Адам баласы бағалай білсе, бақыт деген қол созым жерде

Бірде-бір мұсылман баласы келе жатып, жол бойында қайыр сұрап отырған адамды көреді де, таяп келіп, қолын қалтасына салса, пақыр тиын жоқ екен. Негізі үйінен шыққанда қалтамда қаражатым бар деп шыққан болатын, бақса, бүгін киімін ауыстырып шығыпты, бар ақшасы үйде қалып қойыпты. Ол есінен тарс шығып кеткен ғой, енді қайтеді? Екі беті нарттай қып-қызыл болып кеткен. Қайыршыға қарап:
— Ұят болды-ау, кешіріңіз, мен бүгінгінің есесін қосып, сізге ертең, ертең беремін… — деп күмілжіп, бұрыла береді. Қайыршы оның не деп жатқанын естіп жарытпаған. Себебі нақ осы сәтте әлдебір жеңіл желмен домалап, оның күс-күс алақанына тұтас «бес мыңдық» қып-қызыл болып, жабыса қалған болатын. Бұл ақшаның қайдан пайда болғанын тірі пенде білмес. Қайыршы өзіне таяп келіп, қалтасын ақтарып, түртіншектеп, сол бойда әлденелерді айтып, тез қаша жөнелген мұсылман беріп кетті деп ойлап, алғысын жаудырып жатыр. Әріге кетіп қалған кісі оның айқайына құлақ түрген, артымнан балағаттап жатыр ма деп, жоқ, қайыршы бар білген жақсы сөздерін айтып: «Жақсы адам, Алла саған жар болсын! Ауырма, сырқама, дәулетің артсын, бала-шағаңның бақ-қызығын көр!» — деп тым әдемі сөйлейді. Бұл қайран қалған. «Шынымен де бұл жақсы сөздің барлығын маған айтып жатыр ма, әлде осылай кекеткен түрі ме?» — деген көңілмен ұзай берген. Ертеңіне сөзіне тұрып, тап кешегідей қызыл қанат ақшаның екеуін қайыршының қолына ұстатты.
— Алыңыз, кеше аздап ұяттау болды, — деп жатыр. Енді қайыршыда үн жоқ. Көзі таңқалғаннан үлкейіп кеткен. Әрі сондай риза. Бар білгені басын изеп: «Құдай сізді жақсы көреді, Құдай сізге жар болсын!» — дей береді. Екі күннің ішінде қолына біраз қаражат тиген қайыршы бұлай отыра беруді ар көріп, орнынан тұрды. Қаражаттының жартысын жұмсап, үсті-басын ретке келтірді. Қалған бөлігін бұрын қайыршыланбай жүрген кезінде қолға алсам деп жүрген өзі ұнатқан бір кәсіпті игеруге пайдаланды. Ұсақ-түйек саудамен айналысты. Бастаған ісі ілгерлеп, аздаған уақыттың ішінде шаруасы дөңгеленіп, кәдімгідей адам қатарына ілікті, жыртық үйін жамап, күйін келтіруге жағдайы жарап қалды. Жаман әдеттерін тастап, түзеулікке бет бұрған бұл қайыршы енді жылап отыр: «Құдайым, құрдымға құлап, біткелі тұрған жерімнен қолыңды созып, құтқарып қалдың. Тәубе, шүкір! Маған мол қаражат берген әлгі кісінің ғұмыр жасын ұзақ та бақытты қыл!» — деп жалбарынды.

Өзін қайыршылықтан құтқарған бейтаныс мұсылман баласы болса, бұл жағдайдан бейхабар, бірақ ол да бақытты. Оның көптен сырқат анасы бар еді, соны жатса-тұрса уайымдайтын, Алла-Тағаланың рахымымен ауру шешесі тәуір болды, отбасына ырыс-береке келіп, шүкіршілігі артты.
Бұл оқиғаның барлығы бір Алланың рахымымен болып жатқан әдемі жағдай, әсерлі рәуіш, көңіл әлдилер ғибартты ахуал. Иә, адам баласы бағалай білсе, бақыт деген қол созым жерде.

Мұнайдар Балмолда