Ақтаулық ұстаздар Лондонда біліктілігін шыңдады

Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Тойбибі Шадкам мен биология пәні мұғалімі Алия Рысбекова Лондонда «CLIL» бағдарламасы бойынша екі апталық тағылымдамадан (стажировка) өтіп келді.

Биылғы жылдың 25-сәуірі мен 6 мамыры аралығында өткен шет елдік тағылымдама «Ұлыбританияның орта мектептерінде CLIL бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасу» тақырыбында Global Student center орталығында ұйымдастырылған.

-«CLIL» (Content and Language Integrated Learning) бағдарламасы үш тілде білім беретін мектептерде қолданылады. Бұл белгілі бір пәнге ағылшын тілін және басқа да пәндерді кіріктіріп оқыту арқылы жан-жақты білім беру. Біздер аталған бағдарлама бойынша білім беру жолдарын үйрендік, — дейді биология пәні мұғалімі Алия Рысбекова.

Біліктілікті арттырудың екінші аптасында ұстаздар Лондондағы жетекші мектептердің бірі қасиетті Мария Магдалина атындағы академияға барып, ондағы сабақ беру әдістерімен танысумен жалғасқан.

-Ағылшын тілін, биология, химия, физика пәндерін қатар меңгертуді көздейтін сабаққа қалай дайындалу керек? Ғылыми терминдерді қалай меңгерту қажет? Қалай баланы шаршатпай ақпаратты тез меңгерту керек? Осы сауалдарға жауап іздедік. Курс таза ағылшын тілінде жүрді. Өзіміз ағылшын тілінде өткізіп жүргендіктен тағылымдама қиын болған жоқ,дейді химия пәнінің мұғалімі Тойбибі Шадкам сапар туралы.

Шара нәтижесінде Қазақстан тарапынан барған ұстаздар дәріс барысында дайындаған жобаларын қорғаған.

Айта кетейік, тағылымдама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастыруымен жүзеге асты. Республикадағы барлық зияткерлік мектептерден 28 ұстаз кәсіби шеберлігін шыңдады.

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы