Аймақтың киелі жерлері топтастырылуда

Аймақтың киелі жерлері топтастырылуда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасын жасау жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылып, оған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Берік Əбдіғалиұлы, белгілі саясаттанушы, журналист, қоғам қайраткері Əміржан Қосанов, мемлекет жəне қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым қатысты. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде Мәдениет және спорт министрлігімен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын» жасау жобасын бекіткен болатын. Бүгінде елімізде осы мақсатта киелі жерлерінің тізімі жинақталуда. Ал біздің өңірде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшілігімен жұмысшы топ құрылып, комиссия шешімімен аталған жобаға тізіміне енгізу үшін ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай 33 тарихи-мәдени нысан ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданыпты. Сөйтіп, ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы аймақтан ұсынылған 8 тарихи-мәдени ескерткішті іріктеп алып, «Қазақстанның 100 киелі нысаны» тізіміне енгізген. Атап айтқанда, сәулет ескерткіштерінің ерекше туындылары болып табылатын Тектұрмас, Қарахан кесенелері, Айша бибі, Бабажы Хатын мазарлары, Байзақ Мәмбетұлының кесенесі, сондай-ақ археологиялық ескерткіштерден Ақыртас сарай-кешені, Ежелгі Тараз қалашығы мен Меркі-Жайсан ғұрыптық кешендері. Журналистермен болған басқосуда Берік Əбдіғалиұлы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының мақсаты – «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында облыс аумағындағы қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру мен тарихи-мұра нысандарының деректер қорын әзірлеу екенін жеткізді. Жинақталған материалдарды заманауи ақпараттық технологиялар, БАҚ өкілдері арқылы жұртшылыққа кеңінен насихатталатынын тілге тиек етті. – Бүгінгі таңда еліміз бойынша «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы жүріп жатыр. Ондағы мақсат – тарихи-мәдени жерлерді өз көзімізбен көріп, сондағы зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса отырып, тізімді жасақтау. Ал тізімді жасақтаудағы негізгі талап – рухани құндылық. Сондай-ақ ол тізімге кіретін жерлер сол өңір үшін елеулі орын алатын нысандар болуы қажет. Тек қана туристік бағытпен тоқталып қалмай, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие бере алуы керек. Мәселен, біз осы өңірдегі ғұрыптық кезеңдерге жататын Меркі-Жайсан кешенін, Ежелгі Түргеш қағанатына жататын қалаларды білмей келеміз. Енді осы жоба арқылы осылар кеңінен насихатталатын болады, – дейді Б.Әбдіғалиұлы. Сондай-ақ қоғам қайраткері Əміржан Қосанов «Киелі Қазақстан» жобасының идеясының астарында тарих жатқанын айтады. Аталған жоба өткенімізді ғана емес, болашағымызды да айқындайтынын тілге тиек еткен ол әлем елдерімен бәсекелестікті арттыратын жоба екендігін алға тартты. Ал сөз кезегін алған саясаттанушы Айдос Сарым киелі жерлер – ұлттық құныдықтарымыз екенін айтып, оларды қайта жаңғырту қажет дейді. – Әулиеата өңірін әлем тарихымен байланыстыратын оқиғалар жетерлік. Сондықтан Әулиеата тарихи қала. Мәселен мұндағы орта ғасырлардағы қалалар қандай керемет?! Сондықтан біздің әлемдік үрдістен қалуға құқымыз жоқ. Себебі сол қалалардағы мәдениет әлеммен теңестіріп тұр. Яғни бұрыннан бізде мәдениеттің болғандығын айқындайды. Сондықтан «Киелі Қазақстан» жобасы арқылы сондай жерлерімізді насихаттай беруіміз қажет. Мәселен Түркістан қаласына өткен жылы 1 млн. астам турист келген екен. Тараз қаласы да сондай болуы керек, – дейді А.Сарым.

Шынболат Сейдуалиев