Ақтауда робототехникадан аймақтық олимпиада өтті

 

Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехникадан аймақтық олимпиада өтті. Маңғыстау облысында екінші рет өткізілген роботтар сайысына 47 команда (әр командадан 2 оқушы) қатысты.img_4452

Олимпиаданың басты  мақсаты – нақты ғылымдарға қызыққан оқушылардың қауымдастығын құрып, өзара шығармашылық байланыс орнату, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту, жоғары технология және инновация саласына қызығушылықты арттыру, болашақ мамандықты таңдаудағы пәнаралық байланысты нығайту, робототехника бойынша мұғалімдердің кәсіби дамуын,  сондай-ақ робототехникалық жүйені құру бойынша ғылым және техника саласына назар аудару, қазіргі замандағы ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту.img_9659

Жарыс төрт категория, яғни, негізгі, шығармашылық, роботтар футболы және еркін категория бойынша өтті.img_9917

  • Облыстық олимпиаданың былтырғы жарыстан бірнеше ерекшелігі бар. Өлкемізде жарысқа қатысып отыған орта мектептер саны былтырғыға қарағанда көп. Десе де, зияткерлік мектептен қатысушылар басым. Сонымен қатар, биылғы жарыс категорияларына тағы бір категория қосылды. Бұл «еркін категория» деп аталды. Аталған категория орта мектептегі, орталықтардағы оқушылардың робототехникаға қызығушылығын ояту мақсатында енгізіліп отыр, — дейді олимпиаданың бас төрешісі Алқуат Казиев.img_9812

Жарыс нәтижесінде  негізгі категория  бойынша, негізгі топта «HitechNIS» командасындағы Сағынбек Талғатұлы мен Әмірбек Сағызбаев (Ақтау НЗМ), үлкен топта «Kazcomet» командасының мүшелері Арман Жұмахан мен Жандос Махмутов (Ақтау НЗМ)  жеңіске жетті. Ал шығармашылық санатында орта топта «EcoBot-2017» командасының мүшелері Арман Амантайұлы және Асқар Ғаламмадин (Ақтау НЗМ), үлкен топта Айжұлдыз Надирханова мен Гүлден Амантаева («Кибер Шкипер» командасы, Ақтау НЗМ) бірінші орынға ие болды. Ал роботтар футболында «TEAM of CABIA» командасындағы Бекзат Мұстафа мен Нұрберді Мырзабай (Ақтау НЗМ) жеңімпаз атанды. Еркін категориядағы «Сумо роботтар шайқасында» «Iota» командасының мүшелері Жадырасын Шұғаев пен Дархан Оңғарбаев (Жаңаөзен БИЛ) роботтары бірінші орынға лайық деп танылды. «Кегельрингте» бірінші орынға «Тапқырлар» командасындағы Бегарыс Досчанов пен Бердаулет Қайырбаев (Оқушылар шығармашылық үйі) ие болды. «Траектория» сайысында бірінші орын «Roboland» командасындағы Хазрет Өнербай мен Рамазан Алашевқа (Ақшұқыр мектеп лицейі) бұйырды.img_9673

Айта кетейік, робототехника байқауы World Robot Olympiad (WRO) ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап ұйымдастырылады. Ұйымның Қазақстандағы ұлттық операторы – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы. Осыған байланысты жыл сайын республиканың түкпір-түкпіріндегі жас таланттар робот құрастырудан жарысады. Жарыс Маңғыстау облысы бойынша биыл екінші рет өткізілді. Аймақтық олимпиадада негізгі, шығармашылық және футбол категорияларында І-орынға ие болған оқушылар, маусым айында EXPO-2017 көрмесінде республикалық WRO-олимпиадасында бақ сынайды деп жоспарлануда. Бұл жерде жеңіске жеткен команда ұлттық құрамаға ілініп, дүнижүзілік робот олимпиадасына қатысады. Биыл дүниежүзілік олимпиада қараша айында Коста-Рика қаласында өтеді.

Айман Оңғарбайқызы