Әдеби шәй: Абай мұрасына тағзым

Түркістандағы білім ошақтарында ұстаздар мәртебесі мен біліктілігі қашанда алдыңғы орында. Осы орайда киелі шаһардағы №34 жалпы білім беретін мектепте мұғалімдер арасында тағылымы мол әдеби шәй өтті. Осымен екінші рет өткізіліп отырған шараның келесі тақырыбы да хакім Абайға арналыпты. Оқушылар демалысында «Абайдың ғылым-білім тақырыбындағы шығармалары және тұлға тәрбиесіндегі мұғалім миссиясы» тақырыбын талдаған ұстаздар қауымы мазмұнды шараның тың серпін беретінін алға тартты.

Рухани байлыққа жол бастайтын іс-шара барысында ұстаздар ұлы ойшылдың ғылым мен білімге үндеген өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, Абайдың ағартушылық идеяларын бүгінгі білім беру ісімен байланыстыра талқылады. Тағылымды шараның мақсаты — ұстаздардың рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру, ұстаздық миссияның маңызын ұғындыру және Абай даналығын насихаттау болды.

«Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, композитор әрі ағартушы Абай Құнанбайұлы туғанына 180 жыл. Мұндай айтулы дата тек елімізде ғана емес, әлем елдерінде аталып өтіп жатыр. Халқымыздың рухани әлемін байытқан мәңгілік қазынасы болған шығармаларын насихаттау бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз. Рухани реңк пен жылы шырайға толы әдеби шәй қатысушыларға шабыт пен ой салды» дейді қатысушылар. Сондай-ақ мұндай әдеби жиынды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Біртуар тұлға өзінің өлеңдері мен қара сөздері арқылы елді еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа, адамгершілік пен әділетке үндеді. Қаладағы қырыққа жуық мектептерде осындай игі бастамалар жалғасын тауып, үлгі бола берсін дейміз.

Түркістан қаласы