АҒАШТАН АҚША ЖАСАЙДЫ

Қарап отырсақ, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр.

Ауданда қажырлы, еңбекқор, кәсіптің тілін түсіне білген бірқатар азаматтардың ісі өрге домалап келеді.

Олардың қатарына жиһаз түрлерін құрастыру цехы ЖК «Бірәлиеваны» да қосуға болады.

Қазір кез-келген үйді, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес.

Себебі, әдемі жиһаз – үйдің сәні.

Осындай кәсіппен айналысатын кәсіпкермен Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев кездесіп, жұмыстарымен танысты.

– Жиһаз жасау да қолөнердің бір түрі. Демек, ол да шығармашылықты, ой-қиялды талап ететін жұмыс. Сондықтан, оларды эстетикалық жағынан әдемілеп зерлей білу қажет, – дейді жеке кәсіп иесі Бірәлиева Жанар.

– Әр саланың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Сол секілді жиһаз жасаудың да өзіндік қыр-сыры бар. 2016 жылдан бері осы кәсіпті дамытуға бар күшімді салып келемін.

Жасаған жиһаздарымды тұтынушылар мақтап жатады. Бүгінде 11 адамды жұмыспен қамтып, күніне 35-45 м² өнім шығарудамыз. Өнім бағасының 1 данасы-25-250 мың теңге аралығында, – дейді ол.

Бүгінде еліміздің жиһаз өндірісі нарығын жаулап алған шетелдік өнімдерге қарсы тұрып, өз ісін жүргізіп жатқан ЖК «Бірәлиеваның» кәсібі өте құптарлық.

Жиһаз жасауда оның өзіндік бренді де қалыптасып, кәсібінің қанат жаярына сенеміз.

 

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы