«Айфоныңыз» «жайфонға» ауысты ма?

Немесе жаңа заң журналистерге қаншалықты әсер етеді?  

Мемқызметшілердің ұялы  телефондарына  «үнсіздік режимі»  бекітілгеннен бері екі аптаға жуықтады. Алайда бұл жаңа заң  төңірегінде әлі де болса түсініксіз жайттар көп орын алуда. Әсіресе, облыс әкімдігіне қарасты ғимараттарда  смартфондарды салатын арнайы жәшіктер қойылып,  келушілердің қалта телефондары қатаң бақылауға алынып жатыр. Тіпті, ақпарат ағынына жауапты БАҚ өкілдерінің өзінің әкімдік ғимараттарына  кіріп-шығуы  қиындап кетті. Осыған орай, бұл ереже кімге және қандай мақсатта міндеттелгенін анықтаған едік.айфон пайдалану журналистерге

Жалпы  бұл заң жобасында мемлекеттік қызметшілер суретке түсіру, дыбыс және бейнеге жазу, сондай-ақ  ғаламторға  қосылуға  мүмкіндігі бар телефондар ұстауға тиым салынады делінген. Мұндай ереже  құпия ақпараттардың таралуына тосқауыл болады  деп көзделген еді.  Осылайша ел Үкіметі шенділерден  бастап, қарапайым қызметкерлерге дейін смартфон ұстауға тиым салған-ды. Алайда  қазір осы шектеуді толықтай түсініп, ережені ережеге сай бекітіп жатырмыз ба?

Мемлекеттік қызмет істері министірлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Мадимарованың сөзіне сүйенсек, дәл қазір ұялы телефонды қызмет орнында пайдалануға немесе мекемеге келушілерге қатысты бекітілген нақты ереже жоқ екен.

Мемлекеттік мекемелерде смартфон ұстауға салынған тыйым бар. Алайда, облыс көлемінде бұл шектеу толықтай  күшіне енген жоқ. Өйткені, бұл туралы нақты тапсырма алған жоқпыз. Министрліктен аталған бағытта жұмыстар жүргізу туралы тапсырма келгенде  ғана талап қоя аламыз. Бұл туралы ресми ақпаратты да сол кезде береміз, – дейді облыстағы мемлекеттік қызмет істеріне жауапты департамент  хатшысы.

Иә, мемлекеттік қызметке жауапты сала маманынан осындай жауап естідік. Сонда облысқа бекітілген нақты ереже болмаса, мемлекеттік мекемелерде қолға алынып жатқан не ереже, қандай шектеу?

Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жауап берді.  Мұндағы мамандардың айтуынша, облыс әкімдігінде аталмыш ереже 28 наурыздан бастап күшіне енген екен. Үкімет үйінен келген тапсырманы осылайша әкімдіктегілер тез арада орындап, өздеріне қарасты барлық мемлекеттік мекемелерге міндеттеме жүктеген. Және өз қызметкерлерімен қатар, сырттан келетін адамдарға да смартфон ұстап кіруге  тиым салған. Алайда БАҚ өкілдеріне әкімдік диктофон сынды құрылғымен жиындарға қатысуға шектеу қоймай отыр.

Міне, осылайша бір мекемелер жаңа талапты орындауға мықтап кіріссе, енді екіншілері арнайы тапсырманы күтуде. Негізі бұл екі құзырлы органнан бөлек бірқатар мекемелерге де  хабарласып көрген едік. Олар да әзірге ұялы телефонға қатысты шектеуді өз қызметкерлерінен бастап, қалған мәселеге толықтыруларды күтіп отырғандарын айтты. Демек, бұл жаңа жүйе жақынарада толықтай күшіне енеді деген сөз.
Ал, ең бастысы жаңа шектеулерде БАҚ өкілдеріне қатысты қандай өзгерістер болатындығы алаңдатуда. Олай дейтініміз, журналистерге жиындарда  ғаламторға қосылған ұялы телефон мен өзге қондырғылар ауадай қажет. Егер бұдан қолүзіп қалатын болсақ, жедел ақпарат таратуда ақсап қаларымыз анық.

Бұл мәселеге байланысты жақында   Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева ОКҚ брифингінде мәлімдеме жасап, жаңа шектеу тек  мемлекеттік қызметкерлерге міндеттелетінін айтқан еді.

«Бұл бұйрық мемлекеттік аппараттар мен мемлекеттік қызметкерлерге бағытталған. Сондықтан да, әкімдіктердің журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салуы бұйрыққа сәйкес келмейді», — деп бір қуантып қойған болатын.

Ал мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов болса,  заңнамада мемлекеттік органдарда  смартфон қолданғандардың қандай жазаға тартылатыны жөнінде  хабарлаған. Ол: «Қазіргі заңнамада смартфон қолданғандарға нақты қандай жаза бекітілетіні  қарастырылмаған. Сондықтан да, мұндай заңбұзушылыққа барғандар тәртіптік жазаға тартылады», — деп баян еткен еді. Сондай-ақ,  ел Президенті  әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев та баспасөз мәслихатында  сөз алып,  жергілікті полиция өкілдеріне смартфон пайдалануға тыйым салынбағанын айтқын-ды. «Жергілікті полицейлерде WhatsApp-хабарлама қабылдауға мүмкіндік болады. Заңның тек мемлекеттік құпияларға қолы жетімді қызметкерлерге қатысы бар. Ал учаскелік полицейлер өз аудандарында жұмыс істей беру керек», — деген еді  Бекетаев.

Міне, осы пікірлеге қарап-ақ, әлі бұз заң төңірегінде біраз гу-гу әңгіме болатынына көз жеткізіуге  секілді. Әсіресе, БАҚ өкілдеріне қатысты бір байламның болғанын қалаймыз. Әйтпесе, онсызда әр есікті қағып жүріп ақпарат жинайтын журналистер, енді мекемелердің есігінен еркін ене алмайтын күйге түссе,  бұқаралық ақпарат құралдарының күйреген  тұсы  сол болар.
Саятхан Сатылған