Анадан асыл жан бар ма?..

АСЫЛ АНАМЫЗ, СҮЙІКТІ ӘЖЕМІЗ ТҰРҒАНҚЫЗЫ ҚАТИПАҒА

 «Дүниенің бәрі де ананың ақ сүтінен жаратылған», осы сөзге қазақпын деп жүрегі соғатын барлық азамат қосылатыны анық.

Ал, Жаңабек пен Қатипаның он баласының асыл аналары туралы айтар сөзі аз емес. Тіпті, оның кейбірі аңызға бергісіз.

ҚАТИПА99Қатипа анамыз – Тұрған атамыз, Бәтиха Дәуапамыздың төртінші баласы, тұңғыш қыздары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік (бұрынғы Көктерек) ауылында 1920 жылы, 5 желтоқсан күні дүниеге келді. Әкесі Тұрған ауылдың беделді ақсақалы еді, шешесі Батиха қолөнер шебері, ісмер, айналасына қадірлі, ақыл-кеңесін, көмегін аямайтын кісі болатын.

Қатипа жастайынан бауырлары – Кемал, Аман, Асқар, Кәмиламен бірге еңбекке араласып, шешесінің тәрбиесін жете қабылдап, өз өмірінде ашаршылық, сұрапыл соғыс сындарынан өтті.

1938 жылы Қатипа анамыз комбайншылар курсын бітіріп, трактор айдаған. Сөйтіп, шаруаның ыстық-суығын бір адамдай көрді. Кейіннен талабы таудай ол «Ынталы» колхозы төрағасының орынбасары болып та ортақ іске араласып, белсенділік танытты.

                                         қатипа100   ҚАТИПА55

Соғыс біткенде Жаңабек әкемізбен қосылып, алғашқы жылдарда екі сәбиінен (Сүйіндік, Қуат) айырылды. Екі айлық сәбиді жоқтап келген ағайындар, үлкен кісі өлгендей қайғырды. «О Алла, бар болсаң, маған берер балаңды осы сорлыға берші» деген сөздер Алланың құлағына шалынған болу керек.

Алғашқысында Махмет, онан соң Махметәлі, Ахметәлі, Рая, Роза, Майра, Шаяхмет, Ахмет болып, үйдің ішін балалардың айқай-шуына толтырды. Өкімет тарапынан қамқорлық көрсетіліп, сол заманда  ауылдың ең үлкен үйі болып, жаңасы соғылып берілді.

ҚАТИПА44Балаларымның бейнетін көрдім, енді зейнетін көрермін деген шақта отағасы Жаңабек 1964 жылы мәңгілік сапарға аттанды. Тұңғышы он бес жаста, кенжесі бір жарым жаста болып Қатипа 44 жасында жесір қалса да, өмірде жолын тосып, жонын көрсеткен сан алуан қиындық пен тауқыметке морт кетіп мойымады. Еліне сыйлы Ел Анасы бола алды. Омырауында он бала тәрбиелеп өсіргендігі үшін «Ардақты Ана» алтын жұлдызы жарқырады. Қайғыға батып, күнім не болды демей шешеміз балаларына: «жақсы оқысаңдар, жолдарың ашық, болашақта қиналмай өмір сүресіндер» деген мақсат қойды. Қатипа анамыз, елден асып бара жатқан сауатты болмаса да, терең білімсіз, орнықты оқусыз, тәлім-тәрбиесіз перзенттерінің жолы ашылмайтынын анық түсініп, түйсіне білген ана.

Осы мақсатты іске асыруда аянбай еңбек етті. Денсаулығына қарамастан, екі жерде (сауда саласында және кино жүйесінде) жұмыс істеп, барын да, нарын да балаларға жаратып, солардың оқуына ешнәрсе кедергі болмасын деп жанын салды.

ҚАТИПА22

Осы еңбегі ақталды, балалардың бәрі де ойдағыдай мектеп бітірді, жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып, білікті маман, қызметкер болды. Бүгіндері ұлдары мен қыздары, күйеу балалары мен келіндері, тіпті, немерелері жоғары білімді, өз орталарына сыйлы жандар.

ҚАТИПА66Ең қызығы, ең сүйсінерлігі – Қатипа анамыздың ұл-қыздары Махмет, Рая, Майра, Шаяхмет, Ахмет, күйеу-келіндері Арун, Гүлнәр, немерелері Алина, Анеля, Асхат пен Айсұлу негізінен қазақ жоғары білімінің ең биігі, «ту ұстаушысы» — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлектері. Қара шаңырақты ұстап отырған Махметәлі – халқына сыйлы азамат. Отанасы Ләззат Қатипа анамыздың өнегесін айнытпай ұстап отырған, дастарқаны жаюлы, қабағы ашық жайдарлы, қонақжай жан.Сонымен қатар, Қатипа анамыз он саусағынан өнері тамған жан еді. Оны ел-жұрт ісмер ретінде де жақсы біледі, қолынан шыққан талай ою-өрнегі, текеметі әр үйге сән беріп тұр. Оның біреуі, тіпті, Мойынқұм аудандық мұражайынан орын алған. Осындай қарбалас тіршілікте ағайын-туыс тек сырттан қарап тұрған жоқ. Өз бауырлары: Асқар-Тазакүл, Мәдуар-Ақбала, Шәукет-Кәмиля, Мешітбай, Зейнеғазы-Ерен, Қайрақбай, Тоқтақұл, Әбиірағалары, Жаңкеңнің ағайындары: Мәкүш, Мәді, Ақанжан, Әмірзат, Көркей, Рапия балалардың тілеуін тілеп, қамқоршы болып, көмегін барынша аянбай көрсетті.

ҚАТИПА33Туыстардың арасында сыйлы, беделді Қатипа ауыл ішінде де қадірлі жан болды. Еңбегін, тіршілігін ардақтап қатарлары,өайындары Мешітбай, Құлтай, Мұхаметжан ағаларымыз, інілері Тасболат, Дүйсен, Тәжібай ағаларымыз Қатипаны Домалақ-ана дейтін.Қазақ артыңда жоқтаушың, іздеушің болсын деп армандамаушы мА еді. Балалары өсіп-жетіп, үйлі-баранды болып Қатипаның көңілін қуанышқа толтырды. Немере, немеренің артынан шөберелері толып (немересі 40-қа, шөберелері 30-ға жуық) балалардың күміс күлкісі мен қызық-қуанышы үлкен үйді толтырып жатты.

Көптің арасынан қайтіп бір ақыншықпасын. Ойы нұрға толы, сағыныш жыры мұңға толы бір немересі Атабай Махметұлы әжесіне мынадай өлең арнапты.

Әже, сені ойлап кейде оянам,

Дала көрем, көкшіл түске боянған.

Терезеден сені көрем алыста,

Ұрпағына сенім артып таянған.

Бәрі, бәрі баяғыдай есімде,

Манаураған күздің қою кешінде,

Жинап алып балаларға айтушы ең,

«Бостан-босқа мақтанбаңдар, есірме».

Ақылына құлақ салдық, есейдік,

Жасамадық, ел күлетін есерлік.

Талқаныңды сағынамыз тамсанып,

Тілің сенің ағып тұрған шешендік!

Сенің көзің тұрған анау ақсандық,

Көптен қолың тимегесін аңсадық.

Сені жиі есіне алып келеді,

Немере мен шөберелер сап құрып!

ҚАТИПА88 ҚАТИПА77

Шешесінің еңбегін кім ардақтамасын, ал, Қатипа туралы айтса таң атқаннан кешке дейін, кешкісін бастап таң атқанша айтуға болар еді.

Асыл ана, сүйікті әже, ардақты жан ешқашан ұмытылмайды. Балалары, немере-шөбере, шөпшектері бастарын иіп, Қатипаның аруағына тәжім етеді!

Ахмет Тоқсабаев