АДЫРАСПАН

Адыраспан шөбінің қасиеті туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Бір кісіден ілгеріде ел жылқыларының жөтеліп, қырылғанын және өз жылқыларын адыраспан түтетіп, аман алып қалғанын есіттім. Мен осы қасиетті шөп туралы өзім көрген, байқағандарыммен бөліспекпін. Біз туған жерде адыраспан шөбі өте көп өсетін. Осы қасиетті шөпті біздің ел қатты қадірлейтін, емге, дизенфекцияға көп пайдаланатын.
Біздің аңғарғанымыз; Адыраспан тек елді мекенді жерде өте тығыз өседі екен. Және ауылдың Құбыла бетінде мол болады. Біздің ауылдың осы жағында өте қалың болатын және өзге ауылдарда да солай. Сол желдің өтімен адам иісі көп тарайтын тұстарда жер жағдайына байланысты тығыз өседі екен. Бұл шөп адам иісімен қоректеніп өсетін сияқты. Құла түзде өсе бермейді. Бір байқағаным жол бойында да бірлі-жарым адыраспан өсіп тұрғанын көрдім. Ауылға асфальт келген соң сол жолдың бойына да адыраспанның өсіп тұрғанын байқадым.
Адыраспанды аларда;
Биссимиллаһи рахман рахим.
Адыраспан,
Мені жіберген Омар, Оспан.
Пайғамбар дұғасынан нәр алған соң,
Келіп тұрмын мен алыстан.
Ем қылмасам маған серт,
Ем болмасаң саған серт, – деп, айтып, алады.
Қолданарда; – Тілі бардың тілінен, сұғы бардың сұғынан, көзі бардың көзінен сақта,- деп айтып қолданатын.
Адыраспан мен тұзды араластырып, дұға жасап, құран сүрелерін оқып, үйді тб аластап жүретін үлкендер.
Үйдің босағасына да тіл-сұқтан сақтану үшін адыраспанның ұзын дәнді сабақтарын іліп қоятын.
Үйде сақтау: Биік жерге, аяқасты болмайтын жерге қояды.
Емге пайдалану жолдары көп.