НАҒЫЗ ПАТРИОТ – ЕЛ НАМЫСЫН БИІКТЕТКЕН АЗАМАТ

 

Патриотизм – туған жерді сүю, елге адал қызмет ету, оның абыройы мен беделін арттыру. Бұл ұғымның мәні уақыт өткен сайын жаңарып, мазмұны тереңдей түседі. Бұрын Отан қорғау, ел шетін жаудан сақтау, жер тұтастығын сақтау патриотизмнің басты өлшемі болса, бүгінгі заманда оның аясы әлдеқайда кеңейді. Қазір елін сүйген азамат білімде де, ғылымда да, мәдениет пен спортта да өз мүмкіндігін сарқа пайдаланып, Қазақстанның атын әлемге танытуға ұмтылады. Өйткені патриотизм – жүректегі сезім ғана емес, нақты іспен дәлелденетін азаматтық ұстаным. Бүгінде Қазақстанның көк байрағын халықаралық жарыстарда желбіретіп, әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген әскери спортшылар – осындай заманауи патриотизмнің жарқын үлгісі. Олар үшін жеңіс тек жеке жетістік емес, туған елінің мерейін үстем ету, мемлекеттік рәміздерімізді биікте желбірету. Әрбір жеңісінің артында маңдай тер, табандылық, тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілік жатыр.

Мәселен, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының атынан сынға түскен сержант Әсем Орынбай Қазақстанға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына алғашқы жолдаманы жеңіп алды. Доха қаласында өткен стенд атудан әлем чемпионатында ол ел мерейін асқақтатып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Әйелдер арасындағы жекелей сайыстың іріктеу кезеңінде 125 нысананың 121-іне дәл тигізген Әсем қосымша атыс нәтижесінде финалға жолдама алды. Шешуші кезеңде 24 нысананың 20-сын атып түсіріп, үздік бестіктің қатарынан көрінді. Бұл көрсеткіш Қазақстан құрамасына алдағы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы лицензияны иеленуге жол ашты.Әлемдік додадағы бұл жетістік – спортшының жеке жеңісі ғана емес, ел спорты үшін маңызды белес. Олимпиада жолдамасын жеңіп алу – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз дайындықтың нәтижесі. Әсем Орынбайдың жетістігі жас спортшыларға жігер беріп, Қазақстанның әлемдік спорттағы әлеуетін тағы бір мәрте танытты.

Бұдан бөлек, Елордада өткен кураш күресінен ересектер арасындағы XV әлем чемпионатында да Қазақстан Қарулы күштерінің өкілдері ел намысын абыроймен қорғады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған халықаралық жарысқа 67 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы қатысып, әлемнің үздіктері өзара мықтыны анықтады. Осындай ауқымды бәсекеде Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері екі күміс медаль жеңіп алды. 120 келіден жоғары салмақта белдескен кіші сержант Ғалымжан Қырықбай финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Шешуші белдесуде Өзбекстан балуаны Бекмурод Олтибаевқа жол бергенімен, жарыс барысында жоғары шеберлік пен қайсарлық танытты.

Ал әскери қызметші Зарина Сәріпова 63 келіге дейінгі салмақта күміс медаль еншіледі. Ол финалға дейінгі жолда Үндістан өкілі Гунджан Тахур мен Иран балуаны Пардиc Ейдивандиден басым түсіп, шешуші белдесуде Тайбэй спортшысы Ли Ван Тинге есе жіберді. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Ғалымжан Қырықбай үшін бұл жарыс үлкен тәжірибе алаңы болғанын айтады. Оның сөзінше, кураш күресі қазақ күресіне ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан мұндай халықаралық бәсекелер спортшының шеберлігін шыңдап, жаңа белестерге ұмтылуына мүмкіндік береді. Бұл ретте бір жайтты айрықша атап өткен жөн: әлемдік аренада ел намысын қорғау үшін міндетті түрде алтын медаль алу шарт емес. Жеңіске деген жігер, соңына дейін күресу, қарсыласыңды құрметтей отырып, өз еліңнің абыройын қорғау – спортшының азаматтық болмысын танытатын қасиеттер. Ғалымжан мен Заринаның күміс жүлделері де осы еңбектің, табандылықтың жемісі.

Әскери спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері мұнымен шектелмейді. Латвия астанасы Ригада өткен кір тасын көтеруден әлем чемпионатында Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Руслан Азат қола жүлдеге қол жеткізді.

Халықаралық кір тасын көтеру спорты одағының қолдауымен ұйымдастырылған әлем біріншілігіне әртүрлі жас санатындағы спортшылар қатысты. Жарыс бағдарламасына серпе көтеру, жұлқа көтеру, ұзақ циклаға серпе көтеру және эстафета сынды дисциплиналар енгізілді. Ересектер арасындағы жекелей сында серпе көтеруден бақ сынаған Қазақстан Республикасының спорт шебері Руслан Азат үшінші орыннан көрініп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жас курсанттың бұл жетістігі де кездейсоқ нәтиже емес. Оның артында күнделікті жаттығу, өз-өзіне деген талап, тәртіп пен жеңіске деген сенім бар. Бір жағынан, Русланның жеңісі әскери білім алып жүрген жастардың тек кәсіби даярлықпен шектелмей, спортта да жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын көрсетеді. Екінші жағынан, әскери оқу орындарында шынығып жатқан жас буынның бойында қайсарлық, төзімділік пен жауапкершілік секілді қасиеттердің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Былай қарап тұрсаңыз, осы үш спортшының жетістігін байланыстыратын ортақ бір қасиет бар. Ол – елге деген сүйіспеншілікті нақты іспен көрсету. Әсем Орынбай Олимпиада жолдамасын жеңіп алып, Қазақстан спортының жаңа белесін ашса, Ғалымжан Қырықбай мен Зарина Сәріпова әлем чемпионатында ел қоржынына күміс медаль салды. Ал Руслан Азат әлемдік додада қола жүлдеге ие болып, әскери спорттың әлеуетін танытты. Әрқайсысының бағыты бөлек болғанымен, мақсаттары бір – Қазақстанның мерейін үстем ету. Патриотизмді тек мерекелік жиындарда айтылатын әдемі сөздермен немесе ұрандармен өлшеуге болмайды. Нағыз отаншылдық – өз ісіңе адал болу, алдыңа қойған мақсатыңа табандылықпен жету, қоғамға пайдаңды тигізу екенін бүгінгі жастар түсінуі керек. Біреу ел экономикасын өркендетсе, енді бірі ғылымда жаңалық ашады, тағы бірі ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиелейді. Ал спортшыларымыз халықаралық жарыстарда көк туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқатуға күш салады. Әскери спортшылардың жетістігі осы тұрғыдан алғанда ерекше мәнге ие. Себебі олар спорттық жарыстарда ғана емес, күнделікті әскери қызметінде де тәртіп пен жауапкершілікті ту етіп ұстайды. Отан алдындағы борыш пен спорттағы бәсекені қатар алып жүрген мұндай азаматтар жас ұрпаққа үлгі болуға әбден лайық.

PS: Бүгінгі жастарға патриот болу үшін міндетті түрде ерлік жасау керек деп түсінудің қажеті жоқ. Өз саласының үздігі болуға ұмтылу, елінің абыройын ойлау, туған жерінің дамуына үлес қосу – патриотизмнің заманауи көрінісі. Әлемдік аренада Қазақстанның атын танытып жүрген Әсем, Ғалымжан, Зарина мен Руслан – осының айқын дәлелі. Біз осындай азаматтарымызбен мақтануымыз керек. Өйткені олар жеңіс тұғырында тұрып, тек өз жетістігін ғана емес, тұтас елдің үміті мен рухын арқалап жүреді. Олардың әрбір медалі – маңдай тердің өтеуі, әрбір жеңісі – Қазақстанның мерейі. Ендеше, қазіргі заманның патриоттары дегенде, туған елінің туын биікке көтеріп, абыройын асқақтатып жүрген осындай азаматтарды айтуымыз керек. Олар – біздің мақтанышымыз!

 

Елқуат Елтөре