Абылай хан мен Елбасының мүсіні қойылды

Павлодар облыстық Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Елбасының бес қыры» жобасы аясында «Болашақты бастап берген жастық шақ» атты көрме ашылды. Көрмеге үш жүздің басын қосқан ұлы тұлға Абылай ханның және ҚР Тұңғыш Преиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың силиконнан жасалған мүсіндері қойылды.

Шара ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұйымдастырылған. Көрмені бірінші болып жергілікті ақын-жазушылар, жоғары оқу орын студенттері және мектеп оқушылары тамашалады. Көрмеге сонымен қатар, Елбасының жастық шағынан сыр шертетін кітаптар мен фотосуреттер және бірқатар деректер ұсынылды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабековтің сөзінше, көрмеге бір апта уақыт ашық болады. Сондықтан, қазақ елінің болашағы жолында тер төккен тұлғалармен жақын танысып, суретке түскісі келген адамдарға есігіміз ашық дейді.

— Еліміздің Тұңғыш Президенті күнін атап өту – еліміздің өткеніне үңылу деген сөз. Себебі, Елбасының өмірін тану арқылы ел Тәуелсіздігі жолында еткен еңбектерімен танысамыз. Бұл қазіргі жастар үшін ауадай қажет Сондықтан да студенттер мен оқушыларды шақырып отырмыз. Көрме бір апта бойы ашық тұрады. Келіп көремін деушілер болса қуана қарсы алып, көрмені таныстырамыз, — дейді Жеңіс Нұртасұлы.