Әділетсіз, әрі заңсыз Үкім

Әлібидің өмірін өксіткенімен, сағын сындырып, жігерін жасыта алмайды

«2017-2021… Уақыт зымырап өтуде. Кеше ғана оң-солымызды әлі танып үлгермеген, ата- анамыздың қасынан енді ғана келіп жаңа ортаға, жаңа қоғамға қосылып жатқан едік. Бүгін міне 4 жыл көзді-ашып жұмғанша өтті де кетті.
Биыл, аяулы ұстазымыз Меруерт Өтекешованың мерейлі 70 жылдық тойын атап өттік. Меруерт апайымыз актерлік шеберліктен бөлек, бізді адамгершілікке, қарапайымдылыққа, сұлулық пен тазалыққа, соның ішінде жан сұлулығы мен жүрек тазалығына үйретіп келеді. Біз осындай адамнан тәлім алып, жаңа өмірге аяқ басып, үлкен сапарға кетіп бара жатқанымызға қуанамыз. Тек осы төрт жылдың ішінде группамыздың әр баласының ішін күйдіретін бір әттеген-айы бар.
Елімізде әділетсіздіктің бар екеніне сенбейтін едік. Бірақ сол дүние өз басымызға түсті. Қатарласымыз, группаласымыз, досымыз, тай-құлындай ойнақтап, кең даланың төсінде емін-еркін бірге жүрген замандасымыз – Әліби өтіріктің құрбанына айналды. Ол топ басшымыз, қамқоршымыз, әрдайым жаны ашып тұратын өте мейірімді, жүрегі кең, ниеті түзу топтың жанашыры еді. Меруерт Қаратайқызының сенімді студенті еді…» Әліби Қаныбекұлы Өтепбергеннің группаласы Меруерт Муссина өзінің Facebook парақшасында жазған, пертіштедей аппақ жүрек сөзі жаныңды тебірентпей қоймайды!
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=318396086525067&id=100050640353490
Әлібидің кім екенін бүгінде көпшілікке түсіндіріп жатудың өзі артық. Өйткені, Әлібидің басына іс түскен сәттен-ақ, оның адалдығына, жан баласына қиянат жасамас тазалығына қылаудай күмән келтірудің өзі күнә екенін айтып, шырылдаған ұстазы, тілеуін тілеп, жанұшыра бір Алласына жалбарынған, бүгінде Әлібидің анасына айналған Меруерт Өтекешова және қазақ өнерінің тарланы, абыз-ақсақал Асанәлі Әшімов сынды өнер адамдары, бүкіл ел, халық болып, әділдік іздеп, араша сұраған, шарқ ұрған қоғам үні билікке де жеткені көпшілікке мәлім.
Әліби ісіне араласа бастаған алғашқы сәттен бастап, қорғау тарапының уәждерін толық зерттеп, қорғаушыларын тыңдап, Әлібидің әкесінің жанайқайын естігеннен кейін өзімнің жан-жүрегіме жеткеннен кейін «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті мен сайтында және «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайты да мәселенің мәнісін бірнеше рет жариялап, бүкіл ұжымымызбен халықтың пікірін де үнемі назарда, бақылауда ұстап келеміз. Әлеуметтік желілерде де әлсін-әлсін мақалалар мен пікірлерімізді жазып, «Аққа – Алла жақ!» деген сеніммен, Әлібидің ақталатынынан ешқашан күдер үзген емеспіз. Бұл іске сенсация жасап, атақ-абырой жинау үшін емес, бүтіндей бір газет-журнал мен сайттардың («Qazaqstan dauiri» ЖШС) директоры ретінде, жасым 75-ке таяған ақ жаулықты Ел анасы ретінде, бүкіл ұжымыммен бірге әділеттілік жолында бел шеше араласып отырмын.

Бұл істің соңына неге түстік?

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зәуреш Батталова айтқандай: «Әліби ісінде әділдік орнауы керек. Тек қана Әліби үшін емес, тек Әлібиді бостандыққа шығару үшін ғана емес, бүкіл баланы шындыққа тәрбиелеу үшін қажет. Балаларымыздың ойында «біреуден өш аламын, біреуді жауапқа тартамын» деген арам пиғыл болмасын. Тағы бір айтатын нәрсе. Әлібидің группаластары секілді жастардың жүрегіне күмән ұяламасын. Қазақстанда еңбек ету қауіпті, жазықсыздан жазықсыз жазалануымыз мүмкін деген үрей болмас үшін… Қазақстанда заң орындалмайды, Қазақстан сотының әділдігі жоқ деген жастарда күмән ұяламас үшін, біз күресуіміз керек. Сондықтан Әлібидің бостандығы бірінші болса, екінші орында балалардың тәрбие, сенім мәселесі тұр».
Иә, «Әліби ісінде үлкен күрескерлік пен сабыр керек! Әліби ақталуы керек! Бұл еліміздің сот жүйесіндегі тамыры тереңдеп бара жатқан, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бір қадам болса да, әділдікке жақындау үшін және келешек ұрпақтың мемлекетімізде адам құқының аяқасты болмайтынына, құқықтық тұрғыда еркін әрі қауіпсіз еңбек етеміз деген жастардың сеніміне селкеу түсірмеуіміз үшін де қажет», – деп, журналист Тілекгүл Есдәулет жазғандай, біз бекер шырылдамаймыз. https://m.facebook.com/groups/2311275672530253/permalink/2903889973268817/
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1788968074615911&id=100005082063852
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1803630016483050&id=100005082063852
Біз қазір жақсыға баға бере алмайтын, барды бағалай алмайтын әлеуметтік желінің әлегіне телінген «Әй десе, әжені, қой десе, қожаны» тыңдамағанның кесірінен, «Біреуге ор қазба» деген ата-баба аманатын сезінбейтін, еріккен балалардың өтірігін сотқа дәйек қылып, дәлел көріп, өрімдей жас Әлібиді қиянатқа қия салдық. Дұрысы – Қазақстанның әділ сот жүйесі мен Құқық күзетінің құрылымдарының өкілдері солай істеді! Солардың кейбір ант атқырлары солай шешіпті…
Біздің қоғамымыз имансыз, рухсыз, намыссыз, мейірімсіз болып барады, ағайын! Сол себепті осы істі соңына жеткізбеуді қолға алдық. Әрине, қашан да үмітпен өмір сүреміз. Адал, Алла деген азаматтар бар. Олардың да асырап отырған ұл-қыздары бар. Міне, жиырма төрт жасар Әлібидің екі жылы тар қапаста текке өтті?! Әттеген-айы!, жалындаған жас ғұмырының екі жылы осылай өксікке толы, қиянат пен әділетсіздіктен «қылмыскер» болып, орашаолақ үкіммен аяусыз түрде, әділетсіз түрде 10 жылға кесілді. Елестетіңізші, өзіңіз солай болсаңыз, балаңыз, не іні-бауырыңыз солай жаңсақ жәбірленсе, жаман атаққа ілінсе, «арпа ішінде бір бидай» болған қыршын жастың он жылы жылай-жылай түрмеге кесілсе – не болар еді?! Осыны қасақана істеген, осындай үкімге істі жетелегендердің үрім-бұтағы қарғысқа ұшырамай ма?! Әлібидің көз-жасына қалмай ма?! Оған жайбарақат қараған қоғамның жақсылыққа жетуі мүмкін бе?! Алладан үміт бар. Артында Әлібиге сенетін халқы, туған-туысы, ұстаздары, дос жарандары бар. «Әрекетке, Алла берекет береді» дейді.
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1781665042012881&id=100005082063

 

 

 

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына»

Шынында да «Сабыр – түбі сары алтын» демей ме, бабаларымыз? Ақ түйенің қарны жарылып, сүйіншілейтін күн де алыс емес шығар. Сенім алдамайды дегендей, мамыр айының басында елге танымал, беделі мен білімін қос қанатындай қомдап, әділдік жаршысы болып жүрген тәжірибелі, екі тілге жетік адвокат Абзал Құспандай азаматқа Әлібидің әкесі мен туыс-туғандары, қолдаушылары мен жанашырлары Әліби ісін қолға алуын өтіндік. Өзіміздің жоспарларымыз, іс-әрекеттерімізбен таныстырдық. Абзал Құспан өзінің қорғаушылық қызметін уақытша тоқтатқанына қарамастан, бәлсінбей бірден іске көшті. Азаматтық ұстанымымен кірісті, адвокат болып, ақы сұраған жоқ! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға екеуіміздің атымыздан арнайы хат жазылды.
Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын іске асырудың маңыздылығы туралы айта келіп, онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілетінін ескерткені жанайқайымыздың жетер жеріне жетіп, үміттің ақталатынына сендірді! Сең қозғалды! Бас прокуратураға жазған хатымызға құлақ асқан жауап келді. Жоғарғы соттан Ақтөбе қаласында облыстық соттың ғимаратында 18 мамыр онлайн кездесу болатынын хабарлады. Біз қуана-қуана, Абзал Құспан екеуіміз Ақтөбеге онлайн кездесу болатыннан бір күн бұрын жеттік. Өкініштісі аман-саулық жоқ, бізбен танысуды артық санап, мәселемізге, не үшін келгенімізге мән берместен шалқайып келіп, шалқайып қайтқан Жоғарғы Сот кеңесшісінің аты-жөнін өзіміз сұрастырып жүріп (өзін таныстыруды да білмеді сабазың), Амрин екенін білдік. Мемлекеттік тілді түсінбейтінін, тіпті түсінгісі келмейтінін де байқап, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісімен кездесуден қанағаттанбай қайттық. Бірақ биліктің бәрін қаралауға болмайды, жеткізетіндер жеткізбей жатады, солар әр түрлі қитұрқылыққа салып естіртпейді..! Жандайшаптар халық пен биліктің арасын алшақтатып жатқан! Халықтың сенімін жоғалтады! Олардың да күні бітер, Алланың, Ардың алдында жауап берері сөзсіз!
ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Тамара Дүйсенова 28 мамырда онлайн кездесу болатынын хабарлап, үлкен үмітімізді оятты. 28 мамыр күні Абзал Құспан Тамара Дүйсеновамен онлайн кездесіп, Жоғарғы соттан, Бас прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен лауазымды тұлғалар да қатысып, дәлел-дәйектерімізді ерекше ден қойып, ыждаһатты тыңдағаннан кейін, Бас прокуратура да қабылдайтынын айтты. Жоғарғы соттың кеңесшісі істің анық-қанығын басшыларға нақты жеткізетінін айтып, Әліби ісі басталғалы бері бірінші рет билік құлақ асып, тыңдағаны осыған дейінгі сірескен сеңді қозғады. Сол күні Жоғарғы сот кеңесшісі онлайн конференция өтуіне бір сағат қалғанда, кеңсе басшысымен бірге кездесуге шақырды. Абзал Құспанға өзімен бірге Әлібидің мүддесін қорғаушы Табышов Алдияр Қаныбекұлынан Өтініш хат әкелуді және Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша анықтама әкелуді тапсырды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза айтқан халық үніне құлақ асатын, еститін мемлекет деген осы емес пе?! Уәделескен уақыт бойынша, Абзал Құспанды Жоғарғы соттың кеңсесінде қабылдап, Өтініш хат пен қылмыстық іс бойынша анықтаманы, басқа да алып барған құжаттарды, іс бойынша материалдар жарияланған газет нөмірлерін жан-жақты, мұқият қарап, тексеріп, өзін де асықпай тыңдады. Міне, ел Президентінің «Әр істің артында адам тағдыры тұр» дегеніне немқұрайлы қарамай, тыңдағаны бізді ерекше жігерлендірді, көзімізді жеткізді, сірескен кеудемізге жылу ұялады.

Заңды белден басқандар

Мен қолымдағы сол жазылған заңсыз дәйектердің біразына сіздердің де назарларыңызды аударғым келеді. Қорғау тарапы, біз, Әліби ісі бойынша материалдық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің едәуір бұзылуына байланысты, бірінші сатыдағы сот үкімімен және аппеляциялық алқа қаулысымен келіспейтінімізді білесіздер, қадірлі оқырман. Иә, сот актілерін заңсыз және негізсіз деп санаймыз. Неге?
ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жазған Табышов Алдияр Қаныбекұлының Өтініш хатында: «Себебі соттың шығарған ұйғарымдары іс жүзіндегі шынайы болған жайттармен, маңызы бар деректі жағдайлармен сәйкес келмейді. Қылмыстық процессуалдық кодекс қате қолданылған. Осы қылмыстық іс бойынша дәлелдердің растығы мен нақтылығына жөнсіз баға берілген.
Соттың тұжырымдары істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар іс жүзіндегі мән-жайларына сәйкес келмейді, сонымен қатар, Үкім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі «Сот үкімі туралы» № 4 нормативтік қаулысының талаптарына қайшы шығарылған.
Атап айтқанда, Қаулының 16-тармағына сәйкес «Осында дәлелдемелердің талдауы, соттың айыптың дәлелденгені және әрекеттің саралануы туралы түйіндері, соттың бір дәлелдемелерді қабылдау, екіншілерінен бас тарту уәждері, қорғау және айыптау тарабының әрбір дәлелін бағалау, қылмыстың қайталануының түрі және жаза туралы шешімдері азаматтық талап бойынша, заттай дәлелдемелер, процестік шығындарды бөлу туралы және ҚПК-тің 390-бабында көзделген өзге де мәселелер бойынша негіздеме сол бірізділікпен келтіріледі. Уәждеу бөлігі қарар бөлігінде жазылатын шешімдердің негіздемесі болып табылады, сондықтан ол оған қайшы келмеуге тиіс».
Немесе 18-тармағында көрсетілген «Кінәсіздік презумпциясына орай және ҚПК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс. Үкімнің мәтіні қосымша дәлелдемелерге қатысты тараптардың өтініш хаттары, олардың қатыстылығы, жарамдылығы мен анықтығы жөнінде, егер басты сот талқылауында осы өтінішхаттар бойынша жеке қаулы ретінде шешім қабылданбаса, уәжді шешімді қамтуы тиіс.
Іс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуге тиіс. Дәлелдемелердің арасындағы қайшылықтар анықталуға әрі бағалануға жатады. Сотталушының кінәлілігі жөнінде сейілмеген күдік, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолданған кезде туындайтын күмәндер оның пайдасына шешілуге тиіс деген заңды талаптары сақталмаған», – деп жан-жақты түсінікті жазылғанын атап өткіміз келеді.

 

Дерексіз тергеу, дәйексіз қаралау,

салғырт адвокаттар, куәгерсіз өткен соттар…

Ал, жәбірленушілердің бірінші және апелляциялық сатыдағы сот отырыстарына қатыстырылмауы, іс бойынша сөзсіз анықталуы керек объективті мән-жайларды анықтауға кедергі келтіргені сөзсіз. Сотқа дейінгі тергеу барысында кәмелет жасына толмаған жәбірленушілерге тергеу судьясымен сақтауға қойған айғақтары бойынша олардың психо-эмоциялық жағдайларын анықтау мақсатында сот психологиялық-криминалистік сараптама тағайындаған. Аталған сараптама қорытындысы бойынша, қойылған сұрақтарға жауап беру мүмкін емес деп тұжырым жасалған. Себебі, зерттеу обьектісінің вербальді емес және вербальді мәліметтері бейнекамерада көрінбейтін жағдайда түсірілген. Негізінде кәмелет жасына толмаған балалар – сараптамаға өздері қатысуы тиіс еді.
Бұл сараптама тұжырымы істі дұрыс шешуге өте маңызды еді. Себебі, сот психологиялық-криминалистік сараптама шеңберінде тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде және адамның психо-эмоциялық күйін өзгерту мақсатымен әсер ету фактілерін анықтау, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде адамның психо-эмоциялық күйін анықтау сұрақтары шешіледі. Сол себепті, жоғарыда көрсетілген кәмелет жасына толмаған жәбірленушілерден бейне жазба қолдану арқылы қайта жауап алынып, оларға психо-эмоциялық сараптама тағайындалуы қажет еді. Сонымен қатар, бұл жерде тағы да тергеу кезінде іске қатысқан адвокаттардың әрекетсіздігі көрініп тұр, ол туралы сот Үкімінің 13-бетінде «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде сотталушы мен қорғаушы тарапынан сараптама қорытындыларына қандай да бір шағым келтірілмеген және басқа өтініш қойылмаған. Тергеу кезінен бері іс бойынша барлығы 9 адвокат ауысқандықтан, олардың тарапынан бірізділік болмағанын жоққа шығара алмаймыз!

Қарғадай қаныпезерлер

Әліби ісі бойынша анықтамада «Біз Әліби ағайды соттатайын деп жатырмыз, сонда мен басты рөлде ойнаймын», – деген тәлімгерді жазықсыз соттатуға кіріскен қарғадай қаныпезер ұлдардың сөзі жүр. Кейін бұл әңгімелерді естіген 7-ші жасақтың бірнеше қыздары тәрбиеші Н.А.Бахитжанға келіп, «Әліби ағайдың кінәсі жоқ, балалар дискотекаға жібермегені үшін, осыдай шу шығарды», – деп мәлімдеген.
Істің мән-жайын түгелдей өзгертететін қыздардың айғақ-деректері мен куә Н.А.Бахитжанның баяндаған мәліметтері сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде мүлдем тексерілмеген, сот отырысында да ескерілмеген.
Куә Н.А.Бахитжанға келіп сотталған Ә.Қ. Өтепбергенге ұл балалардың жала жапқандары туралы ақпаратты берген 7-ші жасақтағы қыз балалардың кімдер екендігі анықталмаған, олардан аталған мәлімет бойынша жауап алынбаған. Сонымен қатар, мысалы, осы куәлердің ішінен (қазір белгілі себептермен атын атауға болмайды) куәгердің Жоғарғы Сотқа және Бас прокуратураға жазған арызындағы мына жерлері назар аударуға тұрарлық; Ол басында у-шу болып жатқан кезде өзі де арыз жазғанын, кейін баласы шындықты айтқан соң, арызын қайтып алғанын және баласы осының бәрін бір баланың (аты-жөні де белгілі) ұйымдастырғанын, себебі осының алдында, Әліби Өтепбергенге дейін тәлімгер болып небары бір күн істеген жас жігітті балалар арызданып, жұмыстан шығарып жіберген (!), бұл жолы да Әлібиге солай істесек, жұмыстан шығарады деген ұсыныс болып, оны кейбір балалардың қолдағаны, кейбірінің қарсы болғаны айтылады.

Қоғамды бездірген безбүйректік

Осы бір іс үшін өте маңызды ақпарат, не тергеуші, не екінші сатыдағы соттар үшін ешқандай маңызы болмағаны түсініксіз. Ең бастысы, куәгердің ол айтып отырғаны іс материалдарымен үндеседі, Әлібиге дейін сол отрядта тәлімгер боп істеген азамат небары бір күннен соң жұмыстан, балалардың талабымен қуылған… Демек, сотқа дейінгі тергеу материалдары атүсті, жүрдім-бардым жасақталған, жан-жақты зерттелмеген, толық тергелмеген.
Жауапталған да, жауапталмаған да куәлер бұрын соңды Әлібиді танымайды, ал лагерьде өте аз уақыт көлемінде (үш-ақ күн) таныс, онымен ешқандай туыс емес, дос емес, бірге оқымаған, неге, не үшін олардың барлығы өтірік айтулары, сот Үкімінде «куәлер өзінің осы жауаптарын, сотталушы Өтепбергеннің жауапкершілігін жеңілдету мақсатында берген деп есептейді» – деп жазылғанындай, Әлібиге көмектесуге тырысады?

 

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы және апелляциялық алқа соттарының «куәлер болған оқиғаны көрмеген» – деген желеумен, олардың жауаптарын басшылыққа алмағандары да өте қызық. Тергеу де, сот та ең әуелі сондай оқиға болды ма, жоқ па, соған көз жеткізулері керек емес пе?
Түйін: Қорыта айтар болсақ, Әліби ісі айыптаушылар тарапынан да ойламаған жерден іс насырға шауып, аяқ асты ушығып кеткен іс екенін сот та басқа да жоққа шығара алмайды. Сот ісі басталғанда әуелі 4 куәгер апелляция сатысында тағы 2 куәгер қосылып, 4 жәбірленуші және 10-ы тергеу органдарымен анықталмаған, қорғау жағы анықтаған, бірақ, іс бойынша жауапталмаған куәлерді, іс барысында ауысқан 9 адвокат пен Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова бастаған түгелге дерлік өнер адамдарының жанашырлығын туғызып, курстас, группалас достары мен ағайын-туыстың, республикамыздың түкпір-түкпірінен дерлік барлық халықты әділдік үшін жұмылдырған жұдырықтай ғана Әліби ісінің «ой-шұңқыры», жай-жапсары, біздің «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті мен сайтына, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтына егжей-тегжейлі жазылып, алаңдап, тілекші болып отырған, құрметті оқырман, Сіздердің назарларыңыздан қалыс қалған емес.
Куәгерсіз, ешқандай оқиғасыз ойдан құрастырылған «ойыннан» от шығып, істің ушығатыны ешкімнің қаперіне де келмеген болар. Дегенмен, солқылдақ сот пен салғырт адвокаттардың жұмысына мұқият болмағандығы, адам өміріне атүсті қарап, қисыны келсе, ақшаға да сатыла салып, талай тағдырларды түрме торына тыға салатын әрекетін ақтауға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та еліміздің құқық саласына, әсіресе соттарға сауатты реформа керек екенін айтудай-ақ айтып келеді.

Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе!

«Болған іске болаттай болу керек-ақ», бірақ уақыт зымырап өтуде. Бүгінде университетті бітіріп, жасындай жарқырап, елінің сүйініші болып, дарынымен даралануға тиіс Әліби Өтепбергеннің тар қапаста қамалып, жазықсыздан жазықсыз сотты болуы кім-кімнің де жанын күзелтпей қоймайтыны анық. Екі жылға жуық есіл уақыттың өтеуі мен сұрауын бір Алла өзі реттер. Бірақ мемлекеттің ең қымбат қазынасы – Адам! Сол адам тағдырының немқұрайлылық кесірінен ойран болып жатуы ешкімге де опа бермес!
Билік естіді! Қателік қайдан кетті, оқиға қалай өрбіген еді деген сан сауалға, нақты жауаптырымызды өз қолымызбен Жоғарғы сотқа табыстап, аманаттадық! Ақиқатын айта алсақ, жоғарыға жеткізе алсақ деген арманымыз ақталды. Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық дерті асқынып тұрған қоғамда, «қарға қарғаның көзін шұқымайтыны» анық еді. Шүкір бұл күдігіміздің де бұлты сейіле бастаған сыңайлы.
«Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы
Шыдамдыны мына өмір ұнатады
Үміттің Кұлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады…
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге…», – деп Мұқағали жырлағандай, шыдам мен сабыр Әлібидің тар қапастағы серігі, ертеңге деген сенімі мен үміті екеніне сенеміз!
«Жалындаған жастық шағын ұрлағандар адамның алдында емес, Алланың алдында қандай
жауап айтар екен? Ол тіршілік тірлігін, кең даласының еркіндікте тыныс алатын ауасын сағынды…», деп өзіңмен бірге жаны күйзелген достарыңның жүрек лүпілін өзің де сезерсің, Әліби!
Жазықсыз сотталып, жапа шеккен жаныңа жара түспесін, жан балам! Жадыраған жаныңның бағына қайта бір үміт гүлі өсер. Күт! Тілекшің – халқың, қорғаның – Алла!
Жоғарыда айтқанымыздай, Әлібидің басына іс түскелі бері оған әділдік сұрап жоқтаушысы болған сан мыңдаған жанашыр, қамқор жандардың пікірі, лебізі, жанайқайы «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті мен сайтына, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтына басқа да әлеуметтік желідегі «Әлібиді қорғайық!», «Әлібиге әділдік!» деген топтарда да әлі күнге дейін тоқтаған да, толастар да емес. Бүгінге дейін қолдаушылар өз ойларын ортаға салуды толассыз жалғастыруда. Қоңырау шалып тілекші болып жатқандарда есеп жоқ! Әліби ісі әділ шешілмейінше, бұл толқынның тоқтайтын түрі байқалмайды. Олардың саны көбеймесе, азаяр түрі де көрінбейді. «Көп тілегі – көл» деген, сабыр сақтайық!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,