Ақтаңдақтар ақиқаты қылқаламмен…

Мың өліп, мың тірілген қайсар рухты қазақ халқының басынан кешпегені жоқ. Тағдырдың талай теперішін көрген текті қазақтың бетке ұстар азаматтарын да, қараша халқын да қойша қырған Кеңес Үкіметінің қолдан жасаған ашаршылығы мен саяси қуғын- сүргіні ұрпақ жадынан өшпек емес. Ата-бабасының ауыр тағдырын ұмытпау ұрпағына көп шүкір айтуға бастайтыны ақиқат. Ал тарихтағы ақтаңдақтар ақиқатын жеткізудің түрлі жолы бар. Соның ең озығы — бейне мен сурет арқылы насихаттау.

Осы мақсатта өткен аптаның соңында ҚР Ұлттық музейінде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрме ашылды. Маусымның ортасына дейін жалғасатын көрмеге заманауи суретшілеріміз Сырлыбек Бекботаев, Алмагүл Меңлібаева мен Айнұр Сәденовалардың таңдаулы жұмыстары қойылған. Көрмеден олардың ГУЛАГ, АЛЖИР, ҚарЛаг және өзге де аты мәшһүр азап лагерьлеріндегі миллионнан астам тағдырға арналған заманауи көркемөнер арқылы сипатталған туындыларын тамашалауға болады. Аталған көрмеге бара қалсаңыз, «Сылдырмақ», яғни қазақ бесігінің үлкейтілген нұсқасын көруге болады. Бұдан екі жыл бұрын жасалған ғажап туындының авторы С.Бекботаев аталмыш жұмысы туралы былай деп баяндады:

— Бесік — қазақ халқының сан ғасырлардан бері маңызын жоймай келе жатқан, тұрақты тұтынатын дүниесі. Бұл нұсқаға қарап, әркім әрқалай ой айтуы мүмкін. Іздей берсең, қыры мен сыры көп. Ал көрмеге қоюдағы басты мақсатым — бесік кешегі жазықсыз жапа шеккен құрбандарымыздан кейін босап қалса да, елімізге ауып келген талай ұлтты тербеткен мұрамыз.

IMG_0025  IMG_0023

Айта кетейік, «Сылдырмақ» Айнұр Сәденованың «Аналар зираты» аталатын жұмысымен үндескен. Ал Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев секілді Алаш ардақтыларының суреттер топтамасына «қызыл фильтрді» пайдалануының мәнісін С.Бекботаев өткен мен бүгіннің байланысы болған зиялы қауым өкілдеріне жасалған қастандық деп түсіндірді. Әкесінен 17 жасында көз жазып қалған Зиба Сұлтанбекқызы Қожанованың қызы Светлана бүгінде ел анасы жасындағы қария. Ұйымдастырушыларға алғысын білдірген қарт ана атасы С.Қожанов жөнінде тоқтала кетті:

 — Осындай көрме ұйымдастырып, қуғын-сүргінге ұшыраған арда азаматтарымызды ұмытпай, ұлықтап жатқан азаматтарымызға мың алғыс! Зорлық, зұлым жығылар, жылдар келер, Азат, күшті, алып жұрт күтер, білер. Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп, Сендерді айтып, адал көз жасын төгер, — деп жырлаған С.Қожанов — менің анамның әкесі. Әжеміз Гүләндам «Халық жауының әйелі» деп ҚарЛагта 11 жыл қой баққан. Ол бақуатты отбасынан шыққан, ал атамыз кедей отбасында өскен. Сұлтанбек атамызды әжеміздің туысқандары менсінбей, алғашында олардың бас қосуына қарсы болған екен. Дегенмен, екеуі де ештеңеге қарамай бірін-бірі шын сүйіп, өмірлерінің соңына дейін Гүлеке, Сұлтеке деп кеткен.

Солақай саясат қанша қыспаққа алса да мойымай, қарсы тұрған С.Қожановтың және басқа да «Халық жауы» деген айып тағылып атылған Алаш қайраткерлерінің, зиялыларының қазақ жұртына деген еңбегі өлшеусіз. Ал музейдегі игі шара, үлгілі көрме солардың соқпағы көп тағдырларынан сыр шертеді десек, тарихтағы қаралы жылдардың заманауи сипаттағы көрінісі 15 маусымға дейін халық назарына ұсынылмақ.

Ермұрат Шопан