«Әйгерімнің» әйбат іс-шаралары

Оралдағы қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтары «Қайырымдылық айлығы» аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Солардың бірі – «Әйгерім» аула клубының тәрбиеленушілері айлық аясында әлеуметтік мекемелерге арнайы барды.

Қайырымдылық айлығында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында» болған «Әйгерім» аула кдубының жеткіншектері «Қария – ақылы кең дария» атты әдеби-музыкалық сағат ұйымдастырды. Клубтағы көркемсөз үйірмесінің жетекшісі Гүлнәр Успанованың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізудегі басты мақсат – баланың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлауға, салт- дәстүрлерімізден нәр алып өсуге, адамгершілікке, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.

Мерекелік кешті орталық директоры Талшынай Жүніс құттықтау сөзімен ашып, одан әрі балалар аула клубының Айару Албетьяр,  Ақкенже Қонысбайқызы, Ералы Қадыров, Жасмин Жасұланқызы, Құрманғазы Тятигулов сынды тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Іс-шараға қонақ ретінде қатысқан Жұматай Мәжитов өз алғысын білдірсе,  наиб-имам Наурыз Убаев қарияларға шағын сыйлықтар тарту етті. Кітапхана меңгерушісі Айсұлу Сабырғалиқызы «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Кеш соңында «Отбасы орталығының» меңгерушісі Мейрхан Жанбузова көрерменге керемет көңіл күй сыйлаған мәдени қызметкерлері мен балаларға алғысын жеткізді.

Сондай-ақ өткен аптада Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған «Әйгерім» клубының ұжымы мен «Атамекен» КО қайырымдылық мерекесін ұйымдастырды. Мұндай құрмет-қошеметке мекеме тұрғындары риза болып, орталық директоры Арман Дәулетов алғыс айтты. Балалар аула клубының мұндай игі іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Оралдық «Әйгерім» балалар аула клубындағы көркемсөз, тоғызқұмалақ және дойбы, вокал үйірмелеріне Гүлнәр Успанова, Юлия Урпекова, Шолпан Жасмағамбетова, Нұржігіт Теміртеков сынды білікті мамандар жетекшілік етеді. Клубтағы үйірме жұмыстарына 70-тен аса бала тұрақты түрде қатысады.

 

Ляззат ҚАЖЫМОВА