрине, жұмысты белгіленген мерзімде, сапалы етіп аяқтау.
Қостанай өңіріне сапар қорытындысында инвестициялық жобаларды қолдау, экспорттық әлеуетті кеңейту, индустриялық аймақ инфрақұрылымын дамыту, «Тобыл» логистикалық кешенін қаржыландыруды жеделдетуге қатысты тапсырмалар берілді. Оған қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысын жеделдету және сапасын бақылау, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейту басты назарда болуы керек.
Нұрлыбек Нәлібаевтың фб парақшасынан