Адамды xайуандықтан адамшылыққа кіргізген- әйел.
Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел xаліне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай xалыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің xалін түзе!
Мұxтар Әуезов
Нәзипа Құлжанованың шәкірті
Құрметті Гаухар Айтжанқызы!
Нәзипа Құлжанова тақырыбына, тағдырына зор ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен кірісіпсіз. Ғажап!
Қазақ қыздарының ішінен алғаш Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте оқыған, орысша сауатты, әйел теңсіздігі, әйел бостандығы, әйел құқығына қатысты өз заманында губернаторға арызданып, бас бостандығы үшін күрескен Нәзипа, мұғалім Нәзипа.
Абайдың атын ұлықтап, Абайдың мұрасын насихаттап, Семейде тарихи екі кеш — Абайдың қайтыс болуына 10 жыл және Абайдың туғанына 70 жыл толуына арналған тұңғыш шараларды өткізген Нәзипа.
Семей губерниясының шен-шекпенді, зиялы орыс қауымының алдында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде баяндама жасаған тұңғыш қазақ қызы — Нәзипа Құлжанова.
Сол кештерде ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық өнер түрлерін насихаттап, әр аймаққа тән ерлер мен әйелдердің ұлттық киім үлгілерін жинақтап, подиумға алғаш рет алып шыққан да Нәзипа.
Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаевтарды, қазақтың өнерлі жастарын кәсіби сахнаға шығарып, тәрбиелеген Нәзипа.
Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің драматургия тақырыбына баруына алғаш ой салған, өнеге көрсеткен Нәзипа.
Орыс императорлық географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей географиялық бөлімшесінің қазақ әйелдерінің ішінен сайланған тұңғыш мүшесі — Нәзипа Құлжанова.
Ұлттық журналистика тарихында қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш журналист Нәзипа Құлжанова.
Бүгінгі ұлттық іргелі басылымдардың ұйымдастырушыларының бірегейі — Нәзипа Құлжанова .
Алаш тарихында да өзіндік орны бар қайраткер.
Нәзипа Құлжанова — «Мектепке дейінгі педагогика» ғылымының негізін қалаған ағартушы-педагог, «Мектептен бұрынғы тәрбие» және «Ана мен бала» еңбектерінің авторы.
Қазақ қыздарынан арасынан шыққан алғашқы аудармашы.
Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин өлең арнаған қайсар рухты, қайраткер Нәзипа.
Нәзипа Құлжанова — АЛАШТЫҢ ТҰҢҒЫШ БІЛІМ ОРДАСЫНДА ұзақ жылдар оқытушылық , Семей қалалық гимназиясында мұғалімдік қызмет атқарған ағартушы-педагог, Семей мұғалімдер семинариясында білім алған Алаш қайраткерлерінің ұстазы Нұрғали Құлжановтың жары.
Нұрғали Құлжанов Нәзипаның білім алуына қаржылай қолдау жасаған, бас бостандығын алуына рухани демеу болған адам.
Нәзипаның ұлтқа қызмет ету — ұлт қайраткері деңгейіне көтерілуіне, білімі мен қайрат-қуатының елдік мүддеге бағытталуына үнемі қолдау жасаған адам.
Нәзипа Құлжанованың ең ұзақ тұрған қаласы (15 жыл) — Семей. Өмірінің ең маңызды кезеңі өткен қала — Семей.
Құрметті Гаухар Айтжанқызы!
Нәзипа Құлжанованың кіндік қаны тамған Торғайынан бастап, тағдырының ең аяулы да қасіретті кезеңі өткен Семей, Орынбор, Қызылорда қалаларындағы еңбек жолы, Алматыдағы өмірінің соңғы сәттері, өкінішті де өнегелі ғұмыры туралы үнемі толғанып жүруші едім.
Көкірегімдегі осы бір арманды ойымды жүзеге асыруда Өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған маңызы зор жұмыстың нәтижесін көрер уақыт та жақын.
Рахмет, Сізге! Тәңір жар болсын!

