МАҢҒЫСТАУДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ 2,5 ЕСЕГЕ ДЕЙІН ӨСТІ
Бұрын ауылдағы бас маман айына 89 мың теңге алса, қазір 166 мың алады. Ал, облыстағы бас маманның жалақысы 235 мыңға жетті. Бұл мемлекеттік қызметке деген көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Мәселен, былтыр бір орынға 2 үміткерден келсе, қазір 16 маман өтініш берген. «Факторлы-баллдық шкала негізінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік», — дейді мамандар. Ринат Шамуханов 5 жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді. Ол қазір ауыл әкімдігінде бас маман. Бұрын айлығы шайлығына жетпейтін. Жалақысы өскелі қаражат жинап, отбасын құруды жоспарлап жүр. Ринат Шамуханов, бас маман: — Өте үлкен көмек болды. Себебі, 67 мың теңге өмір сүруге жетеді бірақ, аз. Ал, 163 мың теңге қыдыруыма, кинотеатрға баруыма, өзіме қажетті нәрселерді салып алуыма толық жетеді. Айлықтың көтеруілуі талапты да арттырды. Бізден үлкен нәтижелер күтеді. Жалақы көбейген соң, талап та күшейді. Бәсекелестік артты. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жоғарылады. Былтыр көрсетілген қызмет түрі 500 мыңнан асса, биыл бұл көрсеткіш 2 млн-ға жетті. Шағымдар 4 есеге азайды. Маңғыстау — еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізген алғашқы өңір. Жергілікті бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлініп, пилоттық жоба жыл басында іске қосылды. Нәтижесінде, барлық деңгейдегі әкімдіктерде қызмет оңтайландырылды. Әсел Балманова, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары: — 24 басшы орындаушы лауазымына ауысты. Қайталанатын функцияларды зерделеп, қосалқы көмекші ретінде жүрген 84 азаматты қысқарттық. Нәтижесінде біз 50 млн. теңге ақша үнемдеп отырмыз. Оңтайландыру жүргізу арқылы әр ұйымды қосу, біріктіру арқылы 4 млрд-қа жетті. Облыста 1285 мемлекеттік қызметші бар. Әрқайсысының жеке жоспары бекіген. Оны орындаған маманға жылына бір рет бонус төленеді. Ол шамамен 4 және 10 айлық көлеміндегі жалақы. Нұргүл Жанназарова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы: — Жаңа жалақы жүйесі ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа бармауына жол ашты. Себебі, қазір материалдық тұрғыда олардың айлығы өскеннен кейін, департамент жемқорлыққа қарсы профилактика шараларын жүргізеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері едәуір азайды деп айтуға болады. Алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайы назарда болмақ. Енді оларды баспанамен қамтуға аса көңіл бөлінеді.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ