Әйел даналығы

Менің әжем 87 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол кісі өте биязы, сулу, аппақ, кішкентай бойлы,өте биязы болатын. Сондай мейрімді, еш уакытта қабағын шытқанын, яки дауыс көтеріп ұрысқанын көрмейтінбіз.

Мен әжеме жақын болып өстім. Жанында жүріп мен әжемнен өмір жайлы көптеген әңгімелері мен оқиғаларын есітіп өстім. Соның бірін бүгін сіздермен бөлісу үшін ортаға салып отырмын… Әжемнің төрт қызы болған соның ең кенже қызы Ажар еді. Ажар бойжетіп көрші ауылда тұратын, әкесі ескіше сауаты бар, бір үйдің жалғыз баласы Жақсан деген жігітке тұрмысқа шығады. Жақсан өте ірі, кең жаурынды, ұзын бойлы, түрі сұсты, ақ құба келген, Ажардан төрт, бес жас үлкендігі бар жігіт еді. Ол кісі әпкемізге сырттай қатты ғашық болып, бір күнде атының артына мінгестіріп алып қашып кеткен екен. Соған қарағанда әпкеміздің де жүрегінде ол кісіге деген махаббаты маздаған сияқты. Екі жақ алыс-беріс жасап бір-бірімен танысып, төс қағыстырып құдалар атанады. Әпкеміз өзге әулетке келін атанып, сол үйдің түтінін түтете бастады.

Уақыт өте әжеміз абысындарынан, көрші ауылдағы тамыр, таныстары бар, әйтеуір ұзынқұлақтан «Ажардың жағдай нашар, күйеуі ұрады екен, таңнан кешке дейін үйіндегі дімкәс енесі мен қартаң шалға қарап жүнжіп барады. Сен неге қызыңнан хабар алмайсың, жағдайын білмейсің бе?» деген сөздерді есіти бастайды.

Содан көп ойланып өзінің Бибайша атты жақын абысынын ертіп, қызының хал-жағдайын білмек болып жолға шығады. Ажар әпкеміздің тұрмысқа шыққан жері автобуспен бір сағаттық жол. Үйінің маңайынан өте бере, абысыны екеуі автобустан түсіп қызының үйіне түске таяу кіріп барады. Амандық-саулық сұрасқаннан соң, Ажар қызы шай қоюға есік аузындағы бөлмеге шығып кетеді. Үй екі бөлмеден тұратын қоржын там, алдында кішкентай аяқ шешетін кіре берісі бар. Үйдің іші жұпыны, есіктің аузынан сәл жоғарлау жерде салынған төсекте енесі жатыр. Одан жоғары атасының орны екені көрініп тұр дейді. Бөлменің төр жағына жайғасқан бізге құда мен құдағи әжеміздің суыт жүрістеріне үрей мен сұрақ аралас көзқарастары байқалып қалады.

Амандық-саулық сұрасқан соң, қызымызға жолығайық деп едік деп, түскі шайдың қамына кіріскен қызының жанына барып хал-жағдайын сұрайды.

Ажар әпкеміз домалақ төңкерілген көздерімен:

-Апа жайша жүрсіңдер ма, аяқ астынан, келіп қалыпсыздар?! Тыныштық па?- деп сұрайды.

Әжемнің абысыны Бибайша:

-Жай, апаң өзіңді сағындым деген соң, көріп, жағдайыңды білейік деп келдік. Өздерің де хабарсыз кеттіңдер? Жақсан күйеу бала қайда?- деп, сұрақтың астына ала бастайды. Ажар жымиып:

-Бізде барлығы жақсы, шүкір! Жақсан сіздердің алдарыңызда ғана, жеке жұмыстармен қалаға жаңа шығып кеткен еді!- дейді.

Әжем, қызым үлкен көздерін төңкере қарап, сұраулы, аң-таң кейпімен. Мен шыдай алмай келген негізгі шаруамызға көштім деді.

-Қызым жұрттан естіп жатырмыз Жақсан сені ұрады дейді, бірнеше күнге қалада ойын-сауық құрып жоқ болып кетеді екен, сен мына ауру кемпір мен шалға қараудан қолың босамай, күні түні азаппен өмір сүріп жатыр деген хабар келді. Осындай сөздерді естіп жаным тынбай өз көзіммен көрейін, болмаса алып кетейін деп келдік!-деп едім, қызым ойланып қалды. Сөйтті де маған қарап:

-Апа, мені ойлап ,уайымдап келгендеріңе рахмет. Жұрт айтқандай менің жағдайым соншалықты жаман емес! Өздеріңіз көріп отырғандай, енемнің денсаулығы жоқ. Атам қарт кісі. Екеуіне қарап отырмын. Онда тұрған не бар?! Жолдасымның ата анасы, менің де ата-анам.

Жақсанның мінезін білесіздер… Егер ол қазір келіп, сіздердің елдің өсек, аяңына сеніп, мені алып кетпек болып келгендеріңізді білсе ренжиді. Артық сөз естіп болады. Бір-бірлеріңізден көңілдеріңіз қалып қалады. Мен ендігі осы үйдің адамымын. Сондықтан мына түскі шайды ішіңіздер де, дастарханнан дәм татып келген автустарыңызға отырып, кеш болмай ауылға жетіп алыңыздар. Мен енемнің қолын жуып түскі асын беруім керек. Жүріңіздер, ішке кіріп шай ішіңіздер,-деп жоғарғы бөлмеге кіріп кетті.

Біз, Бибайша екеуміз бір-бірімізге алақтап қараған күйі Ажардың соңынан шай ішуге, ере кірдік.

Қызымыздың жағдайын көріп, оның өміріне көңіліміз толмаса да, барған шаруамызды үн-түнсіз осылай шешіп амал жоқ, келген автобусымызбен кері ауылға қайттық,-деп әңгімелеп берген еді әжем.

Кейінгі жылдары Ажар әпкеміздің отбасының жағдайы жақсарғанын естідік. Әпкеміз ата енесінің ризалшылығын алып, соңғы сапарына арулап аттандырып, сол баяғы ерке ,бұзық жездеміз ес жиып, ақыл тоқтатып, Кеңес үкіметі заманында өзіне үлкен жүк көлігін сатып алып, сонау Ресей қалаларына сауда-саттықпен айналысты. Өздері баяғы шағын ауылдан үлкен қалаға көшіп, сол қаладағыы бақуатты адамдардың қатарында өмір сүріп, үш ұл, үш қызды өсіріп сексен жастан асқан шағында екеуі де өмірден өтті.

Сол кездері бала кезімде, қалаға Ажар әпкемнің үйіне әжеммен бірге барғанымда, жездемізді төредей көріп отыратынын өз көзіммен көрдім. Жездеміз де, жас уағында әпкемізге көрсетпегені қалмағанымен, аузынан отырса да, тұрсада Ажар түспейтін еді.

Ал әпкеміз жездемнің аяқ киімінің бауына дейін байлап, жейдесінің түймесін қадап, әсте қабақ шытпайтын, миығынан күліп, бар тірлігін ризашылықпен істейтініне тәнті болған едім. Шіркін, бұл не махаббат па, әлде әйелдік міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайды ма деп ойлайтын едім.

Қазір есейіп, орта жастан асып, көп тірліктің дұрыс, бұрысын ажырата алатын, өзімізден кейінгі жастарға айтар ақыл-кеңесімізде бар. Аллаға шүкір, дегенмен осы Ажар әпкеміздің күйеуіне мінсіз қызмет етуі қаншалықты дұрыс? Әлде отбасын сақтаудың бұл да бір жолы ма екен деген ойлар мені көп толғандыратын еді…

 

Авторы: Анар Жұманова