Айдарбек Сапаров Түркістан облысындағы шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын бақылады

Айдарбек Сапаров Түркістан облысындағы шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын бақылады
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары барысын тексерді.
Еске салайық, 270 мың гектар алқапта жүргізілген өңдеулерден кейін өңірде 60 мың гектардан астам алқапта жаңа таралу аумағы анықталды.
Қазіргі уақытта Арыс, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілуде. 55 мың гектардағы жұмыстар аяқталды.
Көкөніс-бақша дақылдары алқаптары маңындағы шегіртке үйірлерін жоюға 73 жер үсті техникасы мен 4 ұшақ жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі таңда егістіктің зақымдануы тіркелген жоқ.
Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша жұмыстарды бақылау үшін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов осы өңірде жүр. Сондай-ақ, жұмыс барысы ведомство басшылығының тұрақты бақылауында.
Зиянкестердің таралу аумақтарын талдауды ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитетінің Әдістемелік орталығы жүзеге асырады. Нәтижені арттыру үшін шегірткенің неғұрлым әлсіз кезінде, яғни, қанат алар алдын дейін болжамды қауіп төндіретін аймақтарға өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
2024 жылы шегіртке зиянкестерімен күресуге 4,2 млрд теңге, болжамды өңдеу шараларын толығымен жүргізуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қосымша 3,9 млрд теңге бөлінді.
Еске салайық, министр сәуір айында Сарыағаш ауданындағы химиялық өңдеу жұмыстарының сапасы мен қарқынына бақылау жүргізіп, мердігерлермен көшпелі кеңес өткізіп, жұмыс нәтижесін қатаң сынға алған болатын.
Түркістан облысында өңдеу жұмыстары 92 дана жер үсті желдеткіш бүріккіштермен және 6 бірлік ауыл шаруашылығы авиациясымен жүзеге асырылды. Қазығұрт ауданындағы жетуі қиын жерлерді өңдеу үшін алғаш рет дрондар қолданылды.
Өңдеу жұмыстарының қарқынын арттыру үшін жерүсті және ұшақтар секілді қосымша техникаларды тарту тапсырылды.
Бүгін министр Арыс, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарындағы шаруа қожалықтарының аумағында жер үсті техникасын пайдалану арқылы химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысып, мамандандырылған техниканың жай-күйін тексерді.
Фермерлермен кездесу барысында Айдарбек Сапаров Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бұл бағытта қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Жағдай оңай емес, бірақ ауқымды өңдеу бойынша уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз олардың тиімділігін көріп отырмыз. Техника мен препараттар жеткілікті, қосымша екі ұшақ бөлу мәселесі шешілуде. Қажет болған жағдайда жергiлiктi шаруашылықтардың техникасы қосымша тартылатын болады. Ең бастысы, егістік алқаптары зардап шекпеген. Министрлік өкілдері барлық туындаған мәселелерді жедел шешу үшін жұмыс басында қызмет атқаруда»,- деп атап өтті министр.
Өз кезегінде шаруалар да министрлік тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, қолдау қажет болған жағдайда қол ұшын созатындарын мәлімдеді.
«Өңдеу тұрақты түрде жүргізілуде. Өздеріңіз көріп отырғандай, бақша дақылдары зардап шеккен жоқ. Біздің шаруашылықтар өз бетінше жұмыс істей алмас еді. Фермерлер үшін бұл қолдау өте маңызды «, — деді министрге «Нұрпейіс» ШҚ басшысы Нұрпейіс Мамытов.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі