Ақсақалдар бата беруден жарысты

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барғанда ақсақалдардың қоғамдағы рөлі туралы: «Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген сөз содан қалған.
Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық», деп пікір білдірген болатын.
Жуалы ауданында ақсақалдар арасында өткен «Ақ бата» байқауынан біз Мемлекет басшысы атап өткен даналықты аңғардық. Аталған байқаудың өтуіне бірден-бір мұрындық болып отырған да облыстық ардагерлер кеңесі және аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесі. Бата беру байқауы басталмас бұрын аудан ардагерлері және облыстан келген қонақтар даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.
Бұл байқауға әрбір ауылдық округтен бір-бірден 14 үміткер қатысып, «Достық» мәдениет үйіне жиналған жұртшылыққа бата беріп, халықтық салт-дәстүрден көрініс көрсетіп, сайысқа түсті. Бұл сайыс «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезеңнен тұрды. Алдын ала жасақталған қазылар алқасы батагөйлер беретін батаның ой тереңдігі мен мазмұнына, сахна мәдениетімен қатар, батаның берілу шарттарына да баса назар аударды.
Бірінші кезеңде үміткерлерге ел ішінде кең таралған баталарды жатқа айту міндеттелді. Жетітөбелік Ш.Қожаназаров белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың батасын берсе, екінші үміткер Ербол Помашев (Көкбастау ауылдық округі) Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына айтқанын жатқа айтты. Осылайша, қариялар Төле би, Әйтеке би, Жамбыл ақынның және Кенен Әзірбаевтің, Үмбетәлі ақынның, сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың және батыр Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның ел-жұртқа және жеке адамдарға арнап берген баталарын жатқа айтты.
Сонымен, «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Билікөл ауылдық округінің атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбековке берілді. Батагөйлер байқауының бірінші жүлдесі Шақпақ ауылдық округінің намысын қорғаған Дәулетжан Байдалиевке берілді. Екінші жүлделі орын Б.Момышұлы ауылы және Жетітөбе ауылдық округінен қатысқан үміткерлер – Мұратқали Рахметов және Шарханбек Қожаназаровқа, үшінші орынның жүлделері – Ақсай ауылдық округінен келген батагөй Аманжол қажы Дүрәліұлына және қарасаздық қария Оңғарбек Қорғанбайға берілді.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, аталған ұйымның жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов құттықтап, сөз сөйледі. Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова салтанатты жағдайда марапаттап, батагөйлер байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы