Әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады…

Баяғыда асқан әулие, көріпкел Мөңке би Тілеуұлы (1675-1756 ж.ж.) түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады. Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады.

Мөңке бидің қызы: «Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді» депті. Бүгінгі күні бізде бұл қасіреттің төркінін жан-жақты терең түсіне алатын, ұлт, халық, ұрпақ қамы үшін жанқиярлықпен күресе алатын кемеңгер көсемдік бар ма? Расында да бұл қазіргі ХХІ ғасыр сахнасындағы ұлттық қатерлі қасіреттеріміз бен алапатты қауіптеріміздің ең зоры да, ең жойқындысы да, міне – осы.

Қалай дегенде де, «Жыланды үш кессең де, кесірткелік қауқары бар» демекші, кеше өткен Кеңестік дәуірдің шектен шыққан сан алуан түрлі опасыз қасіреттерінің зардаптары әлі күнге жойылар емес. Кеңестік дәуірдің өзінен құтылсақ та, тонын теріс айналдырып алған кеңестік билік иелерінен әлі де құтыла алатын түріміз жоқ. Содан да болар тіпті қазіргі таңда тәуелсіз атанған қазақ елі, ұлт, ұрпақ кешегі Кеңестік дәуірдің өлшеусіз уын ішудің қасіретінен тезірек арылтуға бағытталған ұтқыр жобаларды көрудің ауылы тым қашық сияқты. Сол себепті әркім өз болашағына өзі жауап беретін аса ауыр кезеңде өмір сүріп жатқандықтан, біз сеңге соқтығысқан балықтың күйін кешіп отырған елміз. Ол ол ма, «Өз күніңді өзің көр» деп отырған сауатсыз, дәрменсіз, тексіз, біліксіз… солақай биліктен қайыр жоқ. Өйткені жікке топтасып, жүзшіл руластық, сыбайлас-жемдестік және отбасылық-кландық басқарудағы ең бір маңызды фактор – ел, ұлт, қоғам санасы мен өмірлік тіршілігіне қатысты ең ұтымды өзгерістерді енгізудің ауадай қажеттілігін ескермейтіндігі өте ауыр қасірет екені анық. Бодандыққа қарсы бұлқыныс жоқ. Кешегі отарлық, бодандық халден біржола құтылу үшін Тәуелсіз елдігіміз бен кемел ұлттығымыздың, ата тіліміздің құдіретін теңдесі жоқ дәрежеде аспандата білудің ұлы мақсатында бәріміз бір кісідей жұмылып, жанқиярлықпен күресе білуіміз керек! Өкінішке қарай осындай жанкешті күрескерліктің болмауы кесапатынан өзіміздің ұлттық байлығымыз – өзімізге әлі күнге бұйырмай тұр. Өзекті өртейді. Бірақ…

Молдағали МАТҚАН

Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі,

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері,

қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик.