Адамзат үшін ең үлкен жетістік — бейбіт жерде қуанып өмір кешу

Біз адамның физикалық денсаулығына көп көңіл бөлеміз. Бірақ денедегі ауру алдымен психикада пайда болатынына ешқашан назар аудармаймыз. Психикаға жеткенге дейін, ол — есту, көру, сезу арқылы ойды шырмайды. Ғылыми тәжірибелерге сүйеніп көп дүние айтуға болады. Ол — ұзақ әңгіме. Кез келген дерттің бастауы сонда. Адам көзге көрінбегенді дерт санай бермейді, сондықтан денеге өткенше мән бермейді.
Зорлық- зомбылық жасайтындарда да солай.. Олар психикасы көбіне бала кезде бүлінген адамдар. Қылмыскерлердің қайтып адам қатарына қосылуы екіталай, қиын. Себебі сананы аршу — өте күрделі, ұзақ жол.
Оған қайтпас қайсар рух керек. Сананың түбірін тазалап, мамандар талмай жұмыс істеуі керек. Санадағы программаны жойып, жаңасын “орнату” арнайы біліммен қатар үлкен күш -қуатты талап етеді.
Онымен кім айналысады? Бала кезде ата- анасының жаны ашымаған ұрпағы кейін кімге керек? Дүниеге бала әкелген адам ұрпағына жауапты болуды білуі керек. Адам өздігінен қалыптаспайды.
Балаға бала кезде көңіл бөлу өте маңызды. Дер кезінде алынбаған тәрбие, мейірім, махаббат, жылу адамның өзі үшін ғана емес бүкіл қоғам үшін қауіпті. Бір жауапсыз ата-ананың әрекетінен бірнеше жан, тұтас қоғам зардап шегуі мүмкін. Дер кезінде немқұрайлы қарап, қазір бармағын тістеп, өздерімен бірдей “баламен” алысып қанша ата-ана отыр.
Өсіп кеткен ересек адамның өзгергенін көрмедік.
Қазір көп баланың тәрбиешісі — тик-ток, т.б желілер, телефондағы бейтаныс адамдар. Яғни, баласының санасына кімнің қандай программа “орнатып” жатқанын ешкім білмейді. Көп жағдайда орнатушы да (олар да біреулерге еліктіген біреулер) бала да сезбейді. Оның бәрі көбіне фонмен жүреді.
Бағдарламалардың “жемісі” араға жылдар салып шығады. Есейгенде. Оның себебін табу үшін, лентаны кері айналдырып, баланың әр жылы, күні, сағат, минутына үңілу қажет. Сонда ғана кез келген әрекеттің, өзгерістің, дерттің дәл “диагнозын” табуға болады.
Қылмыскердің де, зорлық- зомбылық жасаушының да өмірін кері айналдырса себебі түгел, анық көрінеді. Бірақ онымен кім айналысып отырады. Сондықтан салдарын “емдейміз”, күресеміз, бірақ одан ештеңе өзгере қоймайды. Түбірі сол күйі қалғандықтан санадағы программа әрі қарай жұмысын жалғастыруға дайын. Жалғастыра береді де. Қылмыскердің бір қылмысты жасай беретіні де сол. Өзіне әлі келетін, әдетімен біржола қоштаса алатын адам сирек.
Сананы қалыптастыру — ең үлкен жауапкершілік. Ол бүкіл қоғам деңгейінде қолға алатын ең бірінші шаруа болуы тиіс. Яғни, бала тәрбиесі. Қылмыс неге көбейді? Жантүршігерлік сұмдық неге белең алып кетті? Ешқандай әлеуметтік жағдай зорлыққа апармайды. Соны істейтегендердің өмірбаянын ерінбей зерттесе бәрі психикасында тұр.
Бала қандай ортада өсті, ата-ана не үйретті, не көрсетті, әке-шеше қалай жүріп тұрды, бала кімге еліктеді, қандай кино көрді, ата-анасының бір-бірімен қарым-қатынасы қандай болды, уақытын қалай, кіммен өткізді, не тыңдады, кіммен дос, аралас, телефонда кімді көп көреді — бақылайтын дүние көп.
Адам тәрбиелеумен жан-жақты, біріге айналыспай дамыған қоғам боламыз деу күлкілі болады. Дамыған қоғамда қылмыскер аз немесе жоқ. Саналы қоғамда адам адамға күш көрсетпеуі қажет. Адамды сана басқару керек.
Кірімізді, ыдысымызды, үйіиізді машина жуып бергенге, өмірімізді түгел цифрлап телефонға байлағанға, космосқа ұшқанымызға мәз болу жетістік емес, егер сана дамымаса, адами құндылық қапаста қалса.
Адамзат үшін ең үлкен жетістік — бейбіт жерде қуанып өмір кешу. Кез келген конфликтіні диалогпен шешу. Адам адамнан қорқып өмір сүретін қоғамды мешел деу керек. Бала зорлайтын, өз баласынан безінетін, әйелін ұрып өлтіретін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алмайтын қоғамды емдеу керек.
Медицина жүйесі жылына 1-2 рет тұрғындардың психикасын тексерістен өткізуді міндеттесе біраз қылмыстың алдын алуға болар еді.
Ал, ең бастысы қирап жатқан отбасы институтын қалпына келтіру. Оған ерекше статус беру.