«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: шетелдік БАҚ Қазақстанның инфрақұрылымға инвестиция салу тәжірибесі туралы
Еуропалық EU Reporter басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына арналған «Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттыруда» атты мақала жарияланды. Автор Ұлттық қордан мектептер, ауруханалар және жолдар құрылысына шамамен 6,5 трлн теңге бөлу туралы шешімді қарастыра отырып, Қазақстанның мемлекеттік жинақ қаражатын пайдалануға қатысты тәсілін халықаралық тәжірибесімен салыстырады. Сондай-ақ әлеуметтік инвестициялардың ұзақмерзімді тиімділігіне және осы тәжірибені өзге елдерде қолдану мүмкіндіктеріне назар аударады.
[https://www.eureporter.co/kazakhstan-2/2026/11/17/build-build-once-again-kazakhstan-accelerates-infrastructure-development/](<https://www.eureporter.co/kazakhstan-2/2026/11/17/build-build-once-again-kazakhstan-accelerates-infrastructure-development/?utm_source=chatgpt.com>)
Қазақстанның ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шетелдік EU Reporter басылымындағы мақалаға арқау болды. «Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттыруда» атты мақалада мұнайдан түскен кірістің бір бөлігін халыққа ондаған жыл бойы қызмет ететін нысандар салуға бағыттау туралы шешім қарастырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылға арналған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады. Оған мұнай кірістері жинақталатын Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдар салынады.
Мақалада соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны 2 миллионнан астам адамға өскені атап өтіледі. Қалалар кеңейіп, жаңа тұрғын алаптарына жас отбасылар қоныстануда. Соның нәтижесінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарына деген сұраныс қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндігінен асып түсіп отыр.
Мұндай жағдайда инвестиция салуды кешеуілдету қордаланған мәселелерді шешуге жұмсалатын болашақ шығындарды одан әрі арттырады. Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін инфрақұрылымды дамытуға бағыттау арқылы Қазақстан ұзақмерзімді өсімнің негізін қалайды. Осылайша, келешек ұрпаққа қаржылық жинақтармен қатар заманауи мектептер, балабақшалар, стадиондар мен медициналық нысандар, өмір сүруге қолайлы ел қалдыруға мүмкіндік туады.
Басылым халықаралық тәжірибе ретінде Индонезияны мысалға келтіреді. Бұл елде білім беру саласына мемлекеттік инвестиция салу балалардың мектепке қолжетімділігін арттырған. Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Эстер Дюфлоның кейінгі зерттеуі әрбір 1000 балаға шаққанда қосымша салынған бір мектеп білім деңгейін көтеріп, ересек жастағы табысты 1,5–2,7%-ға арттырғанын көрсетті. Қазақстанның бағдарламасы үшін бұл тәжірибе білімге салынған инвестицияның қайтарымын көрсететін мысал ретінде маңызды.
Екінші мысал ретінде Норвегия тәжірибесі келтіріледі. Бұл елдің бюджет қағидаларына сәйкес, мемлекеттік шығыстарды дербес қордың күтілетін нақты кірістілігі шегінде қаржыландыруға болады. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 3%-ды құрайды.
Мақалада сондай-ақ экономист Теренс Хоның Қазақстандағы балаларға арналған жинақ шоттары туралы The Straits Times сингапурлық басылымында жарияланған мақаласы аталады. Автор оларды мұнай кірісін балалардың болашағын дамытуға бағыттау тетігі ретінде қарастырған. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы да осы мақсатты көздейді, алайда басқа құралды пайдаланады: мұнай кірісінің бір бөлігін инфрақұрылым салуға бағыттайды.
Жаңа бағдарлама бұған дейінгі мемлекеттік инвестициялардың жалғасы саналады. Соңғы жеті жылда Қазақстан әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге бөлген. Оның ішінде 33,2 трлн теңге білім беруге, 15,5 трлн теңге денсаулық сақтау саласына бағытталған. Қалалар мен ауылдық жерлерде мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру да басталып кетті: алғашқы кезеңде құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Аталған жобалар жаңа білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, мәдениет пен спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдар салуды көздейді.
Жарияланымда Қазақстан тәжірибесі белгілі бір көлемде жинақ қоры бар мемлекеттер үшін үлгі бола алатыны атап өтіледі. Автордың пайымдауынша, мұндай тәсілдің мәні – қор қаражатын қазіргі және келешек ұрпақ пайдаланатын инфрақұрылымды дамытуға бағыттау. Ал бұл инвестициялардың нәтижесі халықтың мектептерге, медициналық мекемелерге және жолдарға ұзақ жылдар бойы қол жеткізуінен көрінеді.
