Ахмет Кендірбекұлы: 30 жыл өмірімді мемлекеттік қызметке арнаппын

— Тіл тағдыры — ұлт тағдыры, ұрпақ тағдыры деген тағылымды сөздердің айтылып келе жатқанына ұзақ жылдар болды. Тілдің құдіретін танудың, танытудың барлық шаралары жүзеге асырылды ма? Жалпы, сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілінің өзге тілдерге қарағанда шоқтығы биік болуы үшін бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа айтар ой толғамыңызды білгіміз келеді.

— Ұлағатты сөздерді айта-айта халықты жалықтырып алдық-ау деймін. Өйткені Үкімет тарапынан да, жергілікті әкімдіктер тарапынан да бірнеше рет мерзімі белгіленсе де, мемлекеттік тілдің орнығуы қиынға соғып отыр. Ең әуелі 1998 жылы басталған еді бұл бағдарлама, енді созылып, 2020 жылды еңсермекші.

Алғаш Кәрім Мәсімов Үкімет басына келгенде барлық министрліктердің алқа мәжілісіне өзі қатысып еді. Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі басқосуда мен мынандай ой қозғадым: «Жыл қорытындысы бойынша облыс әкімдерінің көптеген позиция бойынша рейтингі шығады. Соның тізбесіне міндетті түрде мемлекеттік тілді де кіргізу керек. Сонда ғана бүкіл аймақтарда жанды қозғалыс болады». Айтқан пікірім сол жерде қалды. Елеп, екшеген ешкім жоқ. Үкімет тарапынан қатал бақылау болмағаннан кейін, орындаушылардың айылы босап шыға келеді. Жалпы, қандайда бір іс орындалмаса, жыл өткен сайын оның қадірі кете бастайды. Туған тіліміздің өзге тілдерге қарағанда шоқтығы биік болуы үшін бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа айтар ойтолғам біреу-ақ. Әр адамның жүрегінде мемлекетшілдік, ұлтшылдық, перзенттік парыз жатуы керек. Өзіңіз ойлаңыз, күні кеше бізбен бірге тәуелсіздік алған басқа достастық мемлекеттерінде тіл мәселесі саяси емес, лингвистикалық мәселеге айналды. Біз әлі саясатқа айналдырып отырмыз. Заңымыз солқылдақ, бағдарламамыз былқылдақ. Оның үстіне «үш тұғырға» қатар қонбақшымыз. Соған қарамастан, ана тілімізді ардақтаудың сан түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз.

Мен алғаш 2004 жылдың соңында осы басқарманың тізгінін алған кезде облыста мемлекеттік тілдің қолданылуы 16-ақ пайыз еді, ал қазір мемлекеттік органдар толық көшті деп айтуға болады. Тек квазимемлекеттік секторларда, өнеркәсіпте тіл тауқыметі әлі бар. Көптеген тілдік шаралар ұйымдастырудамыз. Әсіресе елдің көңілінен шыққан «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл», «Нұрлы көш және Нұрлы тіл», «Тағзым», «Сәрсенбінің сәтінде», «Батагөй» тағы басқа көптеген жобалар бар. «Облыс ономастикасы», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» тағы басқа тілдік-танымдық кітаптар шығарылды. Тәуелсіздік алғалы бері облысымызда 75 ауылдық округ, 188 елді мекен, 191 әлеуметтік нысан жаңа атауға ие болды.

— Сіз осы лауазымды қызметке келген күннен бастап бір жаңа леп алып келдіңіз. «Тағзым» деген еске алу кешін өткізіп келесіз. «Сәрсенбінің сәтінде» және тағы басқа іс-шаралар біз үшін жақсы жаңалық болды. Түйінін айтсақ, Жетісу өңіріндегі қаламгерлердің басын біріктіріп, шығармашылыққа бағытталған оң өзгерістер одан әрі жалғасын таба ма?

— Мен бұл лауазымға екінші рет оралып отырмын. Осының алдында бес жыл жұмыс істеп, таудай Тіл сарайын тұрғызып, өз биігіме жеткен шығармын деп, Астанаға бет түзеп едім. Өмірдің жолы иір-қиыр, ал қызметтің жөні бір басқа. «Қыран бүркіт қанша биік ұшса да, Көксеңгірге бір қонады» деп халқымыз айтпақшы, менің Көксеңгірім осы Тіл басқармасы болып тұр. Қайтып оралған соң, жаңаша, соны өріс іздеген түрім ғой. Біз әдетте республикаға танымал азаматтар жөнінде газетке жазып, «көк сандықтан» көрсетіп жатамыз, ал өңірлерде де сондай атпал азаматтар барлығын естен шығарамыз. Ілиястың «өз ерлерін ескермесе…» дегенінен шығып жатқан дүние ғой, облыста өмір сүріп, еліміздің әдебиетіне, өнеріне еңбек сіңірген тұлғаларға деген тағзым ретінде осы шараны екі жыл қатарынан жаңа бір форматта ұйымдастырып келеміз. Жұрт көңілінен шығып жатқан сияқты. Ал «Сәрсенбінің сәтінде» жобасы тікелей әдебиетті қолдау тұрғысынан өткізіледі. Онда әдеби кездесулер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кітаптардың тұсаукесерін ұйымдастыру, республикаға танымал ақын-жазушылармен кездесулер өткізу, аудандарда тұратын қаламгерлердің шығармаларымен таныстыру, қысқасы, облыс әдебиеті мен өнерінің келелі мәселелері талқыланады. Оған жергілікті ақын-жазушылар, университет ғалымдары, рухани саланы басқарып жүрген шенеуніктер, БАҚ өкілдері қатысады. Бұл екі шара бірі тірінің қамын күйттеуімен, екіншісі өліні еске алып, құрметтеуімен құнды ма деп ойлаймын.

Күні кеше ғана «Жүрегі жырдан жаралған» атты қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевқа арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасы мен ән байқауын ұйымдастырдық. Осындай шаралардың арқасында Ә.Әлімжанов, Д.Рақышев, Д.Шоқпаров, Е.Ібітанов, Т.Базарбаев, Қ.Бұғыбаева, Е.Жақыпбек, О.Исмаилов т.б. жетісулық тұлғалар туралы бейнебаяндар түсірілді. Әбен Дәуренбековтің, Әли Ысқабайдың, Тұрсын Әбдуалидің мерейтойлары облыстық деңгейде аталып өтті. Қазіргі кездегі танымал ақындар: Жұматай Әміреев, Сағыныш Намазшамова, Ерғазы Манапұлы, Төлеужан Ғұмар, Қалмаханбет Мұқаметқали және басқалардың тырнақалды кітаптарын шығаруға жәрдемдестік. Талантты ақын-жазушылар: Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосынның, Төлеужан Ғұмардың, сатирик Тұрлыхан Кәрімнің және аудандарда тұратын жас қаламгерлердің шығармашылық кешін «Тіл сарайында» өткізуге ұйтқы болдық. Осы бағыттағы жұмыс алдағы кезде де жалғаса береді.

Бір тілде үш тұғыр болмайды

— Қазіргі уақытта үш тілділік туралы сан алуан пікірталастар жүріп жатыр. Тілдерге жанашыр болатын басқарманың тұтқасын ұстап отырғандықтан, көңіліңізде жүрген көкейтесті пікірлеріңіз қандай?

— Ресми тұрғыдан, атқарып отырған қызметіме сәйкес жоғарыдан берілген тапсырманы жүзеге асыруға тиіспін. Осыған сәйкес облыста 10 мемлекеттік, 2 жекеменшік мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс %d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%ba%d0%b5%d0%bd%d0%b4%d1%96%d1%80%d0%b1%d0%b5%d0%baістейді. 2016 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсын 626, ағылшын тілі курсын 62, орыс тілі курсын 44 тыңдаушы бітіріп шықты. Ал қарапайым пенде ретінде «үш тұғырдың» қалыптасып кетуіне күмәнім де жоқ емес. Менің ойымша, термин әуел баста қате аударылған. Жолдаудың орысша нұсқасында (трехъязычия) үш тіл туралы айтылады. Ал біз болсақ, қашаннан сұлу сөзге құмармыз, айды аспанға шығарып, оны «үш тұғыр» деп аударып, енді оны түрліше түсіндіріп әлекпіз. Құдды социализм кезіндегі қиындықтарды туғызып, оны жеңіп жататыны сияқты. Бір тілде үш тұғыр болмайды. Мүмкін үш тұғырдағы үш тіл шығар. Оны түсіну үшін философ болуың қажет. Меніңше, қалай болғанда да ең үлкен, биік тұғырда қазақ тілі отыруы керек. Өйткені ормандай көп орыс тұрғанда орыс тіліне, бүкіл жаһанның тіліне айналған ағылшын тіліне ешқандай қауіп жоқ. Қауіп қазақ тіліне төнуі мүмкін. Нұрила ханым, сіз де ұзақ уақыт бойы аудандық билікте басшы қызметтердің бірін атқардыңыз. Айтыңызшы, аудандық әкімдікке қанша пайыз ағылшын тілін білетін кадр керек? Тіпті орысшаңыздың өзі құжат бетіне жоғары жақтың сұранысына орай ғана жүзеге асып жатпай ма? Әрине, мемлекеттік деңгейде, халықаралық қарым-қатынас тілінде, ақпарат тілінде ағылшынның тасы өрге домалап тұрғанына ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ қажетті, қажетсіз жерге ағылшынды тықпалаудың соңы мемлекеттік тілдің солғындануына әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан керек жерінде сол «керекті» пайдаланған жөн.

«Адамды заман билемек, заманы оны илемек»

— Сіз ақынсыз, жай ақын емес, қара өлеңнің қазанын қайнатып жүрген поэзияда өзіндік үні, орны бар, танымал ақынсыз. Қазақ өлеңі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері кең тыныс алып, рухани байлығымызға өз үлесін қоса білді ме? Қолына қасиетті қалам ұстап, ақындық жолға түскен жаңа буын жастарға айтар ағалық тілек қандай?

— Мен, шынын айтқанда, өлеңді қумаған адаммын, қайта өлең өмір бойы мені қуалап келеді. Мәшһүр Жүсіп өлеңді бір дертке теңейді, ол бала жастан жабысса, одан ғұмыр бойы арылу қиын дегендей ой айтады. 5-6 кітабым шықты. Бірақ біреуіне қанағаттанған емеспін. Кезінде Тұманбай көкем де маған: «Бәрін таста, өлеңнің ауылына қоныс аудар», — деген еді. Амал не, «Адамды заман билемек, заманы оны илемек» болып шықты ғой. Жыр тіліне аударсам:

Күндерім өтті мыңдаған,

Таразысы: жоқ-бардың.

Ойхой, уақыт зырлаған,

Алпысқа, міне, кеп қалдым.

Кемел жас қой білгенге,

Алпысың айтса сырларын.

Төре боп төрде жүргенде

Жәутеңдеп қалды-ау жырларым.

Жылдарым өтті бір демде,

Алпысқа бүгін бөгелем.

Шен-шекпен киіп жүргенде,

Жазылмай қалды-ау көп өлең…

— Биылғы жылдың қараша айының бір сәтті күні 60 деген асқар таудың биігіне көтерілгелі отырсыз. Осы алпыс жыл ішінде сізді талай арманның ақ періштесі қанаттандырған шығар. Бұл жай ғана өмірдің бір асқар-белі емес, өзіңе өзің, оқырманыңа, тіпті елжұртыңның алдында есеп беретін кезең сияқты. Бала күннен ақын көкейінде жүрген буырқанған сезім мен толқыған ойлар ағымы көңіл деген айдындағы көлге барып құйылып, барлық арман-болжам жүзеге асты ма? Жоқ әлде «әттегенай, уақыт деген ақ арғымақтың жүгенін жіберіп алғаным-ай!» деген сәттеріңіз бар ма?

— Өкінбейтін пенде жоқ. Әсіресе өнер адамдары. Өмірдің өзі қайшылықтан тұрғанда, муза адамдарының жандүниесі дегеніңіз түпсіз терең мұқит тәрізді емес пе.

Қарап тұрсаң тірлікте,

Тез кетеді жақсылар.

Мынау деген жігітке,

Жолықпайды жақсы жар!

Мың сан байтақ ғаламда,

Бәрімізге бір Ие!

Кие біткен адамға

Бітпейді ғой дүние!

Шөп шықпайды тақырға,

Жайлау жылда түлеген.

Бұйырмайды ақынға

Мәңгі өлмейтін бір өлең!

Күйсандыққа бекінер,

Ойнамасаң, құрғақ шаң.

Композитор өкінер,

Жазбадым деп бір жақсы ән!

Табылмаса бір емі

Селт еткізбес ізгі ұран.

Маскүнемге үнемі

Жетпей жүрер жүз грамм.

Мәз боп ішіп-жегенге,

Оранса да бүлдеге.

Бә-ә-ә-рі жетті дегенге

Жетпей жүрер бірдеңе!

Көңілсіз бе күндерің,

Аяр сені Ай сынық.

Өмір деген күрделі,

Өмір деген қайшылық! — дегендей, алпыста да армандауға болатын нәрселер көп, әрине. Бірақ тәубе деген қасиетті ұғым бар. Сондықтан ел алдында есеп берсем деген ниетпен «Қарашада өмір тұр» атты шығармашылық кешімді өткізуді жоспарлап қойдым.

— Жетісу жері талай талантты қаламгерлердің мекені десе де болады. Қазақ елінің тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде осы қаламгерлерге деген қамқорлықтар олардың кеңінен тыныс алуына жол ашты ма?

— Өте ауқымды сұрақ. Тәуелсіздік, дербестік қазақ қаламгерлеріне еркіндік берді. Тар шеңберден шыққан олар әуелде абдырап қалды десе де болады. Бұрын арнайы тақырып беретін, арнайы мақсаттар қойылатын. Қазір тізгін бос. Оның үстіне ойлы оқырман да азайып кетті. Қазіргі кез, меніңше, құндылықтар таразыға тартылып тұрған мезгіл сияқты. Ал облыста бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Жергілікті қаламгерлердің кітаптары шығуда, Жазушылар одағының мүшелері стипендия алуда, мерейтойлары ұйымдастырылуда, ескерткіштері қойылуда. Дегенмен кең тыныс ашылғанмен, бүгінгі дәуірдің, заманның әдебиеті жасалуда деп айта алмаймын. Керісінше бос мақтан, бірін-бірі жосықсыз мадақтау жарысының көрігі қызып тұр.

— Жалпы, жазушының, ақынның, қаламгердің қазіргі өзгерген, жаңарған қоғамдағы алатын орны, рөлі қандай?

— Жоғарыда айтып өттім, қазір құндылықтарды бағалау өлшемі өзгерді. Билік және байлық. Осы екі категория үстемдік танытып тұр. Руханияттың жағдайы күрделі, жасырмай айтсақ, қайсыбір жағдайда ол жаңағы екеудің «қолына су құйып» жүр. Ал қаламгер қоғамның генераторы һәм барометрі болуға тиіс деп ойлаймын. 

«Бұлдыр көп күннен…»

— Армансыз адам болмайды, ол адам ақын болса, тіпті қиялымен аспан төрінде ұшып жүретініне күмәнім жоқ. Осы тұрғыда азамат ретінде, ақын ретінде алдағы уақытта өмірдің мына жарқын күндерінде жазсам-ау, жазамын деген жоспарболжамдарыңызбен оқырманмен бөліссеңіз.

— Ашық айтайын, алпысқа дейін өлеңді жазсаң жаздың, ал қалған ғұмырда тек ақылдың нұсқауымен мемуарлар ғана жазылатын сияқты. Абай айтқан:

Жапырағы қуарған ескі үмітпен,

Қиял ғып, өмір сүріп, бос жүріппін.

Жыбыр қағып көңілді тыншытпайды,

Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн. 

Сірә, мен де өмір мен көңіл күнделігін ақтаратын шығармын. Бала кезімнен құмартып оқыған кітабымның бірі — Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны». Ондағы ғибратқа толы шағын әңгімелер сияқты туынды жазсам деген арман көңіл түкпірінде ұзақ жүрді. Соған ұқсастырып, шағын эсселер жазып, «Жылдар сөйлейді» деген кітабыма кіргізген едім. Солай ұзатып жаза берейін десем, көргенім аз, көңілге түйгенім мардымсыз екен. Кейіпкерлерім де ұсақ, тағылымдық тұстары тапшылау. Айналаға қарадық. Алдымыз көрінбесе де соңымызда қалған Абай айтқан «бұлдыр көп күннен» естелік жазылуы тиіс сияқты. Сонау Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуі» сияқты заманмен бірге өрбіген қатқабат қилы-қилы өмірді бастан кешкен жоқпыз. «Ақ», «қызылды» көргеміз жоқ, Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Мұхтар Мағауиннің «Мені», Қалихан Ысқақовтың «Келмес күндер елесі» сияқты дүние туғызуға дарын да, әлім де өлшеулі. Олар автобиографиялық романдар ғой, шалғайы кең дүниелер. Алпыс деген асқарға шықтық. Қайтсек екен? Ақыры ойлана келе, әрине, ол бұрыннан бар жанр, күнделік тұрғысындағы кітап жазсам деймін.

Францияда ХҮ-ХҮІІІ ғасырда корольдер тегіс мемуар жазған ғой. Олар күнделікті не ішті, не жеді, кіммен кездесті, солардың бәрін тізбектей берген. Кейіннен тұтас ұлттың ғасыр шеңберіндегі шежіресін жазуда бұл кітаптар да кәдеге асқан. Мен 30 жылға жуық өмірімді мемлекеттік қызметке арнаппын. Жақсысы бар, жаманы бар, жасы бар, жасамысы бар небір ақ жағалы шенеуніктердің алдын көрдік, тәлім алдық не кері ағыста жүздік, әйтеуір Бекежан Тілегеновтің «Тымық өмірдің құпиясында» жазылғандай, сырты сұлу кеңселік қызметтің сан қатпарлы тірліктерін бастан өткердік. Солар менің қаламымның ұшында сиядайын тамайын-тамайын деп тұр.

— Кез келген ер-азаматтың басты бақыты да, байлығы да қасиетті отбасы, көгеріп-көктеген ұрпағы ғой. Өзіңіздің жан дүниеңізді түсінетін жылы шуақты жан-жарыңыз бен өміріңіздің мәні де сәні болған балаларыңыз шығармашылығыңызға қаншалықты көмекші бола алды?

— Жарым — өзіммен бірге институтта оқыған, ақ толқынды Атыраудың қызы Раушан Құрманғалиева. Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығының лауреаты. «Біз екеуміз», «Қыз он беске толғанда», «Ақ Жайықтың Аманайлары» сияқты кітаптары жарық көрген. Балаларымыз Астанада қызметте. Келін жұмсап, немере сүйіп жатқан жай бар. Ең алғашқы оқырманым, әрине, Раушан, ол әуелі жазғандарымды сүзіп шығады. Бір үйде қос әдебиетші, бұл жағынан бізге шығармашылық сапар әрі жеңіл, әрі қызғылықты. Сөз соңында, «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл рас болса, бір ақыл айтайын: «Елді сүй, жерді сүй, тілді сүй, отбасыңды сүй, Отаннан артық, тәуелсіздіктен қадірлі бұл дүниеде ештеңе жоқ!». — Құрметті Ахмет Кендірбекұлы, ағынан жарылған сұхбатыңызға көп рақмет! Асқарлы алпысыңыз құтты болып, барлық игілікті істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан — Нұрила Бектемірова